АТЫРАУ-ХЬЮСТОН – ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҚАДАМЫ

Қазақстанның мұнайлы астанасына баланған Атырау қаласының жергілікті басқару органы – қалалық әкімдік соңғы жылдары сыртқы саясатта елеулі маңызға ие болатын және аймақ экономикасы үшін инвестициялық қолайлы ахуал қалыптастыруға, әріптестердің практикалық қызығушылығын туғызуға септесетін байланыстарға ерекше маңыз беріп келеді. Қалалық әкімдік бұған дейін Ресейдің Железноводск, Магнитогорск, Әзірбайжанның Ширван, алыстағы Шотландия елінің Абердин қалаларымен өзара ынтымақтастық қарым-қатынас орнатып үлгерген-ді. Алыс-жақын шетелдермен мұндай байланыстардың алыс-беріс пен барыс-келіске даңғыл жол ашары сөзсіз.

Мамыр айының 1-і мен 6-ы күндері аралығында шаһар басшысы Нұрлыбек Ожаев бастаған ресми делегация экономиканы әртараптандыру тәжірибесін зерделеу үшін АҚШ-тың «мұнайлы астанасы» – Хьюстон қаласына барып келді. Хьюстон мэрі Аннис Паркер мен Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев қол қойған қалалар арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум сапардың басты қорытындысына айналды. Бизнес пен халықаралық сауда саласы бойынша көшбасшы ретінде танылған Атырау мен Хьюстон қалалары жаңа идеяларды дамыту мен ілгерілету үшін жағдай жасауға елеулі ықпал етеді. Себебі, Дүниежүзілік энергетикалық қалалар серіктестігі ұйымына 2010 жылы мүшелікке қабылданған Атыраудың инвестициялық қуаты да, екі қаланың энергетика, білім беру, технология, денсаулық сақтау және мәдениет салаларын қамтитын әлеуеті де жоғары, мүмкіндігі де жеткілікті.

Өткен жылдың желтоқсанында Қазақстанның АҚШ-ғы елшісі Қайрат Омаров облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке Хьюстон қаласының экономиканы диверсификациялау тәжірибесін үйрену қажеттілігі туралы ұсынысын жолдаған еді. Осы ұсынысты қабыл алған аймақ басшысы мұхиттың ар жағына арнайы сапармен делегацияның барып-келуіне ұйытқы болды.

Сонау 1970 жылғы мұнай дағдарысына дейін мұнай секторының кірісі Хьюстон қаласы экономикасының 87 пайызын құрағаны белгілі. Ал, соңғы ширек ғасырда АҚШ мұнайының астанасының экономикасы негізінен денсаулық сақтау, ақпараттық технология мен аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға бағытталып отыр. Нәтижесінде Хьюстон бюджетіндегі мұнай секторына түсетін кіріс көлемі 40 пайызға дейін төмендеді.

Бұл сапарда атыраулық делегация жыл сайынғы Дүниежүзілік энергетикалық қалалар серіктестігі конференциясы жұмысына қатысты. Дүниежүзілік энергетикалық қалалар серіктестігі – осыдан жиырма жыл бұрын құрылған ұйым. Бүгінде аталған ұйымға АҚШ, Канада, Сауд Аравиясы, Шотландия, Норвегия, Дания, Бразилия сынды әлемнің 15 елінен 18 қала мүшелікке қабылданған. ТМД елдерінен Ресейдің Томск және Қазақстаннан тек Атырау қаласына мүше болу бақыты бұйырыпты.

Жақында аталмыш делегация құрамында болған Атырау қаласы әкімінің орынбасары Амантай Айтбаев, Атырау мұнай және газ институтының ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әли Әбішев және «Атырау Инновэйшнс» компаниясының директоры Азамат Асылбеков жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне осы сапардың қорытындылары туралы жан-жақты баяндап берді.

Амантай АЙТБАЕВ, қала әкімінің орынбасары:

– Дүниежүзілік энергетикалық қалалар серіктестігіне мүше қалалардың басты проблемалары – халықтың денсаулығын жақсарту, коммуникацияны жетілдіру үшін бірыңғай ақпараттық сайт құру, сол арқылы осы саланың жетістіктерімен қатар, өзекті мәселелері, өндірістік кадрлар дайындау, оларды өзара тағылымдамаларға жіберіп, кәсіби біліктіліктерін көтеру жайы Хьюстонда өткен конференцияның басты тақырыптарына айналды. Салиқалы басқосуда Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев өңірді дамытудағы негізгі бағыттарға тоқталды. Ол Теңіз бен Қашаған кен алаңдарын игеру, мұнай химиясы, мұнай-газ саласында машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, фармацевтика, құрылыс индустриясын дамыту және баламалы энергия көздерін пайдалану жөніндегі ұсыныстарын айтты.

Қол жеткен табыстар мемлекетіміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар нәтижесі екендігіне тоқталған Нұрлыбек Жұмахметұлы жеке сектор субъектілеріне мемлекеттік қолдау тетіктері мен қаржыландыру, инвесторлар құқықтарын қорғауға мемлекеттің толық кепіл бола алатындығы жөніндегі пікірлеріне Хьюстон конференциясы делегаттары қызығушылықтарын білдірді».

Амантай Айтбаевтың айтуынша, Қазақстанның АҚШ-ғы елшілігі ұйытқы болған Хьюстон қаласы мэрі Аннис Паркермен кездесу өте жоғары дәрежеде өтіпті. Мұнда Атырау мен Хьюстон қалаларының өзара ынтымақтастық байланыс орнату туралы меморандумға қол қойылды. Біздің делегацияның Хьюстон конференциясына қатысқан Шотландияның Абердин қаласының мэрі Джордж Адаммен, Норвегияның Ставангер қаласының мэрі Кристина Сагенмен, конгрессмендер Рэнди Уэбермен және Стив Стокманмен іскерлік кездесулер өткізуі аймақтың бас шаһарының әлеуетін бұрынғыдан да арттырып, шетелдің инвистицияларға кең жол ашады деген ойдамыз.

 Хьюстон мэрі Аннис Паркер осы кездесуден кейін қала әкімі Н.Ожаевтың атына өзінің ризашылығын айтып, жеделхатын жолдапты. Мэр екі қала арасында экономиканың түрлі салалары бойынша өзара түсіністік, ынтымақтастық, серіктестік байланыстың тұрақты орнығатындығына сенім білдіріпті.

 Азамат АСЫЛБЕКОВ, «Атырау Инновэйшнс» компаниясының директоры:

«Бұл сапардан үлкен әсермен оралдым. Мұнайлы өлкенің экономикалық және энергетикалық қуатынан серіктестерді хабардар етуге жұмыстандым. Конференцияның алғашқы күні аяқталысымен Техас штаты атынан қатысқан палата өкілдерінің мүшесі конгрессмен Рэнди Уэбермен іскерлік кездесуге қатыстым. Біз Атырау облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға Техас штатынан американдық компаниялардың да қатысуға мүмкіндігі бар екендігін конгрессмен қаперіне бердік.

Шынында да, біздің Хьюстоннан үйренетін нәрселеріміз баршылық. Үлкен Хьюстонның елді мекендер шоғырының жалпы ішкі өнімі алдыңғы жылы бес жүз млрд. доллардан асыпты. Бұл өңірде жылына 116 млн. тонна шикізат өңдейтін тоғыз мұнай өңдеу зауытының, химиялық және пластмасса бұйымдарын шығаратын жеті жүзден астам кәсіпорынның болуы таң қалдырады.

Хьюстонның технологиялық орталығындағы кездесуде біз инновациялық және ғылымды қажет ететін жобалар үшін сыртқы қаржыландыру көзін тарту мәселесі талқыланды. Осыдан он бес жыл бұрын құрылған бұл орталық қалалық технология және кәсіпкерлік орталығына, бизнес-инкубаторға айналған. Мұнда мұнай-газ секторының, медицинаның мұқтаждығы мен НАСА-ның аэроғарыш жобалары үшін бағдарламалық қамту жасап, дамытушы мыңнан астам компаниялар жұмыс істейді».

Делегация мүшесі А.Асылбековтің әңгімесінен ұққанымыздай, келіссөздер барысында Атыраудан инновациялық және жоғары технологиялық жобаларды қолдау үшін Houston Technology Center мен мемлекеттік Atyrau Innovations компаниясының бірлескен венчурлік қорын құру туралы алдын-ала келісімге қол жеткізілді. Сол сияқты, Atyrau Innovations компаниясы 2014 жылдың мамырынан бастап жұмыс істейді, активінде бес инвестициялық жоба, инновациялық гранттардың екі мақұлданған өтінімі және мемлекеттік-жеке серіктестік саласында екі жобасы бар.

Әли ӘБІШЕВ, Атырау мұнай және газ институтының ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

«Хьюстон университетінің президенті Рену Катормен кездесуіміз әсерлі әрі нәтижелі болды. Ол қалалардың жоғары білім беру жүйесі бойынша ынтымақтастығын қолдады. Еліміздің индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде ғылымның экономика саласы мен кадрлар дайындаумен байланысын қамтамасыз ету жүзеге асырылу тиіс. Хьюстон университетінің Мұнай инженерия институтымен ынтымақтастық туралы келісім-шартқа қол қойдық. Алдын-ала үш мәселені талқыладық. Біріншіден, бұл университеттің профессорлары мен оқытушылары Атырауға келіп, біздің болашақ мұнай-газ саласы кадрларына дәріс береді. Екіншіден, институттың алғашқы екі курсын бітірген оқу үздіктері мен озаттарының Хьюстон университетіне барып, оқуын аяқтауларына мүмкіндік беріледі. Оқу бітірген соң оларға отандық және американдық қос диплом беріледі. Оларды біздің институт қаржыландырады. Жеке өз ақшасымен оқитындарға да шектеу қойылмайды. Үшіншіден, студенттердің біріккен мобильділік бағдарламасы жасалады, яғни, үш айлық, жарты жылдық, жылдық алмасулар жүзеге асырылады.

Бүгінгі таңда біздің студенттеріміз Мәскеудің, Уфаның, Пекиннің, Глазгоның университеттерінде оқуларын жалғастыруда. Шетелдердің ЖОО-нда  талап өте жоғары. Мен АҚШ-ғы жоғары оқу орындарымен 1993 жылдан бері тығыз байланыстағы адаммын. Ал, мұхиттың ар жағында білім алу кез-келгеннің маңдайына жазылмайтын бақ. Біздің студенттеріміздің, Тәуелсіз Қазақстанның болашақ маман-кадрларының, білім деңгейлері бәсекеге қабілетті, халықаралық талапқа сай болуы керек. Мен қала әкімінің бізге осындай жемісті сапар ұйымдастырудағы қызметіне ризашылығымды білдіргім келеді».

 Хьюстон сапарынан оралған делегация мүшелері журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.

 

Бақытжан ЖҰМАТ.

Суреттерде:  Хьюстондағы кездесуден көрініс.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз