Алыс жол алғашқы қадамнан басталады

6c27b658 e216 4a63 a061 ef7c6ee875cc Жаңалықтар

Атырауда өткен халықаралық бизнес-форум«Арманда» деп аталды. Шараға психология ғылымдарының кандидаты, Президенттің теле-радиокешені кеңесшісі, танымал медиаменеджер және продюсер Арман Давлетяров, елге белгілі айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Ислам Байрамуков қатысып, жастарға өздерінің өмірлік тәжірибелері, жетістіктерінің сырымен бөлісіп, көпшілік алдында өз ойын ашық жеткізе алу, ата-анаға, елге құрмет туралы әңгімеледі.

М.Асаубаева атындағы креатив орталығында ұйымдастырылған форумға жиналғандардың қарасы көп болды. Басым көпшілігі – оқытушылар мен студент жастар. Олар шара спикерлеріне «WhatsApp» желісі арқылы көкейде жүрген сауалдарын қойып, пікір алмасты.

8bf603a6 6de7 4ccc a395 05d705371ccc

Көпшілік ортада сөз сөйлеу мәдениеті, жалпы шешендік өнер туралы айтқан Жандарбек Бұлғақов бүгінгі өскелең ұрпақтың ел алдында еркін сөйлеуде қиналып жататынын жеткізді.

–Сөз өнері қазақ халқына жат емес еді, бірақ кейінгі кезде заман ағымына байланысты әдеби шежірелі кітаптарымыз тасада қалып, негізгі құндылықтарымыз басқа арнаға бұрылды. Мұхиттың арғы жағындағы мықты эксперттер бала тәрбиесіне, оның тұлға болып қалыптасуына, сөз өнеріне қатысты құнды ақпараттарды біздің елде кітап етіп бастырып немесе баспасөз беттерінде жариялайды. Оны біздің мамандар қазақ тіліне аударып нарыққа ұсынуда. 

Шындығында, осы дүниелердің барлығы біздің ұлттық менталитетімізге келе бермеуі мүмкін. Қазақтың өзіне тән ұлттық болмысы бар. Шетелді былай қойып, батыс пен оңтүстіктің қазағының өзін сөйлеттіріп жіберудің өзі қиын. Жалпы, адам баласының бойында жаратылысынан берілген әртүрлі фобиялар болуы мүмкін. Біреу тереңдіктен, біреу биіктіктен қорқады. Сондай көп қорқыныштың бірі – әлем ғалымдарының зерттеуі бойынша топ бестіктің қатарында тұрған осы көпшілік алдында сөйлеу өнері.

2019 жылы «Google»-ден бір күнде 20 миллионға жуық адам көпшілік алдында сөз сөйлеу туралы ақпараттар іздеген. Кішкентай балаларды былай қойғанда қазір мемлекеттік қызметшілерге қойылатын басты талаптың бірі – халықпен тығыз байланыс орнатып, тілдесу, – деді жас ақын. 

Ол сонымен қатар адамдар әлеуметтік желіде пікір білдіргенде алдымен мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп алудың қажеттілігін, тіпті сөздің адам тағдырына да әсер ететіндіктен айтылатын әр сөзге абай болуға шақырды. «Жақсы сөз – жарым ырыс»демекші, бала қателігіне ұрсып-жекігенде айтылатын сөзді де ертеректегі ата-әжелерміз секілді «көгергір!», «көбейгір!», «бар бол!», «бай бол!» деп жақсылықпен астастыру қажеттігін атап өтті. 

Форумда өздерінің өмір жолдарында ұстанған басты принциптер мен жетістіктерінің сыры туралы айтқан А.Давлетяров пен И.Байрамуков те жастарды үлкенді сыйлап, кішіге құрмет көрсету секілді адамгершілік қасиеттерге үндеп, адам өміріндегі білім мен спорттың маңызына тоқталды. 

dfed3322 122d 4498 a509 137d6a61128b

–Мен қазір Мәскеуден келіп тұрмын. Оренбургте туып-өскенмін. Ресейге 15 жасымда білім іздеп бардым.  Осы 53 жасқа келгенде өмірден түйгенім, адамның бақытты болуы үшін денсаулық, қарым-қатынас пен жетістік қажет. Ал, мұның бірі болмаса онда адам өзін толық бақытты сезіне алмас еді. Мәселен, сізде ақша болып тұрып денсаулығың болмаса оның маңызы қанша. Мен қазақтың қарапайым баласымын. «Бұлай жүре берме, отбасын құрып, ұрпақ сүй» деп маған өмірлік жар таңдап, үйленуіме себепші болған анам. Анамның шешіміне қарсы тұра алмадым, өйткені оны ренжіткім келмеді. Ал, қазір анама қарсы келмегеніме қуанамын, бес балалы бақытты жанұямыз. Бүгінгі жастарды да ата-ананы сыйлауға, ақылына құлақ түруге шақырамын. 

Қарапайым ауылда тракторшы мен сауыншының отбасында өмірге келіп, арман-мақсаттарыммен шетел астым. Сенің жетістікке жетуіңе әке-шешенің материалдық жағдайының қатысы жоқ. Ол адамныңөзіне байланысты. Сондықтан білімге ұмтылыңыздар. Адамдардан естіген жеке пікірлерді жинақтай келе әр аймақта осындай «Арманда» деп аталатын форум өткізіп, бағыт-бағдар іздеп жүрген адамдарға өз білгенімізді түсіндіруді жөн көрдік. Біздің форумда бизнес бастау, психологиялық кеңестер, көпшілік алдында еркін сөйлеуден қысылмау, отбасы құндылығы сынды бірқатар тақырып қозғалады, – деді медиа индустрияның көрнекті өкілдерінің бірі А.Давлетяров.

0bb7e613 0813 43a9 9fa0 d3490335b99e

Белгілі продюсер жастармен табыстың құпиялары туралы бөлісті.  Сонымен қатар отбасылық құндылықтар, ар-ұждан мен әділеттілікті сақтай білу, шоу-бизнес әлемінде рухани қасиеттерді қалай жоғалтпау керектігі жайында айтты. Өзінің өмір жолы туралы әңгімеледі.

8bf603a6 6de7 4ccc a395 05d705371ccc 1

Атырауға ат басын бұрған қонақтар «Yemaa Space»заманауи орталығында әнсүйер жастармен, Нұрсая шағын ауданындағы №5 дарынды балаларға арналған мектеп интернат оқушылармен және облыстық тарихи-өлкетану музейінде болып жас ақындармен кездесу өткізді. 

Мәлике ҚУАНЫШЕВА 

Суретті түсірген Ә.ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз