“Atyrau Intellectual Youth”: Жастарға арналған жаңа білім алаңы
Атырау қаласында «Atyrau Intellectual Youth» жобасы аясында «4 QADAM» атты бір күндік оқыту курсы өтті. Жоба жастарды сыни ойлау, бейімделу дағдылары, шығармашылық ойлау және бастамашылдық сияқты маңызды бағыттар бойынша дамытуға бағытталған. Курстың басты мақсаты – жастардың интеллектуалды әлеуетін арттырып, олардың қоғамда белсенді рөл атқаруына ықпал ету.
Бұл іс-шарада қатысушыларға бірнеше маңызды дағды бойынша тренингтер ұсынылды. Сыни ойлау дағдыларын дамыту тақырыбы бойынша өткен тренингте Бақдәулет Өміртаев қатысушыларға терең әрі объективті талдау жасауды, әртүрлі көзқарастарды салыстыра отырып шешім қабылдауды үйретті. Бейімделу дағдыларын дамытуға арналған оқытуда Назерке Кусесова жастарды күрделі жағдайларға тез бейімделіп, өзгерістерге тиімді жауап беруге үйретті. Шығармашылық ойлау қабілетін ынталандыру тақырыбы бойынша Жасұлан Қайыров қатысушыларға жаңа идеяларды қалыптастыру мен оларды жүзеге асыру жолдарын көрсетті. Сонымен қатар, дербестік пен бастамашылдықты дамытуға арналған тренингті Әділет Сәбитов жүргізіп, жастарды көшбасшылық қасиеттерін арттыруға, өз жобаларын жүзеге асыруға шабыттандырды.
Жобаның ұйымдастырушысы – «Жеті Жарғы» қоғамдық қоры, ал жобаның қолдаушысы ретінде Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы атсалысты. Бұл бастама жастарды дамытуға арналған бірегей алаң болып, олардың қоғамға пайдалы тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
Курсқа қатысқан жастар тренингтерді жоғары бағалап, алған білімдерін күнделікті өмірде пайдалана алатындарын атап өтті. Олар өздеріне қажетті дағдыларды меңгеріп, тренерлермен ашық пікір алмасып, сұрақтарына жауап алды.
Жобаның болашақта да жастарды дамыту бағытында жаңа шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырғаны белгілі. Мұндай жобалар өңір жастарының білім деңгейін көтеріп, олардың қоғамға белсенді қатысуына ықпал етуде маңызды рөл атқарады.
Жайна МӘЛІМҚОЖА