«АТЫРАУ» ГАЗЕТІНІҢ ТІЛШІСІ БАЛЫҚШЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ БАЗЫНАСЫМЕН ТАНЫСТЫ (+фото)

img 20220315 wa0084 Жаңалықтар

АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ КӨШЕСІНДЕГІ №23, 23А ҮЙЛЕРІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ («БАЛЫҚШЫ» ШАҒЫНАУДАНЫ) ШАТЫРЛАРЫНАН СУ АҒЫП, СОНЫҢ САЛДАРЫНАН ПӘТЕРЛЕРІ БҮЛІНГЕНДІГІНЕ ШАҒЫМДАНЫП ОТЫР. ОЛАР БАСПАНАЛАРЫН «НҰРЛЫ ЖЕР» МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША АЛҒАН ЕКЕН. БАНКТЕН БІРНЕШЕ ЖЫЛҒА НЕСИЕ РЕСІМДЕГЕН. ОСЫЛАЙША, ЗОРҒА ДЕГЕНДЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗГЕН ҚОНЫСЖАЙЛАРЫ ЖАЙЛЫ БОЛМАЙ ШЫҚТЫ.

Проблемасы бастан асады

«Балықшы» шағынауданындағы бұл үйлерде 144 пəтер бар. Жапа шегіп отырғандардың дені – жоғарғы қабаттың тұрғындары. Техникалық қауіпсіздік талаптарына қайшы келсе де мұндағы халық үйдің төбесіне жиі-жиі шығуға мəжбүр. Алайда, олар жаңбыр мен еріген қардың суына тосқауыл бола алмай келеді. Екі жылға жуық уақыт өз беттерінше жұмыстанып көргенімен, онысынан нəтиже болмаған. Осы себепті бүгінде шарасыз күйде отыр. Тұрғындардың арыз-шағымын тыңдау, мəселесін тиісті орындарға жеткізу мақсатында мекен-жайда көрсетілген үйлерге арнайы бардық. Мұндағы лифт жиі істен шығады екен.

«Бұдан өзге де проблемамыз көп» дейді жұртшылық.

Байқағанымыз, кіреберісте қоқыстар шашылып жатыр. Жердегі кафельдер сынып, түсіп қалған. Ал, пəтер иелері кооперативінің ештеңемен шаруалары жоқ секілді.

– ПИК-тің екі жұмысшысы «шатырдың үстіне төсейтін қара қағаз, тағы да басқа қажетті заттарды алуымыз керек» деп келіп кетті. Учаске бастығы да «шығындарды есептеп, материал алып жатырмыз, жөндеп береміз» деген еді, содан бері хабар жоқ. Жасайтынын не жасамайтынын айтпайды. Жауаптары екіұшты, – дейді тұрғын Арайлым Қабдешова.

Үйдің төбесіне жиналған су ағып кететін темір тұрбаның аузы биік орнатылған болып шықты. Соның салдарынан жаңбыр мен қардың суы шатырасты бөлігіне ағады екен. Осы себепті халық жаңбыр жауса таңға дейін көз ілмей, тамшыға шелек тосып отыруға мəжбүр. №23 үйдің тұрғыны Гүлзира Қаршығақызы балконынан төмендегі пəтерге су кетіп, əбігерге түскендігін айтады.

– Біз қолымыздан келгеннің бəрін жасадық. Алайда, мүмкіндігіміз шектеулі. Əйтпесе ешкімге жалынбай жасап алар едік. Жұмыс күшін тапқанның өзінде оған қыруар қаражат керек. Орталық электр сымдарының жиналатын жерінен су кетіп тұр. Бұл адам өміріне қауіпті! – деді сұхбаттасушымыз.

Мұндағы пəтерлердің төбелері мен қабырғалары сарғайып кеткен. Ол жиі жөндеуді қажет етеді. Балкондағы жарық шамдары да істен шыққан. Жуынатын бөлмедегі жарық шамын ажыратқанмен ылғалдың əсерінен жыпылықтап жанып тұрады. Бұл пəтердің қаншалықты қауіпті жағдайда екендігін байқатса керек. Тұрғындар өздерінің мүмкіндігінше шатырдың үстіндегі тұрбаның айналасына силикон, көбік құйып, линолеум төсеп, қолдарынан келгенін жасаған. Ал, үйдің құрылысын жүргізген «Бəйтерек» ЖШС-нің кепілдік мерзімі өтіп кеткендіктен олар тұрғындарды аяғына отырғызар емес. Серіктестік бұрын да жөндеу жұмыстарын шала-шарпы жасағандығымен белгілі болған. Бұл үйлердегі тұрғындардың дені – бюджеттік қызметкерлер. «Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды» демекші, тұрғындар ауыз судың да қысымына көңілдері толмайды.

img 20220315 wa0078 1

«ПИК жауапты емес»

Қауіпсіздігіне алаңдаған жұрт Бірыңғай байланыс орталығына арыз жолдаған екен. Келген жауапта үйді күтіп-ұстауға жұмсалатын барлық шығындар мен үй-жайлардың сақталып, қауіпсіз пайдаланылуына тұрғындардың өздері жауапты екендігі айтылып, мəселе жылы жабылып қойылған. «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС басшысының орынбасары Айдын Төреханов ПИК-тің қызметіне тазалық, əктеу, сырлау жұмыстары жататындығын айтады.

– Əр пəтерден ай сайын 1000-1500 теңге аламыз, мүлдем ақша төлемейтін тұрғындар да бар. Сантехникке 80 мың, аула тазалаушыға 60 мың теңге төлейміз. Біздің құзыретімізге жатпаса да, түсіністік танытып, шатырды жөндетіп бергіміз келіп отыр. Бірақ, оны жасайтын мамандар керек. Шатырға шығып жұмыс істейтін арнайы мамандар болмай тұр, – деді Айдын Серікұлы.

  • Біз Атырау қалалық тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен мән-жайды білгенімізде, бұл жөнінде қалалық тұрғын үй инспекциясы бөліміне хабарласуымызды сұрады. Ал, ондағы мамандар ПИК өкілдерінің сөзін растап отыр. Соңғы жылдары ПИК құрылымының қызметі өзгеретіндігі айтылып жатыр. Сондықтан, осыны сылтауратып, тұрғындардың мәселесі тасада қалып қоймауы керек. Жергілікті басшылар «Балықшы» тұрындарының мәселесін назарға алып, істің ретке келуіне үлес қосар деп үміттенеміз.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

img 20220315 wa0081
img 20220315 wa0076
img 20220315 wa0077
img 20220315 wa0075
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз