АТЫРАУ гастарбайтерлер мекені ме?
Atr.kz/30 шілде, 2019 жыл. Жуырда құрбымның: «Жылдан жылға құрылысшылар мен жұмысшылардың қызмет ақысы қымбатсып барады. Ата-анамның үш бөлмелі пәтеріне жөндеу жүргізу үшін гастарбайтерлерді бір миллион (!) теңгеге жалдадық. Жұмысты бір айда аяқтауға уәде берді. Олар әпкемнің таныстары болғаннан кейін жеңілдік жасады. Ал, негізгі баға – бір миллион екі жүз мың теңгенің шамасында. Өзіміздің өрімдей жастарымыз жұмыс жоқ дейді» деген сауалы бәрімізге ой тастады.
Шынымен де, қазіргі таңда қазақтың кілемін қағып, үйін салып беретіндер де, анасы жұмысқа шықса сәбиіне күтуші болатындар да – өзге ұлттың өкілдері. Дәлірек айтсақ, өзбек пен қарақалпақ «әка», «апаларымыз». Бұл мәселе әлі де өзектілігін жоймай отыр. Әлде, мұнайлы астана гастарбайтерлердің мекеніне айналды ма?
Иә, тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан кейін халықтың тұрмысы түзеліп, жағдайы жақсара бастады. Құрылыс қарқыны, зауыт, кәсіпорындар қатары артты. Сонан соң бізге өзге елден нәпақа табушылар қатары да көбейді. Жалдамалы жұмысшылар құрылыс, әктеу, сырлау, үй салу, егін егу, жинау, мал бағуға кәдімгідей «бесаспап» болып алды. Бастапқыда жұмыс берушінің аз-мұз қаражатын қанағат тұтқан олардың жылдар өте келе қызмет ақысы да айтарлықтай қымбатсыды.
Күн жылына басталысымен өзбек, қарақалпақ ұлтының жалдамалы жұмысшыларына сұраныс тіптен көбейеді. Өйткені, қазір қала түгілі, ауылдағы құрылысшылардың дені – өзге ұлт өкілдері. Олар көше сыпыруға, басқа да «қара жұмысқа» еш арланбайды. Еңбегін өтесеңіз, бәрін білетін сыңай танытып, ойланбастан ісін бастап кетеді. Тіпті, мұндай көріністің қалыпты құбылысқа айналғаны соншалық, қазір оған таңданбайтын болдық.
Оның үстіне, жыл сайын олардың қатары көбеймесе, азаяр емес. Осылайша, гастарбайтерлер екі қолға бір күрек таппай қиналған қазақстандықтармен бәсекеге түседі. Себебі, шеттен келген жұмысшылар демпинг (арзан жұмыс қолы) күшінің арқасында жұмысты тезірек табады. Бұдан ішкі тұтыну сұранысы өспейді, сонымен қоса, өндірістік инвестицияларға салынатын салым көлемі де төмендейді.
Бәрінен бұрын, арзан жұмыс күшіне дағдыланып алған халық егінді суару секілді күнделікті жұмысқа да өзге еңбек күшін жалдайтын болды. Өкініштісі сол, кең даланы білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған ержүрек батырлардың ұрпағы жатыпішер жалқауға айналып барады.
Ата-анасының маңдай терімен тапқан ақысына ақылы негізде жоғары оқу орнын аяқтап, күректей дипломмен жұмыссыз жүргендер қанша? Ал, оларды тәжірибе жинақтап, еңбекке араласуға «Арнаулы автобазаға» немесе құрылысқа шақырып көріңізші?! Ешкім аяғын аттап баспайды, алдағы уақытта да бара қоюы қиынау. Ал, еңбекке икемсіз қызметкерді қай жұмыс беруші қолдайды?
Оның үстіне, қаладағы кәуапхана, ойын-сауық орындарының басым көпшілігінің иелері – өзге ұлт өкілдері. Олар тиыннан теңге құрап, еңбегінің арқасында пайдаға кенеліп жатыр. Асылында, оларға біздің елден ешкім дайын кәсіп ашып берген жоқ.
Біле білсеңіз, әлемдегі атақты миллиардерлер де кезінде өз ісін шағын кәсіптен бастаған. Еңбекқорлығының арқасында ғана биік шыңдарды бағындырған. Қазір де солай.
Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Болат Досқалиевтың айтуынша, қазір облыста 57 мыңға жуық шетелдіктер тіркелсе, оның жеті мыңнан астамы – алыс шетелдерден, елу мыңға жуығы ТМД елдерінен келгендер.
Сондай-ақ, 29 мыңға жуық мигрантқа көшіп келуге рұқсат берілген. Сегіз мыңнан астамының мерзімі ұзартылған. Мұнайлы астананы тұрақты мекені еткен 4147 шетелдік өңірімізде табысты еңбек етуде. Қызмет көрсету, сауда-саттық салаларын айтпағанның өзінде экономикамыздың қозғаушы күші саналатын «қара алтынды» өндіру, өңдеу кәсіпорындарында еңбек етіп жатқандардың арасында да өзге елден келгендер аз емес.
– Осыдан жиырма жыл бұрын құрылыс жұмыстарын жүргізуге Алматыға келіп едік. Сөйтіп, бірте-бірте үй салуға маманданып алдық. Тапсырыс та тұрақты болды. Әсіресе, жаз айларында жұмыс мүлде үзілмейтін. Мегаполисте құрылыс қарқын алған сәтте жалдамалы жұмысшылар да көбейді. Өзімізбен бірге келген кейбір жігіттер самса пісірумен айналысты, енді бірі бағбан, аула сыпырушы болды. Бір сөзбен айтқанда, барлық ауыр жұмыс мигранттардың еншісінде еді.
Сонан соң «бәсекелестеріміздің» қатары артқан соң Атырауға келдік. Біз жұмысты ауыр не жеңіл деп таңдамаймыз. Келісімді бағамен жұмыс істей береміз. Балаларымыз Нүкісте тұрады. Оларға ата-анамыз қарасады. Қазір жолдасым да маған әктеу, сырлауға көмектесіп, екеуміз бірге еңбек етеміз. Қыста жөндеу аз болғаннан кейін қызмет құны да төмендейді. Қазақстан тұрақтылық пен төзімділік тұрғысынан өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда жайлы ел, — дейді Қарақалпақстаннан келген
Надир есімді жалдамалы жұмысшы. Рас, мұнайлы өлкеден нәпақа іздеп келгендер көп. Шетелдіктерді айтпағанның өзінде еліміздің бірқатар аймағынан жұмыс тапқандар одан да көп. Олардың көпшілігі вахталық әдісті таңдайды. Аймақта шетелдіктер тарапынан болатын заңсыз көші-қонды болдырмау, әкімшілік құқықбұзушылықтың алдын-алуға бағытталған ісшаралар жоспарға сәйкес ұйымдастырылуда.
– Көші-қон заңдылықтарын бұзғаны үшін 2666 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 223-і ел аумағынан тысқары шығарылды. Қазақстан Республикасының көшіқон заңдылықтарын бұзған азаматтарға 17 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, — дейді Б.Досқалиев.
Ал, биыл екі түркіменстандық еліне барып төлқұжатын ауыстырып, қайта оралған. Сот қаулысымен бес жылға Қазақстан аумағынан шығарылса да, аймаққа заңсыз келген азамат пен азаматша анықталыпты. Оларға қайтадан айыппұл салынып, елден шығарылды.
Облыс орталығына құжатсыз жұмысқа орналасып алып, талай дау-дамай мен қылмысқа себепкер болғандар қаншама? Мұнайлы өңірде өндіріс орындары көптеп шоғырланғандықтан, компания қызметіне шетелдік жұмыс күші тартылатыны белгілі. Алайда, өзге ел мамандарын еңбекпен қамтуда да кемшіліктер жоқ емес.
– Шетелдік азаматтар жұмысқа тұрған кезде құжат бойынша инженермеханик болып көрсетіледі. Бірақ, атқаратын лауазымы мен дипломы мүлде сәйкес келмейді. Тіпті, еш рұқсат алмастан емін-еркін еңбек етіп жүргендер де бар. Ол турист болып келді ме, әлде қонақ па, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Осында жұмысын істейді, жалақысын алады, бұйрықтарға қол қояды. Бірақ, рұқсаты мүлде берілмейді, — дейді облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров.
Р.S.
Миграция жөнiндегi халықаралық ұйым қазақ елiнде заңсыз түрде қаражат табуға ұмтылған Өзбекстан, Тәжiкстан, Түркiменстан, Қырғызстан мен Қытай азаматтарын шартты түрде үш топқа бөледі. Бiрiншiсi – күнде таңертең темiр жол, автомобиль немесе басқа да көлік түрiмен шекара маңындағы базарға жемiс-жидек пен көкөнiс әкелiп, кешке қарай үйiне қайта оралатындар.
Екiншiсi – малшы, құрылысшы, егiн жинайтын маусымдық жұмысшылар. Үшiншiсi – ұзақ уақыттан берi елімізді мекен етiп, алыпсатарлық және басқа да кәсiпкерлiк түрiмен айналысатындар. Сонда пайданың тетігін таба білген еңбек мигранттарына қашанға дейін иек артпақпыз? Қалтасының қамын ойлаған гастарбайтерлер ел экономикасының дамуына қандай үлесін қосып жатыр? Бізді алаңдататыны да осы.
Айбөпе САБЫРОВА