«АТЫРАУ» ФУТБОЛ ОРТАЛЫҒЫ ЖАС ОЙЫНШЫЛАРДЫ ҚАБЫЛДАУДА
«Атырау» футбол орталығы 6 мен 13 жас аралығындағы балаларды қабылдап жатыр.
Денсаулығында ақауы жоқ және болашағын футболмен байланыстырғысы келетін жас спортшылардың үлкен футболға жолдама алуға мүмкіндігі мол.
«Атырау» футбол клубының баспасөз қызметі мәлім еткендей, қазір орталықта 725 бала тәрбиеленуде. Оның 575-і футбол орталығында, ал, қалғаны аудандарда ойнап жүр. Болашақта орталық басшылығы 1000 баланы футболға тартуды жоспарлап отыр. Жаттығулар «Судоремонтник» стадионының алаңында өтіп жатыр.
«Қазіргі уақытта орталықта 22 жаттықтырушы жұмыс жасайды. Олардың бесеуінде УЕФА-ның «А», үшеуінде «В» және сегізінде «С» санаты бар. Жас футболшыларды сапалы түрде жаттықтыру үшін орталық басшысы болып «PRO» UEFA санатын растайтын сертификатқа ие сербиялық тәжірибелі маман – Азаняц Родмило тағайындалды.
Сондай-ақ, Махамбет, Құрманғазы, Индер, Қызылқоға, Мақат және Исатай аудандарында аталған орталықтың филиалдары жұмыс жасайды. Бүгінде «Атырау-М» жастар командасы үшін жоғары білікті футболшылар тәрбиелеу – басты мақсат. Олар болашақта «Атырау» футбол клубының негізгі құрамасын және еліміздің құрама командаларын да толықтыратын болады» дейді клубтың баспасөз қызметіндегілер.