
«Атырау аудан жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталады
Былтыр жастар санатындағы 15 адам тұрғын бағдарламасы аясында төлем қабілеттілігін растап, баспанаға ие болды. Бағдарламаны жүйелі түрде іске асыру мақсатында өтінімдерді қабылдау 2025 жылдың 11-31 наурыз аралығында eatyrau.kz порталы арқылы онлайн режимде жүргізіледі, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бағдарлама шарттарына сәйкес сыйақы мөлшерлемесі жылына 6%, бастапқы жарна 10%-дан бастап, қарыздың ең жоғары сомасы 15 млн. теңге, несие мерзімі 19 жылға дейін және тұрғын үйдің өзі қатысушы тіркелген ауданнан беріледі. Бағдарламаға қатысу үшін ҚР азаматының болуы, облыста тұрақты тіркелуі, өтініш берген кезде 35 жастан аспауы, соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйінің болмауы, кемінде 1 жыл үздіксіз ресми жұмыс өтілінің болуы және отбасылық жағдайда несиеге ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатысуы қажет.
–Бұл бағдарламаға медицина, педагогика, БАҚ, әлеуметтік және коммуналдық, халықты әлеуметтік қорғау, ЖОО оқытушылары «Қазпочта» АҚ, мемлекеттік қызметкерлер және мәдениет, ғылым саласының мамандары қатыса алады. Сонымен қатар олардың қатарында құқық қорғау органдары мен төтенше жағдай қызметкерлері, жаттықтырушылар мен спортшылар, коммуналдық тұрғын үй қорында есепте тұрған жастар да бар, — деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ресми өкілі Амангүл Айтбай.
Жобаның негізгі мақсаты – өңір жастарына тиімді шарттармен баспана алу мүмкіндігін ұсыну. «Бұл, әсіресе, табыс көзі шектеулі жас мамандардың баспана мәселесін шешуге ыңғайлы» дейді мамандар.