«АТЫРАУ – АСТРАХАН» жолымен жүретін күн алыс емес…
«БҮГІНДЕ «АТЫРАУ – АСТРАХАН» ЖОЛЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛЫП ОТЫР.
ПРЕЗИДЕНТТІҢ ХАТТАМАСЫНДА «БҰЛ ЖОЛДЫ 2021 ЖЫЛҒА ДЕЙІН БІТІРУ КЕРЕК» ДЕП ЖАЗЫЛҒАН. ДЕГЕНМЕН, ҚАЗІРГІ УАҚЫТТА ЕШҚАНДАЙ ЖОЛ САЛЫНЫП ЖАТҚАН ЖОҚ. ЖҰМЫС ТОҚТАП ТҰР. ХАЛЫҚ 300 ШАҚЫРЫМ ЖЕРДІҢ АЗАБЫ МЕН ЗАРДАБЫН ТАРТУДА. БҰЛ ЖАҒДАЙҒА НЕ СЕБЕП БОЛДЫ? ЕНДІГІ ЖАУАПКЕРШІЛІК КІМНЕН СҰРАЛАДЫ? СОНДАЙ-АҚ «ҚҰЛСАРЫ – МҰҚЫР» ЖОЛЫ ДА САЛЫНБАДЫ» ДЕДІ ПРЕЗИДЕНТ ЖАНЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСПАСӨЗ АЛАҢЫНДА ӨТКЕН «ЕЛІМІЗДІҢ БАТЫСЫНДАҒЫ АВТОЖОЛДАРДА ІСКЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖОБАЛАР: ПРОБЛЕМАЛАР МЕН ШЕШУ ЖОЛДАРЫ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДЕ СЕНАТ ДЕПУТАТЫ ҒҰМАР ДҮЙСЕМБАЕВ.
Халықтың шағымы орынды
Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, атыраулықтардың жолға байланысты айтар арыз-шағымы орынды. «Атырау – Астрахан» жолының бірінші кезеңі жүзеге асқанымен, екіншісі расымен созылып кетті.
– Оның себебі мынада: Семейде жол жобалау институты бар. Сол институт мамандары жобаны жасағанда жергілікті жердің топырағын құрылысқа пайдалануға ұсыныс берген. Соған байланысты ол жобалық-сметалық құжаттамада ескерілді. Ал, жұмыс басталғанында топырақ сапасының жол құрылысына жарамайтындығы анықталды. Өйткені, оның құрамында тұз, гипс бар. Мердігер компанияның мамандары жол құрылысына мұндай топырақты пайдалану оның сапасына кері əсер ететінін, тиісті стандартқа сай келмейтінін айтады. Сондықтан бұған жауапты лауазым иелері əкімшілік жазаға тартылып, өз қаражаттарына қайтадан жобалық[1]сметалық құжаттама əзірледі. Былтыр ол мемлекеттік сараптамадан өтті. Жол құрылысына қажетті қаражат толығымен қарастырылған. Келесі жылы бұл жұмысты мəресіне жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз, — деді министр.
Вице-министр не деді?
Ал, Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев «Атырау – Астрахан» жолының құрылысына қазіргі уақытта Ақтөбе облысынан, Алматыдан қажетті материалдар жеткізіліп жатқанын атап өтті.
– Бұл жол бірінші рет осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын, дəлірек айтқанда 1975 жылы салы[1]нып, пайдалануға берілген. Кезінде Қазақстандағы жоғары сапалы жолдардың бірі болатын. Алайда, кейінгі кездері көршілес Өзбекстаннан транзиттік жүк көліктерінің көптеп өтуіне байланысты сапасыз күйге түскен. Бүгінде Астраханнан Құрманғазы ауылына дейінгі 60 шақырым жолдың құрылысын аяқтадық. Бұл халықаралық дəліз республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Қалған бөлігіне керекті қаржы Еуропалық даму банкінен тартылады, — деді вице-министр.
Қаржы қайдан бөлінеді?
Министр Қайырбек Өскенбаевтың сөзінен, «Құлсары – Мұқыр» жолының техникалық-экономикалық негіздемесі əзірленгені белгілі болды. Ол да қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтуде екен. Осы жылдың наурыз айында бұл іс-шара толықтай аяқталып, содан кейін қаржыландыру көздері анықталады. Барлық жұмыс біткесін, 2024 жылы, əрі кеткенде 2025 жылы нақты құрылыс жұмыстары басталады. Министр жалпы ұзындығы 519 шақырымды құрайтын «Атырау – Орал» тас жолының құрылысына қатысты ойымен де бөлісті. Оның 184 шақырымы Атырау облысының аумағы арқылы өтеді.
Биыл бұл жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы əзірленіп, келесі жылы құрылыс жұмыстары басталады. Осы жолдың Атырау облысына тиесілі бөлігін салудың өзіне 100 млрд. теңгеден астам қаражат қажет болады. Қаржының 90 млрд. теңгесі басқа жобалардың есебінен, яғни үнемделген қаражаттан бөлінеді деген болжам бар. Осы тұста əңгімеге араласқан Мəжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов жол құрылысына тартылған мердігер компаниялар келісімшарт жасасқаннан бергі аралықта дизель отыны, құрылыс материалдары бағаларының күрт көтеріліп кеткенін, осыған байланысты Үкімет тарапынан қандай іс-шаралар қабылданатынын сұраған. Соған байланысты Индустрия жəне инфра құрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Атырау облысындағы жол құрылысына қажетті қаражат жеткілікті қамтылғанын, оның 15 пайызы республикалық бюджеттен, 85 пайызы халықаралық қаржы институттарынан тартылатынын баяндады.
«Биылға бұл жоба бойынша қаржы бөлінді. Ал, алдағы екі жылда игерілетін қаражаттың көлемі республикалық бюджетті қарау барысында ескеріліп, нақтыланады» деді Қ.Өскенбаев.
Сексен шақырымның сергелдеңі
Мəжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов «Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз» тас жолының 80 шақырымында құрылыс жұмыстарының қарж ы тапшылығынан тоқтап қалғанын да жеткізді.
– Өздеріңізге белгілі, мұндағы жұмыстың басталғанына 4-5 жылдың жүзі болды. Əйткенмен, əлі біткен жоқ. Енді «қаржы тапшы» деген сылтаумен тоқтап тұр. Биылға республикалық бюджеттен бөлінуі жоспарланған 8 млрд. теңгеден қазірде қолға тиіп отырғаны 2,4 млрд. теңге ғана. Сарапшы-мамандардың есебінше, басталған құрылысты соңына дейін жеткізу үшін кем дегенде 10 млрд. теңге қаржы қажет көрінеді. Ал, оның қайдан, қалай табылары əзірге беймəлім. Сонда қалған сексен шақырым жолды сіңірдей созып, он жыл бойына жөндейміз бе, енді қашан бітеді бұл құрылыс? — деп сұрақты төтесінен қойды депутат.
Бұл сауалға министрдің берген жауабы мынадай болды: «Осы көктемде біз сұрап отырған 9,5 млрд. теңге қаржы бөлініп, жұмыс əрі қарай жалғасқан жағдайда ғана құрылыстың қашан бітетінін нақты айта аламыз. Ал, егер керекті қаржы мезгілінде берілмесе, онда келесі жылға жылжыту жағын қарастырамыз».
Сапасына қарай – санаты
Дөңгелек үстел отырысына қатысқан Мəжіліс депутаты Сағындық Лұқпановтың сауалы пайдаланудағы автокөлік жолдарының санаты мен құрылыс-жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қаражаттың көлемі төңірегінде өрбіді. Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиевтің түсіндіруінше, 1 шақырым жолға жұмсалатын қаражат көлемі оның санатына байланысты. Мəселен, 1-санаттағы жолдардың 1 шақырымына бізде 4 млн. долларға дейін жұмсалады. Ал, 1 шақырымына 1 млн. доллар шығындалатын жолдар 3-санатқа жатады. Жолдардың қандай санатта болатындығы оның өткізгіштік қабілеттілігіне қарай бағаланады. Айталық, ол жолмен тəулігіне 10 мың көлік өтсе, онда мұндай жол 1-санатты жəне міндетті түрде 4 жолақты болуы шарт. Мысалы, «Атырау –Орал», «Атырау – Доссор» тас жолдарын болашақта бірінші санатқа ауыстыру қажеттілігі туындауы ықтимал. Ал, 2-санатты жолдарға кететін шығын 2,5 млн. долларға дейін жетеді.
Белгілі болғаны, қазір жол жабындысының қалыңдығына байланысты өзгерту енгізілген. Кезінде Алматыдан Елордаға салынған жолдың қалыңдығы 40 сантиметрді құраған. Қазіргі жолдардың қалыңдығы 80 сантиметрге дейін жеткізілуде. Сайып келгенде, жолдың мейлінше ұзақ мерзімге жарамды, сапалы əрі сенімді болуы оның табанының талапқа сай төселуіне байланысты екенін əркез естен шығармаған абзал. Вице-министрдің тағы бір айтқаны, «Құлсары – Мұқыр» жолын салуға техникалық-экономикалық негіздеме жасалған. Бүгінде ол мемлекеттік сараптамадан өтуде. Наурыз айында сараптама аяқталады деп жоспарлануда. Содан кейін жобасы бекітіліп, қаржы тетіктерін қарастырып, жұмыс 2024 жылы басталады деп жоспарланып отыр.
Өзекті мәселені талқылауға онлайн режимде қатысқан министрлікке қарасты ведомостволар мен кәсіпорындардың басшылары, қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлер де күн тәртібіндегі тақырып төңірегінде ой-пікірлерімен ортақтасты.
Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ