«Атырау–Астрахан» жолы қашан ашылады?
Биыл «Атырау–Астрахан» жолының 40 шақырымы ашылады. Ал, қалған 217 шақырымының төменгі қабаты төселіп, жұртшылық тегіс жолмен қатынай бастайды. Атырауға жұмыс сапарымен келген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев бұл жұмыстар көрсетілген мерзімінде аяқталып, ел игілігіне берілетінін айтып отыр. Осылайша, атыраулықтарды толғандырған басты мәселе шешімін таппақшы.
Жалпы, мұнда екі проблемалық мәселе бар екен . Ведомоство басшысының а й т у ы н ш а , о н ы ң біріншісі – қаржыға қатысты. Яғни,құны 77 млрд. теңге тұратын ауқымды жоба Еуропалық қайта құру банкі арқылы қаржыландырылған болатын. Бірақ, оның жобалық-сметалық құжаттамасы осыдан бес жыл бұрын жасалған еді. Ал, одан бері құрылыс материалдары бірнеше есеге қымбаттап кетті. Сондықтан, қаралған қаржы жобаны толық аяқтауға жетпейді. Қазірдің өзінде осы мақсатқа 60 млрд. теңге жұмсалған. Дегенмен, банктен алған 77 млрд. теңге шетелдік валютамен бөлінгендіктен, 23 млрд.теңге үнемделген болатын. Бүгінде министрлік сол қаржыны жұмысты жалғастыру үшін мердігер компанияға бермек.
– Бұл бағыттағы жұмыстар Үкімет басшысының басты назарында.Қосымша 23 млрд. теңге толығымен берілетін болады. Соның нәтижесінде биыл жолдың белгілі бір бөлігі ашылады. Ал келесі жылы оны түгелдей аяқтаймыз деп отырмыз, — деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.
ЖОЛДЫҢ САПАСЫ ЖАҚСАРАДЫ
Еліміздегі республикалық жолдардың сапасы тиісті деңгейде. Марат Қарабаев биыл 3600 шақырым жолда тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілетінін атап айтты. Сондай-ақ, республикалық жолдардың сапасы басқаларға қарағанда неліктен жоғары болатынын да түсіндірді.
– Өйткені, жол сапасын бақылайтын Ұлттық орталық бар. Сол орталық республикалық маңызы бар жолдардың сапасын тексеріп отыруға міндетті.
Яғни, құрылыс аяқталғанға дейін оның сапасын қадағалап отырады. Мысалы, сол жолда қолданып жатқан құрылыс материалдары өңірдің ерекшелігіне сәйкес болуын бақылайды. Егер сай келмесе ұсыныс-пікірлерін беріп отырады. Сондықтан, жолдың сапасы жақсарып келеді деп айта аламын. Ал, осы жұмыс өзінің тиімділігін көрсеткеннен кейін оны өзге өңірлерде де енгізуді қолға алдық, тиісті заңды өзгерттік. Енді жергілікті жолдардың барлығы міндетті түрде «Ұлттық сапа» орталығынан өтуі қажет. Бұған дейін ондай талап болмаған.
Соның ішінде Атырау өңірінде биыл жергілікті бюджеттен 120 млн. теңгедей қаражат бөлініп, салынып жатқан жолдардың барлығының сапасы тексерілуде, — деді Марат Кәрімжанұлы. Министрдің айтуынша, жыл сайын шамамен 4 мың шақырымдай жол жөндеуден өтеді. Соған қарамастан жұртшылық шұрқ-тесік жолдарға қатысты жиі шағымданады. Осынау проблеманы шешу үшін министрлік жол жөндеу жұмыстарына қаржыны бір пулмен жергілікті әкімдікке беретін болды. Ал, бұған дейінгі схема мүлде басқаша еді. «Бұрын әкімдік өздері жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, одан кейін орталыққа келіп бюджет сұрайтын. Яғни, қай жолға құжат дайын болса соған ақша бөлініп келген еді. Сол себепті былтырдан бастап жаңа әдіс қолданысқа енгізілді. Енді бір пулмен қаржы бөлінеді де, әкімдік өзі қай жобаға басымдық беру туралы шешімді өздері қабылдайды» деді министр.
Атап айтар жайт, тұрғындарды мезі қылған «Атырау–Маңғышлақ» бағытындағы тозығы жеткен вагондар биыл ауыстырылмайтын болды. Өйткені, вагондар жетіспеушілігі ел бойынша проблема болып отыр. Министрлік биыл 57 жаңа вагон алуға ниетті екен. Ал, келесі жылы тағы 100 вагонды отандық компаниядан сатып алмақ жоспары бар. Бірақ, соның өзі тапшылықтың орнын толтырмайтын көрінеді. Ал, «Астана–Атырау» бағытындағы Тальго пойызы коммерциялық бағытта өзін ақтамағандықтан тоқтатылыпты.
ПОЛИПРОПИЛЕННЕН – ГЕОСИНТЕТИКА
Мұнайлы өлкеде жыл соңына дейін тағы бір индустриалды-инновациялық жоба іске қосылады. Атыраулық кәсіпкер көрші ел инвесторымен бірлесіп отандық пропиленнен жаңа өнім шығара бастайды. Яғни, жол төсеу, су құбыры бойындағы жұмыстарды жүргізгенде қолданатын геосинтетика өзімізден өндіріледі. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев өңірге сапары барысында айтты.
– Геосинтетиканы өзімізден өндіре бастаймыз. Шикізат көзі КРІдан шығатын полипропилен болады. Бұл – толықтай инвесторлық жоба. Ресейдің жеке инвесторы мен жергілікті кәсіпкердің бірлескен бастамасы. Ол жылдың соңында ашылады деп жоспарланған, — деді Марат Кәрімжанұлы.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ