Жарнама
Жаңалықтар

Атырау-Астрахан: Ынтымақтастықты дамытудың үш жылдық жоспарына қол қойылды

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Ресейдің Астрахан облысына іссапармен барды. Сапар Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкиннің шақыруымен ұйымдастырылды, — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

–Атырау мен Астрахан облыстарын терең тарих пен мәдениет, сондай-ақ белсенді экономикалық қарым-қатынас байланыстырады. Біздің өңірлер арасындағы тауар айналымында тұрақты өсім бар, алайда әлеуетімізді толығымен пайдаланып үлгерген жоқпыз. Ауыл шаруашылығындағы, логистика мен өнеркәсіптегі кооперация әріптестікті айтарлықтай кеңейте түсеріне сенімдімін. «Атырау-Астрахан» тасжолындағы жөндеу жұмыстарының аяқталуы бұған жаңа серпін бермек, — деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.

Сапар бағдарламасының маңызды тұсы – Атырау және Астрахан облыстары арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған жоспарына қол қойылуы. Бұл құжат экономика, көлік және логистика, білім, мәдениет, туризм және гуманитарлық байланыс бағыттарын қамтиды. Жоспарға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкин қол қойды.

–Біз медицина, білім беру, мәдениет, спорт және жастар мәселелері бойынша өзара байланыста жемісті еңбек етіп келеміз. Шаралардың дені біздің келісім аясында іске асады. Бүгін алдағы үш жылдың жаңартылған жоспарына қол қойдық. Бұл біздің көп салалы әріптестігіміздің одан әрі кеңеюіне қарқын қосады деп сенемін, — деді Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкин.

Серік Шәпкенов сапардың мәдени бағдарламасы аясында Астрахан кремлі мен Астрахан мәдениет және өнер колледжінде болды. Колледжде қосымша білім беруге де баса назар аударылады. Онда бүгінде 50 бала тұрақты түрде қазақ мәдениетінің басты нышанының бірі – домбыра тартуды үйренеді.

Сапардың арнайы бөлімі биыл құрылғанына 35 жыл толатын «Жолдастық» қазақ мәдениеті қоғамдық ұйымының белсенділерімен кездесуге арналды. Бұл ұйым қазақ салт-дәстүрін сақтау және насихаттауға, мәдени байланысты нығайтуға зор үлес қосып, Атырау облысымен бірлескен шаралар, шығармашылық гастрольдер мен спорттық турнирлер ұйымдастыруға белсенді атсалысып келеді. Оның қатарында жыл сайын Ресей мен Қазақстаннан 6 мыңдай адам қатысатын кең ауқымды «Жайлау той» этно-мәдени мерекесі де бар. Бұған қоса, ұйымның бастамасымен қазақ тілін үйрететін факультативтер ашылған.

Облыс әкімі ұйым белсенділері мен Астархан облысының губернаторына Еділ бойы қазақтары арасында ұлттық құндылықтардың сақталуына қосылған үлес пен жан-жақты қолдауға ризашылығын білдіріп, рухани байланысты бекіту мен ұлтаралық достықтың мән-маңызын атап айтты.

Сапар барысында екі өңірдің іскер ортасы бас қосқан кездесу де ұйымдастырылды. Астрахан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау қорында өткен жиында инвестициялық әріптестікті дамытудың, бірлескен жобаларды іске асырудың перспективалары мен өндірістік байланысты нығайту жолдары талқыланды.

Бұдан бөлек, атыраулық делегация «Лотос» арнайы экономикалық аумағына кіретін кәсіпорындарда болды, оның қатарында аквамәдениетке арналған жем шығаратын заманауи өндіріс те бар. Мұндай нысандарды аралап көру тараптарға тамақ өнеркәсібі, логистика және ауыл шаруашылығы салаларында кооперация жасаудың мүмкіндіктері жайында ақылдасып, өнеркәсіптік және ғылыми-технологиялық жобаларды іске асыруда тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button