Жарнама
Жаңалықтар

«Атырау-Астрахань» тас жолында құрылыс жұмыстары қарқын алды

«Атырау-Астрахань» республикалық тас жолының 4 бөлігінде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жалпы бұл жолдың құрылысы 6 бөлікте басталған еді. Бүгінгі күні 2 бөлігінде жұмыстар аяқталды. Бұл туралы  «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстың филиалының бөлім басшысы Н.Жантурин айтты.

Қазір аталған жолдың 616-833 шақырым аралығы 4 лот бойынша салынып жатыр екен. Өткен жылы «Lankaran», «Ақжолқұрылыс», «Todini Constuzioni Generali S.p.A», «Ant Insaat» және  «СП» «СМС» мердігер мекемелері 217 шақырым жолдың 80 шақырымының төменгі қабатына асфальтбетон төсеген. Енді биыл күн жылығалы осы 4 бөліктің әр учаскесінде жол негізінің жоғарғы қабаты – қиыршықтас төсеу және жол жабындысының төменгі қабаты —  ірі-түйірлі ыстық асфальтбетон төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жолдың бұл аралығының төменгі қабатын биыл толықтай аяқтау жоспарланған.

«Былтыр 853-893 шақырым аралығын қамтитын 6-шы бөлікке де асфальтбетон төселді. Қазір жол жиегіндегі аялдамалар мен жол белгілері және демалыс алаңдары салынуда. Сонымен қатар, Құрманғазы елді мекені тұсында жол учаскесін пайдалану ғимартының құрылысы басталды. Бұл нысанды жолды күтіп ұстау жұмыстарымен айналысатын мекеме қызметкерлері пайдаланады.  Ал, 833-853 шақырым аралығын қамтитын 5-ші бөлікте құрылыс жұмыстары 3 жыл бұрын толықтай аяқталды. Қазір кепілдік мерзімінде тұр», дейді Н.Жантурин.

Мамандардың айтуынша, құрылысы ұзаққа созылған жолда былтыр жұмыстың тұралауына материалдардың тапшылығы біраз әсер еткен. Биыл бұл мәселе шешімін тауыпты. 

Филиал мамандары қыс бойы осы жол құрылысына қажетті материалдардан сынама алып, зертханада сараптамадан өткізген.

«Жыл басынан бері республикалық және жергілікті жолдардың құрылысына пайдаланылатын материалдардан алынған 155 сынама тексерілген.  Оның  98-і  А-27 » Атырау-Ақтөбе-Астрахань» тас жолының  330-893 шақырым аралығындағы жол құрылысына пайдаланылып жатқан материалдар. Зертханалық тексеріс қорытындысы бойынша, 17 сынаманың  нормативтік құжаттарға сай келмейтіндігі анықталды», — дейді зертхана меңгерушісі Гауһар Атанчинова.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button