Атырау-Астрахань трассасының 217 шақырымының жөндеу жұмыстары қашан бітеді?

trassa Жаңалықтар

 «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» магистральды автомобиль жолының ұзындығы 900 шақырымға жуықтайды. Бұл аралықты реконструкциялау жұмысы 2019 жылы ғана қолға алынған болатын. Онда да бірінші кезекте сол шекарадан Құрманғазы ауданының орталығы Құрманғазы ауылына дейінгі аралықты (60 шақырым) қамту көзделген.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Жұқабетовтың айтуынша, бүгінде соның үштен бір бөлігі, яғни, 20 шақырымында ғана жөндеу жұмыстары толықтай аяқталып, пайдалануға берілген. Қалған 257 шақырым жолдың 217 шақырымының жөндеуі Еуропалық реконструкциялау және даму банкінің есебінен қаржыландырылса, 40 шақырымының қаражаты республикалық бюджеттен қарастырылып отыр. Қазіргі мезгілде аталған бөліктегі асфальт төсеу-бетондау жұмыстары, оның бойындағы 7 көпірдің құрылысы мәресіне жеткен. Енді 1 шақырым жолды төсеу мен көпірге қатысты жұмыстар қалып тұр. Осылайша, бұл учаскені жылдың соңына дейін бітіріп, тапсыру жоспарланған еді. Дегенмен, күзгі ауа райының қолайсыздығы белгіленген жұмыстарды мерзімінде жүргізуге қолбайлау болып отыр. Ұлттық компанияның өкілі бұл жағдайдың жұмысты кестеге сәйкес жалғастыруға мүмкіндік бермейтіндігін жасырмады.

Өз кезегінде, мердігер компанияның да бұған қарсы айтар уәжі бар екен. Анығында, пандемияның салдарынан жұмысшы-қызметкерлердің біразы сырқаттанып қалған болып шықты. Оның үстіне, құрылысқа қажетті материалдардың жеткізілуінде кідірістерге жол берілген.

– Шындығына келгенде, бізге қарасты Құрманғазы ауылы мен Атырау қаласының аралығын қамтитын 217 шақырым жолды реконструкциялау жұмыстары өткен жылы ғана басталды. Оның өзі төрт учаскеге бөлініп, түрлі компанияларға берілді. Жоспарланған жұмыстар барлық учаскелерде қатар атқарылуда. Бір қарағанда, жұмыс біркелкі қарқынды, тиісті талап-нормаларға сай жүргізіліп жатқандай көрінгенімен, кейбір «әттеген-ай» дегізетін тұстар да  жоқ емес. Мәселен, үш учаскедегі грунттық резервтерде гипстің, хлорид пен сульфаттың құрамы шамадан тыс жоғары екені байқалып отыр. Сарапшы-мамандардың пайымдауынша, бұған Каспий теңізі бассейнінің жақын орналасуы себепші болғанға ұқсайды. Мұның өзі, әу баста бекітілген жобаға ішінара түзетулер енгізуді талап етті. Ал, зертханалық зерттеулер нәтижесі топырақ құрамында гипстің, хлорид пен цемент мөлшерінің көп болуынан жол төсемі ісініп, көтеріліп кететінін көрсеткен. Ақырында, жолдың ең үстіңгі қабатындағы асфальт жабындысының ыдырауына әкелетіні сөзсіз,-деп түсіндірді  Ұлттық компанияның өкілі.

Нұржан Жұқабетовтың сөзінше, осындай себептерден, жол құрылысшылары бірнеше айды текке өткізіп, алтын уақытты зая кетіруге, мәжбүр болған. Сөйтіп, сәтті басталған жұмыс бүгінде тоқтап тұр. Тек, осы жылдың сәуір айында шыққан зертханалық талдау қорытындылары қолға тигесін ғана мамандар жол қабатының құрылымын өзгерту керек деген ұйғарымға келген. Әңгіменің түйінін одан әрі тарқатсақ, содан тамыз айының ортасында осыған бұған дейін қолданылып келген құрылыс материалдарын басқасымен ауыстырумен байланысты Еуропалық реконструкциялау және даму банкінен сұралған қосымша қарыз алу жөніндегі өтінім мақұлданған. Сол мезгілде ғана қаржыландыру мәселесі шешімін тапқан. Содан соң мердігер компания түзету енгізілген жобаға қатысты өзінің ішкі келісімін берген.

– Осылардың негізінде жоба бойынша бұған дейін қабылданған техникалық шешімді де қайта қарап, өзгертуге тура келді. Сол себептен, жаңартылып, толықтырылған жобаны мемлекеттік сараптамадан өткізу қажеттілігі туындады. Ал, оның қорытындысы екінші және төртінші учаскелер бойынша қазан айында ғана алынса, қалған екеуіне (бірінші және үшінші учаскелер) қатысты   тапсырылған құжаттардың  ішінде  экологиялық сараптама қорытындысының болмауы себепті берілген өтінім кері қайтарылды. Осылардың бәрі жұмыстың межеленген мерзімінен кешіктірілуіне әкелді, – деді Нұржан Жұқабетов.

Күре жолдағы қайта жаңғырту жұмыстарының жоба-жоспарға сай жүргізілуіне жауапты Ұлттық компания өкілінің айтқанынан ұққанымыз, жоғарыда келтірілген келеңсіздіктер жобаға түзету енгізілуінің ғана емес, кезең-кезеңімен атқарылуға тиісті жұмыстардың бекітілген кестеден кешігуіне, түпкі нәтижесінде тапсырыс беруші және оны орындаушы тараптардың арасында белгілі бір деңгейде келіспеушіліктерді туындатқан

Жағдайдың осыншалықты тұйыққа тіреліп, ушығуына жұмысты ұйымдастырушы жауапты тұлғалардың ғана емес, жекелеген жұмысшылардың да жауапсыздығы септігін тигізгені белгілі болды. Мысалы, көлік жүргізушілердің ішінде белгіленген немесе рұқсат етілген жылдамдық режимін сақтамайтын, басқа да жөнсіздіктерге баратындары бар көрінеді. Жалпысында,  қалыптасқан күрделі ахуал біраз оңалып, жағдай жақсара бастағанына қарамастан, әлі күнге күре жолдың бойында жүйелі жұмыстан гөрі жүгенсіздіктің белең алғаны аңғарылады.

Уақыттың босқа шығындалып, қосымша қаражаттың талап етілуінен бөлек, жол құрылысындағы сапасыздықтың орын алуына, бағасының шектен тыс қымбатсуына пайдаланылатын негізгі материалдардың сырттан тасымалданатыны, өзімізде өндірілмейтіндігі, барының стандартқа сай келмейтіні басты себепші фактор саналып отыр. 

Дәулетқали  АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз