«Атырау-Ақпарат» медиахолдингі Наурыз мейрамын атап өтті (фото)
«Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің ауласынан алты қанат киіз үй тігіліп, ақ тілектер төгілді, ақ дастархан жайылып, ән-жыр шашылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Алты ай қыстан аман шығып, «Атырау Ақпарат» ауылына арнайы көрісе келген қонақтарды ұжым мүшелері құшақ жайып қарсы алды.
Шараға құдайы қонақ болып келген облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев жиналғандарды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтап, ізгі тілегін жолдады. Жаңа жылда жақсылықтар жақсылыққа ұлассын деген тілегін білдірді.
Мерекелік шарада әншілер ән салып, ақындар жыр арнап, үлкендер салт-дәстүрден сыр шертіп, жастар өз өнерлерін ортаға салды. Сөйтіп, кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады.
Қазақтың маңдайына біткен небір қаламы қарымды ақын-жазушылар мен талантты журналистердің қолтаңбасы қалған биыл өзінің 100 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған облыстық «Атырау» газетінің ұжымы викториналық ойын ұйымдастырды. Ал, басылымның жауапты хатшысы Дәурен Мұхамбеталиев «Шілдехана – бесік той» әнін әуелете орындап берді.
Ақпарат айдынында айшықты ізі бар, Каспий аумағында аты алдыңғы орындарда аталатын «Прикаспийская коммуна» газетінің ұжымы құда күту дәстүрін жасап, көнені көгертіп, ескіні есіркеді.
Ал, Қиғаш бойын жедел жаңалықпен қамтып, жыр жампозы Жұмекен туған киелі топырақтан келген Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің ұжымы болса, тұсаукесер рәсімін жасады. Иә, тіпті ел ішіне жақсылардың келгенін естіп енді ғана тәй-тәй басып жүрген баласының тұсауын елге белгілі тұлғаға кестіріп алатын дәстүр де бар. Ондағы ойы сол кісі секілді елге сыйлы, абыройлы азамат болсын деген ырым.
«Құтты қонақ келсе қой егіз табады» дегендей Наурызда өмірге келген сәбиге қазақ ырымдап ат та қойған. Наурызбай секілді атақты батырлардың аты – осы жаңа жыл мерекесімен тығыз байланысты. Сонымен қатар Наурызда дүниеге келген баланы «жақсылықпен келді, жаңа жылмен келді» деп ырымдап бесікке салған. Ендеше осынау ұлыстың ұлы бұл рәсімді Жайықтың бойын жайлаған, тарихы терең бойлаған, хандар жерленген қасиетті жердің басты хабаршысы – Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газеті редакциясы ұжымы абыроймен атқарып шықты.
Сырға салынып, бір тойдың болар уақыты белгіленіп кетті. Демек жақында көрші ауылдың бір үйінде ұлан-асыр той болады деген сөз. Жақсы жаңалықты бөліспесек демей ме? Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған төрт түліктің ортасында отырып, төрткүл дүниенің жаңалығымен бөліскен, тарихы жетпіс жылды құрайтын «Қызылқоға» газетінің ұжымы мерекеге үлкен жаңалықпен келді. Жаңа жылда жаңа отбасы құрылып, бұл ұжым бүгін келін түсірмекші. Мұндай қуанышты жаңалыққа «атырау-ақпараттықтар» да ортақ болып, куәгер болды.
Бүгінгі той, бұрынғы тойдан өзгерек. Себебі бүгін жыл басы – Наурыз. Қазақтың жаңа жылы. Бүгін атадан балаға мирас болған салт дәстүрімізді , «Атырау Ақпарат» ауылына көрісе келген қонақтарымыз көрермендерге ұсынды. Қазақ тойдың басын батасыз бастамаған. «Жаңбырмен жер, батамен ер көгереді» деген мақал да тек айтылмаған. Ендеше, бүгінгі мереке де үлкендердің батасынан бастау алды. Тауы болмаса да, дүниеге таудай ұлдар әкелген Индердегі «Дендер» газетінің ұжымынан Жанай Амантурлин алақан жайып, бата берді.
Әрине, бір қуанышты екіншісіне жалғап, қазақ мұндай айтулы күнде құдандалы да болған. Яғни азамат болған баласына асыл жар, әулетке ибалы келін іздеп айттырып барған. Қазақта мұны сырға салу дейді. Ендеше, тоғыз жолдың торабында тұрып, мұнайлы өлкенің жаңалығын Атырау жұртына жедел жеткізіп отырған «Мақат тынысы» газетінің ұжымы сырға салу рәсімін орындады. Мұнайлы өңір, атыраудың ғана емес, ел экономикасының өркендеуіне зор үлес қосып отырған – Жылыой ауданының айнасы «Кең Жылыой» газеті редакциясы ұжымы да қалыс қалмай, өз өнерлерін паш етті.
Ал, дарындардың мекені, баһадүр бабалардың ізі қалған, ақтангер ақындар мен дәулескер күйшілердің атакүлдігі Исатай ауданының үнжариясы биыл 70 жылдығын тойлағалы отырған «Нарын таңы» газеті бас редакторының орынбасары Аяпберген Салықов қолына домбыра алып, күй күмбірлетті. Сондай-ақ, Атыраудағы бар жаңалықты бірінші болып таратын, мұнайлы өңірдің маңдайалды сайты «AtyrauPress» ақпараттық порталы мен SMM бөлімі, тұтынушылардан тек алғыс естіп, тапсырыстарды жедел орындап, газеттердің уақытында басылып, оқырманға жол тартуына еңбек етіп жүрген «Баспахана және мекеменің бүкіл шаруасын тындырып отырған шаруашылық бөлімі», «Атырау-Ақпаратқа» қайтсек мол кіріс әкелеміз деп тер төгіп, жарнаманы жаңғыртып жүрген жарнама және қызметкерлер үшін аса қадірлі, әріптестерімізді әр айдың соңында қуанышқа бөлеп отыратын «есеп бөлімі» және әкімшілік бөлімі де мерейлі мерекеден қалыс қалмады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ
atpress.kz