Атырау әлемдік олимпиадада жеңіспен оралған парадзюдошыларды зор құрметпен күтіп алды (+ ФОТО)
Токиода өтіп жатқан дүниежүзілік олимпиадада жоғары деңгейден көрініп, ел қоржынына медальдар салған саңлақтар Атырауға келді. Жеңімпаздарға және қатысушыларға Атырау облысы әкімдігі атынан 1 миллион теңгелік сертификаттар табысталды, — деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Делегация құрамында Токио қаласында өтіп жатқан Параолимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері Ануар Сариев, Дәулет Теміржан және Зарина Байбатина бар.
Қазақстанның көк Туын Жапония аспанында көкке өрлеткен сайыпқырандардың олимпиада тарихында бірегей жетістікке жеткенін атап өткеніміз жөн.
Мәселен, Зарина Байбатина парадзюдадан әйелдер арасында Қазақстан қоржынына тұңғыш рет күміс медаль салған спортшы.
Атап өту керек, әлемдік паралимпиада аяқталған соң, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов барлық қатысушыларды арнайы қабылдайды.
Және олимпиадалық құрамға арнайы сыйлықтар табысталады деп күтілуде.
Фото — Ерлан Алтыбаев