Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

Атырау 380: шаһар тарихы әріден басталады

 Ақтөбе-Лаэти қаласына қатысты соңғы жылдары Ресей зерттеушілері жазып жүрген пікірге сай, қаланың аты мүлдем басқаша болуы мүмкін.

«Ақтөбе» — қазақтардан қалған атау. Ал, XIX ғасырдың II жартысындағы карталарда ол «Бугор Ахтуба» деп көрсетілген. Лаэти Жайықтың ағылшынша аталуы «Джайэти» сөзінен де шыққан болуы мүмкін. Өйткені, осылай жазылған карталар кездеседі. Қазіргі Сарайшық 1580 жылы құлатылғаннан кейін, XIX ғасырдағы дереккөздерінде халық көшіп кетті деген мәлімет кездеседі. Алайда, қазіргі архивтік деректерге сүйенсек, ноғайлар қаладан бірден кетіп қалған жоқ.

Лаэти – қалаға ең жақын ортағасырлық қала. Ғылымға да Лаэти Сарайшықтан кейін енді. Ағылшын көпесі Антоний Дженкинсон 1500 жылдың орталарында Астраханға келіп, Каспийдің түбімен Маңғыстауға, ары қарай Хиуаға барады. Көпестің карталарында Сарайшық, Сарай-Сафашық атаулармен екі қала көрсетілген. Сол жазбаларды кейін аударған ленинградтық ғалымдар тек Сарайшықты біледі де, Ақтөбені айтпайды. Егер бұл қала туралы ертерек белгілі болғанда, картаны басқаша сөйлетуге мүмкіндік болар еді. Жайық – Еуразия құрлығындағы ең ірі, суы мол өзен. Одан әрі-бері өту сол кезде оңай болмаған.

Қазір Атырау қаласының өзінде 5 көпір бар. Демек, сол кездерде де тұрақты көпірлер болмағанымен өткелдер болғаны белгілі. Осы мәселеге қатысты бізге жеткен дерек – Ибн-Баттутаның жазбасы. Ол «Сарайшықта Бағдадтағыдай аспалы көпір көрдім» дейді. Яғни, астына кемелер қойылған паром. Ал, ХІХ ғасырда Жайықтан тек қыста, мұз қатқаннан кейін өткен. Бұл деректі Бөкей бастаған көшке қатысты құжаттардан да көреміз. Жайық ертеректе ағысы қатты үлкен өзен болған.

Арабтың миссионері Ибн Фадлан сонау 922-921 жылдары Атырау жерімен, одан әрі қарай Булгария, яғни Қазанға барар жолда: «Жайық ағысы өте қатты өзен» деп бағалаған. Орта ғасырда «Ұлы су» деп аталуының да бір сыры осы болса керек. Ол – стратегиялық маңызы бар өзен. Саудагерлердің барлығы осы арқылы қатынаған. Бұрын бұл өңірде орыстың, басқа да

елдердің саяхатшылары, жалпы тарихтағы белгілі тұлғалар тұрған. Григорий Карелин, Тарас Шевченко, революция жылдарындағы Василий Чапаев, Петр Рычков, Петр Паллас осы жерді зерттеген, демек тұрған. Жалпы, Гурьев көп кезеңге дейін Ресей мемлекетінің шекарасында орналасқан. Қала 1670 жылдардағы дерек бойынша қазынаға өткен.

Көпес Гурьев өз қаржысына шаһар салды. П.Рычковтың аңызы бойынша қала таспен қаланған. Бұл жер балшықты болғандықтан, тасты Сарайшықтан тасыды деген аңыз бар. Әрине, бұған да сенуге болады. Себебі, «Астрахан Кремлін» салу үшін «Селитерное городище» деп аталатын үлкен сарайлар тобы тасылып, қала бой көтерген. Екінші жағынан алғанда Гурьев сол кезде Астраханға қарады. 1708 жылы Петр І жарлығымен Ресейде губернияларға, әкімшілік аумаққа бөлу басталды.

Сол кезде Гурьев Астрахан құрамына кіретін кіші қала ретінде Қазанға қараған. Кейін Астраханға беріледі. Қазынаға өткеннен кейін ол алып мемлекеттің шекарасындағы қала болып есептелді. 1715-1717 жылы Хиуаға бағытталған әскери экспедиция басшысы Александр Бекович-Черкасскийдің жазбаларында жиналатын орын ретінде Гурьев белгіленген.

Олар жан-жақтан келіп, қаланың айналасына топтасқан. Петр Симон Паллас пен Иван Лепехин осы жерге келіп, қаланы көрген. Жайықты, одан әрі қарай Каспийді, айналасын зерттеген. Ноғай моласы туралы Палластың жазбасында бар. Яғни, «қаладан 2 верст қашықтықта татарлардың киелі жері бар. Тұзды төбеге адамдарды жерлеп кетеді» дейді ол.

Демек, бұл қала – Орта Азияға бара жатқан әскери-жорықшылар, саудагерлердің тоқтайтын орны. XVII ғасырдың басында Жайық жағасында екі қала болса, соның біреуі Гурьев. Біріншісі — қазіргі Орал. Екі қала да бастапқы кезде қорған, бекініс ретінде тұрғызылды. Кейін XIX ғасырдың ортасында хандықтар жойылып, Орынбордағы қазақтар мен Орал казачество негізінде Орал облысы пайда болды.

Осы тұста айта кетейік, қазір облысты да, ауданды да Кеңес үкіметі тұсында құрылған уақытымен есептеп, тойлап келе жатыр. Мысалы, Гурьевті 380, аудандарды 30-40 жылдар шамасында есептейді. Ал, Ресейде қай кезден бастап әкімшілік-аумақтық орталық бола бастады, сол уақытты басшылыққа алады. Гурьев өз алдына үлкен болыстарға бөлініп, қазіргі Атыраудың негізгі территориясының көпшілік бөлігі 1868 жылы уезд болды.

 Бұл тұста айта кететін жайт, Астрахан жағы, Жайықтың оң жақ бетіндегі Құрманғазы, Исатай аудандары Қазан төңкерісіне дейін Астраханға бағынды. Ал, Гурьев облысының негізгі аумағы қазіргі Жайықтың сол жақ бетіндегі аудандарды қамтыды. Зерттеушілердің еңбегінде түрлі мәлімет айтылады. Мәселен, біреулері қала бейберекетсіз, есепсіз салынған дейді. Гурьев шеткі қала, Оралға бағынды. 1897 жылғы есеп бойынша Гурьевте 10 мың адам тұрды, бірінші ресейлік халық санағы бойынша, Оралда 40 мыңдай адам тұрды.

Қазіргі тілмен айтқанда, 10 мың адам кенттің есебі. Бірақ, ол әкімшілікаумақтық орталық болды. Осы тұста айта кету керек, алғашқы кітапхана, аурухана, қазақ-орыс мектептері, дүкен, тіпті түрме Қазан төңкерісінен бұрын пайда болды. Олардың бәрін көпшілік біле бермейді.

Айтып өткенімдей, облыстың құрылуы кеңестік кезеңге байланысты есептелуде. Алдағы уақытта да осы мәселені қайта қарастырып, артқа қарай ысырсақ, еш артығы жоқ. Себебі, бұл – тарих. Ал, Гурьев тек отызыншы жылдары облыс орталығы болған жоқ, одан бұрын да әкімшілікаумақтық орталық болды.

 Мұхамбетқали КИПИЕВ,

 облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button