
«Атырау-2025» бизнес-форумы: Қазақстан–Грузия байланысының жаңа кезеңі
Бүгін Атырау қаласында Қазақстан мен Грузия арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және туристік байланыстарды нығайтуға бағытталған «Атырау-2025» халықаралық бизнес-форумы өтті.
Басқосуға екі елдің мемлекеттік органдарының өкілдері, ұлттық компаниялар, даму институттары мен іскерлік қауымдастық мүшелері қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – Қазақстан мен Грузия арасындағы сауда, инвестиция, туризм және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету. Сонымен қатар форум аясында Атырау мен Тбилиси қалалары арасындағы жаңа халықаралық тікелей әуе қатынасының ашылуы ресми түрде жарияланды. Бұл рейс қос мемлекет арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі жандандырып, туристік және мәдени қатынастарға да серпін бермек.
Іс-шара бағдарламасы аясында қатысушылар «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының қызметімен танысты. Бұдан бөлек, делегаттар облыстағы сауда, өндірістік және тарихи туристік нысандарды аралады. Форум шеңберінде B2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылып, екі елдің компаниялары арасында нақты келіссөздер жүргізілді.
Аталған кездесулерде туризмді дамыту, көлік-логистикалық хабтар құру, агроөнімдерді жеткізуді кеңейту және бірлескен кәсіпорындар ашу мәселелері талқыланды.
–Бүгінгі форум – Қазақстан мен Грузия арасындағы сенімді әріптестіктің жарқын көрінісі. Екі елді тарихи достық пен стратегиялық мақсаттар біріктіреді. Атырау – Каспий аймағындағы маңызды экономикалық орталық, сондықтан біз Грузиямен тығыз ынтымақтастық орнатуға дайынбыз, – деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.
Грузияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі де өз сөзінде екі ел арасындағы қарым-қатынастың тереңдеп келе жатқанына жоғары баға берді.
Форум нәтижесінде Қазақстан мен Грузия арасында нақты экономикалық келісімдерге қол жеткізіліп, өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік туды. Қатысушылар мұндай форматтағы іс-шаралардың тұрақты түрде өткізілуі екі ел үшін де пайдалы екенін атап өтті.
Тоғжан ЕРМЕК
Суретті түсірген автор