“Атырау энерго сату” ЖШС жұмысын тоқтатты
Елімізде тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың тиімділігін арттыру мақсатында 2024 жылдың сәуір айында реформа жүргізілді. Нәтижесінде, реттелмейтін энергиямен жабдықтау мекемелері өз қызметін тоқтатты. Олардың қатарында «Атырау Энергосату» ЖШС де бар.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау бойынша департаментінің басшысы Арман Өтегеновтің түсіндіруінше, біздің облыста тұтынушылармен электрмен жабдықтау қызметін биылғы қаңтар айынан бастап “Атырау Жарық” АҚ жүзеге асыратын болады.
– 2024 жылғы 8 шілдеде Қазақстан Республикасы Президенті “Жылу энергетикасы, электр энергетикасы және реттелетін қызметтер мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға қол қойғаны белгілі. Соған сәйкес, 2025 жылдан бастап бөлшек сауда нарығындағы тұтынушыларды электрмен жабдықтау функцияларын «Электр энергетикасы туралы» заңнаманың біліктілік талаптарына сәйкес келетін энергия беруші құрылымдарға (АЭК) жүктеу ұйғарылды.
Бұл өзгеріс тұтынушылармен электрмен жабдықтау қызметінің тиімділігін арттыруды көздейді. Осылайша, жоғарыда аталған норманы іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті біліктілік талаптарына сәйкес келетін 1 АЭК лицензиясын берді. Соның негізінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап тұтынушыларды электр энергиясымен жабдықтауды “Атырау Энергосату” ЖШС орнына “Атырау Жарық” АҚ жүзеге асырады, – деді департамент басшысы.
Бұл ретте ол электрмен жабдықтау қызметінің бағасы өзгермегенін, яғни тұтыну тарифтері бұрынғы деңгейде сақталатынын атап өтті. ҚҚС-сыз тариф мөлшері:
• жеке тұлғалар үшін – 16 теңге/кВтсағ,
• заңды тұлғалар үшін – 40,20 теңге/кВтсағ,
• бюджеттік мекемелер үшін – 59,66 теңге/кВтсағ.
Бір компанияда электр энергиясын беру және жеткізу функцияларын біріктіру өңірлік электр желісін басқарудың инфрақұрылымдық және қызмет көрсету шығындарын азайтады. Сонымен қатар, тұтынушыларды электрмен тұрақты және үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл үйлесімді және жедел жүйе құруға, жеткізілімдердің сенімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сонымен бірге, өзгеріс нарыққа қатысушыларды лицензиялау мен реттеудің ашықтығын жақсартуға, жосықсыз бәсекелестік тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Ең маңыздысы, мемлекет бақылайтын әділ тарифтік саясат арқылы баға тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сайып келгенде, энергетикалық нарықтың барлық қатысушылары үшін қолайлы, болжамды және әділ орта қалыптасады.
Тұтастай алғанда, табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстардағы департаменттерінің пәрменімен республика бойынша бұрынғы энергосату серіктестіктерінің функциялары талаптарға сай келетін 21 өңірлік электр қуатын тасымалдау кәсіпорнына жүктелген.
Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам абоненттерге көрсетілетін қызметті жақсартуға, энергетикалық секторды тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамытуға кепілдік береді. Әкімшілік кедергілерді азайтып, туындаған мәселелерді жедел шешуге бағытталған батыл өзгеріс ретінде бағалануда.
Дәулетқали АРУЕВ
Сурет: tek.energy