«Атырауымыз» алаңға шықты

Футбол 1 Жаңалықтар

Көктем қарлығашымен қатар келетін футбол маусымы да есігін айқара ашты. Жақында осыған орай «Атырау» футбол клубының таныстырылымы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев қатысты.

Футбол

Бүгін еліміздің алты қаласында кезекті 26-шы футбол маусымы бастау алуда. Енді-енді беталысы  түзеле бастаған футболымыз маңында шешуін таппай жатқан мәселелер де көп. Солардың ең бастысы – футбол алаңдарының жоқтығы. Осыған қарамастан, ел футболының басшылары ерте көктемнен футбол маусымын бастауды әдетке айналдырып алды.  Бұл жағдай қай облыс үшін де оңай соқпасы айқын. Әсіресе, Атырау сияқты жалғыз «Мұнайшы» футбол алаңына қарап отырған өлке үшін өте қиын.

Еліміздің футбол федерациясы ойынның беделін көтеруде біршама жұмыстарды қолға алып, атқарып жатқанын айт-қанымыз жөн болар. Ең бірінші, ел біріншілігінің жаңа жүйесі белгіленді. Біріншілік алғашқысында 12 команда арасында екі айналымдық  қарапайым жүйемен өтетін болып шешілді. Соңынан екіге бөлініп, алғашқы алтылық жүлделі орындарды сарапқа салса, екінші жартысы премьер лигадағы орындарын сақтау үшін күресетін болады.

Команда құрамында ұстауға болатын легионерлер санын сегізге жеткіздік. Бірақ, олардың алтауы  ғана алаңда болады деп келісілді. Дау-дамайға айнала берген соң жергілікті жас футболшыларға деген лимит те алынып тасталды.  Соңғы бірнеше жылдардан  бері әрбір ойын барысын онлайн жүйесінде тікелей интернет арқылы жүргізіп отыру іске асты.

Команданың интернет сайты арқылы жанкүйерлерді тікелей хабардар ету жолға қойылды.  Команда жаңалықтары мен өзгерістер ашық жариялыққа жетті. Футбол одағы басшылығының жасөспірімдер мен балалар футболын жаңа жүйеге көшіру жұмыстары аяқтала келді. Кім болса сол жаттықтырушы болып келе жатқан балалар футболынан жауапкершілік сұрала бастады. Енді бұл жұмысқа үлкен сынақтан өткендер, бұрынғы футболшылар ғана алынып,     оларға жақсы жалақы төленетін болып шешілді. Білікті мамандарды тарту мақсатында олардың жалақысының 150 мың теңгеден кем болмауы заңдастырылды.

Осыдан он шақты жыл бұрын Валентин Чуреев, Денис Родионов, Бейбіт Тәтішев,  Сәкенжан Шомаев сынды шеберлерді берген өлке футболы «суы тартыл-ған өзендей болды-ау» деп жүргенде «Атырау» командасының қосалқы құрамы 2015 жылы бірінші орынды жеңіп алып, айды аспанға бір-ақ шығарды.

Алдағы маусымда айдарларынан жел есіп, чемпиондық атаққа ұмтылатындар саны өсіп отыр. Олардың арасында Астананың «Астана» мен Алматының «Қайрат» командаларын бөле айтқан жөн. Осы топта Атыраудың «Атырау» командасы да болар-ау деген үміт бар.

Биыл  көптеген мықты ойыншыларды өз қанаттары астына шақырып, Түрік елінде үш бірдей оқу-жаттығу жиынын өткізіп қайтқан жерлестеріміздің осы маусымда  талайды жеңері анық.  Өткен маусымдағы құрамын түгелге жуық ауыстырып үлгерген  жерлестеріміз әдеттегіше жер-жаһаннан ондаған, жиырмалаған  футболшылар шақырып, осыдан бірдеңе шығар-ау дегендерін ұстап қалды. Атап айтсақ, Қазақстан ұлттық құрамасының кеңейтілген сапында оқу-жаттығу жиынына қатынасып жүрген Айбар Нұрыбеков (Шахтер), Әлішер Сүлей (Тараз),  Эльдар Абдырахманов (Ақжайық), Грузия ұлттық құрамасының ойыншылары Уча Лобжанидзе, Владимир Двалишвили, Өзбекстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Шавкат Саломов, Сербия ұлттық құрамасының ойыншысы Иован Джокич, еліміздің төрт дүркін чемпионы, Қазан футболының түлегі Марат Хайруллин сынды жаңа келген футболшылар көмегімен алғашқы алтылыққа енерміз-ау деген сенім бар.

Футбол маусымы елімізге аяқ басты. Ендеше, қош келдің, футбол-2017!

                     Алтынбек НЫСАНҒАЛИЕВ,

Қазақстан журналистер Одағының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз