Жарнама
Жаңалықтар

“АтырауСуАрнасы” лас суды төккені үшін айыппұл төледі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізген «АтырауСуАрнасы» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнының директоры Андрей Ташлыков 2014-2016 жылдарға қабылданған инвестициялық бағдарламаның сәтті жүзеге асырылғанын жеткізді. Соның нәтижесінде көне қондырғылар энергетикалық қуаттарды үнемдеуге мүмкіндік беретін жаңа жабдықтармен ауыстырылды.

Жаңғырту жобалары жалғасуда

Сөйтіп, су тазарту құрылғыларындағы, сорап және кәріздік сорғы стансаларындағы 282 агрегатқа жөндеу жүргізілді. Әрі, 1829 электр энергиясын тиімді тұтынатын шамдар орнатылды. Бүгінде энергетикалық қуаттарды әр айда 30 пайыз шамасында үнемдеуге қол жеткізілген. Осындай шаралар барысында 70 маманды өндірістегі өзге орындарға орналастыруға мүмкіндік туды. Ал, 81 автокөлікке газ жабдығын орнату арқылы жанар-жағармайға жұмсалатын шығын азайтылды. Өткен жылдан бері су тазарту стансаларында қанатқақты жоба ретінде «Аквахлор» қондырғысында гиплохлорит орнына натрий ерітіндісі қолданылып келеді. Шикізатқа Индер кенішінің тұзы алынады. Бұл да біраз қаржыны үнемдеуге септігін тигізді. Әрі құбырларды тот басудан сақтайды.

Брифинг барысында журналистер тарапынан облыс орталығының оң жағалауындағы кәріз стансасының қызметі де сөз болды. Анығырақ айтсақ, жақында табиғат қорғау прокуратурасы буландыру алаңына биологиялық тұрғыдан тазаланбаған сарқынды сулардың жіберілгенін анықтап, «АтырауСуАрнасы» мекемесіне айыппұл салған-ды. Кәсіпорын, әрине, оны төлеуге мәжбүр болған. Тіпті, жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланған.

Әйтсе де, Андрей Ташлыковтың айтуынша, өткен ғасырдың орта шенінде іске қосылған нысандарға мұндай талап қойылмаған-ды. Сірә, ол кезде биологиялық тазалауға аса мән берілмегенге ұқсайды. Дегенмен, енді жаңа ережеге бағынуға тура келеді. Ал, кәріз стансаларын қайта жабдықтауға қомақты қаражат қажет. Оны кім береді? Әлде 2017-2019 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаға енгізе ме? Сөз ретінде айтар болсақ, Атырау мұнай өңдеу зауыты пайдаланып отырған буландыру алаңындағы ахуал да осындай.

Жалпы, бүгінде мекеменің меншігіндегі ауыз су желісінің 30-40, ал, кәріз құбырының 60-70 пайызы ескірген. Соларды біртіндеп ауыстыру жүріп жатыр. Алдағы жылдарға белгіленген жұмыстардың да дені осы бағытта. Бұл ретте қазіргі қолданыстағы тариф бес жыл бойы өзгертілмейді. Оны кәсіпорын басшысы тым жоғары да санамайды. Мәселен, әр литр ауыз суға төленетін төлем құтыдағы осындай судың бағасымен бағамдағанда едәуір арзан. Соның өзінде жеке тұрғындардың берешегі 8 млн. теңгені құрапты. Заңды тұлғалардың қарызы бұдан да көп. Тек Балықшы кентіндегі жылыту қазандығының ғана борышы 15 млн. теңгеге жеткен. Бүгінде «АтырауСуАрнасы» жұрттан алажағын қайтару үшін сотқа жүгінуге мәжбүр.

Қорыта айтқанда, кәсіпорында жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Шындығында, бұл – үздіксіз жүретін процесс. Соның нәтижесінде мекеменің мүмкіндігі артып, халыққа қызмет көрсету сапасы жақсарады.

 

Тұтынушыларды есептеу құралымен қамту – 98 пайыз.

Ауыз су желісінің  ұзындығы – 1000 км.

Кәріз құбырының  ұзындығы – 400 км.

 

Тарифтік төлем

Ауыз су:

Жеке  тұлғаларға қосымша құн салығынсыз – 101,33 теңге.

Заңды тұлғаларға қосымша құн салығынсыз – 316,72 теңге.

Кәріз суы:

Жеке тұлғаларға қосымша құн салығынсыз – 35 теңге.

Заңды тұлғаларға қосымша құн салығынсыз – 151,98 теңге.

 

2017 жылға арналған кәсіпорын жоспары:

Орталық диспетчерлік бекетіне толық ақпарат беретін 130 жабдық орнату.

Кәсіпорын қорындағы механикалық цехты күрделі жөндеу.

Ауыз суды залалсыздандыру үшін натрий хлориді ерітіндісіне көшу.

Жалпыүйлік су есептегіш құралдарын орнатуды жалғастыру.

Атырау қаласы маңындағы елді мекендерде қашықтықтан басқарылатын 75 су көрсеткіш құралын қондыру.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button