Атыраулықтар жол құрылысын онлайн бақылап отыра алады
«Атырау Цифрлық Қабылдау» қалалық мобильді қосымшасында жол құрылысының ағымдағы көлемін көруге мүмкіндік беретін «Жол» модулі ашылды.
Атырау облысы әкімдігінің хабарлауынша, модульде құрылыс жүріп жатқан және жоспарланған жол учаскелері бейнеленген. Тұрғындар олардың арасынан өздеріне қажетті көшені таба алады. Сондай-ақ, жол құрылысына қатысты өз пікірлерін қалдыруларына болады.
— Қазіргі уақытта аталған модуль тестілеу сатысында, біз қала тұрғындары өз ұсыныстарымен соңғы нұсқасын қалыптастыруға көмектеседі деп үміттенеміз. Пайдаланушылар өз көшесін таба алады және жол құрылысына қатысты өз ұсыныстарымен бірге бізге хабарлама, фото немесе бейне жібере алады, — деді Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілдері.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы Атырау облысында 371 шақырым жол салынды, бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 2 есе артық. Биыл облыс орталығындағы жолдарды салу мен жөндеуге ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, желтоқсанға дейін жалпы ұзындығы 280 шақырым болатын 330 көшеге асфальт төсеу жоспарлануда.
Хорлан Смадияр