Атыраулықтар латын қарпінің бірыңғай нұсқасын енгізуге қатысты пікір білдірді
Бүгін Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай нұсқасын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өткен болатын. Осыған орай, мұнайлы өңір – Атырау облысының зиялы қауым өкілдері редакциямызға қоңырау шалып, латын қарпінің бірыңғай нұсқасын енгізуге байланысты өз ойларымен бөлісті.
Ғылымды дамытамыз десек…
Бүгін Парламент Мәжілісінде латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасы таныстырылды. Онда латынға көшудің жаңа жүйесі жөнінде айтылды.
Мәселен, жаңа конвертер жүйесін компьютерге немесе телефонға қондыру арқылы кез келген мәтінді латын әліпбиіне аударуға болады. Осының өзі неге тұрады?
Рас, бірыңғай латын әліпбиіне көшу уақыттың, әрі ана тілімізді түлету талабынан туындап отыр. Әйтсе де, мен бұдан басқа да аспектілерге тоқталғым келеді. Біріншіден, еліміз өсіп-өркендесін десек, білім мен ғылымды, басқа да маңызды салаларды әлемдік қалыпқа, яғни, дүниежүзілік стандартқа икемдеуіміз керек.
Екіншіден, мұнай-газ саласының барлық терминдері ағылшын тілінде. Сондықтан, латын әліпбиіне көшпей, өркениет көшіне ілесу қиын. Ал, өркениетті елдердің бәрі де латын әліпбиін қолданады. Ендеше, біз де сол елдердің даму жолына түсуіміз қажет.
Үшіншіден, Елбасының өзі айтып отырған «болашаққа бағдар» мен «рухани жаңғырудың» негізі осы латын әліпбиінде жатыр. Сайып келгенде, енді «жаңа әліпби бізге не береді?» деп емес, «біз оны қалай іске асырамыз?» деген бағытта жұмыстанатын кез келді.
Әли ӘБІШЕВ,
Атырау мұнай және газ университетінің ректоры.
Түркі дүниесіне жол ашады
Елбасы бізге ең алдымен рухани жаңғыру міндетін қойып отыр. Әсіресе, жаңа әліпбиге көшу – өте маңызды мәселе. Соның алғашқы қадамы бүгін Парламент қабырғасында жасалды десем артық болмас.
«Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдауда 25 таңбалы әліпбиге қосымша қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толығымен қамту үшін 8 дыбысты таңбалайтын 8 деграфта ұсынылды. Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Осы бағытта тілдің халықаралық мәртебесін көтеру – әлемдік өркениетке жетуіміздің айқын жолы. Сонымен бірге, жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін болады. Түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Енді бізге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Латынға көшуіміздің түпкі идеясы да осында жатыр.
Біздің ұлттық сана-сезіміміз, рухани дамуымыз, өркендеу жолымыз, осының барлығы қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан басталғалы отыр. Латын әліпбиіне көшкеннен кейін, жаһандану дәуіріне ену де анағұрлым жеңілдей түсер еді. Яғни, латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді тетік болары сөзсіз.
Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ,
халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы
Атырау облыстық филиалының төрағасы.
Әлемдік үрдіске – оң қадам
«Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау барысында өте өзекті мәселелер айтылды. Ғаламтор арқылы күнделікті жаңалықты қалт жібермей қарап отырамыз. Мен үшін бүгінгі күннің басты жаңалығы осы дер едім. Латын қарпін енгізу бастамасы өте орынды қозғалды. Өйткені, қазіргі кезде мемлекеттік тілді реформалауға сұраныс бар, халықтан қолдау зор. Сондықтан, латын әліпбиін дер уақытында енгізудің тиімді жолдарын қарастыру – ең өзекті мәселесінің бірі.
Себебі, қазіргі кезде Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан елдерін айтпағанның өзінде, төл әліпбилері бар Жапония, Қытай сияқты алпауыт мемлекеттер латын графикасындағы әліпбидің қосымша нұсқасын енгізіп отыр. Бұның бәрі қазіргі заманға сай қажеттіліктен туындап отырған реформалау екені даусыз.
Осы орайда жұртшылықтың латын әліпбиінің бірнеше нұсқасы бар, қайсысы дұрыс деген пікірталасы туындайтыны анық. Сондай сауалдарға Парламенттегі тыңдауда айтылған пікірлер жауап болды. Әсіресе, Ш.Шаяxметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық орталығының директоры Ербол Тілешовтің қазақ тілінің төл дыбыстарының таңбалануы туралы ұсынысын өте орынды деуге болады. Алдын ала көптеген тексерулерден, сараптамалардан өткізіп, қабылдаған латын әріптері алға қарай қатесіз, сауатты жазуға септігін тигізбек.
Латын тіліне көшу арқылы ғылым саласы бойынша да әлемдік кеңістікке шығуға мүмкіндік аламыз. Техниканың тілін еркін меңгерген мамандарымыз көп болады. Тілді реформалау еліміздің экономикалық, әлеуметтік жағынан да өрлеуіне жол ашары анық.
Ғабит ҚАБЕКЕНОВ,
облыстық білім басқармасы
Әдістемелік кабинетінің директоры.
Латынға көшуді кешеуілдетпеуіміз керек
Президент Н.Назарбаев өз Жолдауында латын әліпбиіне көшу мәселесін орынды көтерді. Шын мәнінде, бұл мәселе өз шарықтау шегіне жеткен болатын. Латын әліпбиіне көшу мәселесінің айтылып келе жатқанына біраз уақыт болғанын көпшілік жақсы біледі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ел зиялылары кирил қарпіне негізделген қазақ жазуының әліпбиінен латын әліпбиіне көшу туралы қозғаған еді. Сол кезде кей ғалымдар көне түрік жазуын қолдаса, кейбіреулері Қытай, Моңғолия, Иран, Түркия, Ауғанстан мемлекеттерінде тұрып жатқан қандас бауырларымыздың араб жазуына негізделген қазақ жазуын қолданып жүргенін ескеріп, араб графикасына негізделген қазақ жазуын қолдаған болатын. Дегенмен де, сол кездің өзінде-ақ, латын әліпбиін қолдағандар басымырақ болғаны жасырын емес. Бүгінде бұлардың қатары көбеймесе азаймағаны анық.
Дүние жүзі халқының сексен пайызы қолданатын латын әліпбиі қазақ тілінің де бағын ашары сөзсіз. Тілді шұбарлауға сол арқылы нүкте қойыларына сенімдімін. Аталған әліпбиді енгізу — бүгінгі күннің талабы. Латын әліпбиі біздің жыл санауымыздан 800 жыл бұрын, яғни, үш мың жыл бұрын қолданыла бастаған. Осыған қарамастан әлі де бүкіл әлем тұрғындарына өте қажет болып отыр. Олай болса, ғалым ретінде латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізуді кешеуілдетпеу, тез арада көшуіміз қажет деп ойлаймын.
Қадыр ЖҮСІП,
филология ғылымдарының докторы.