Атыраулықтарға мұзда сырғанау қолжетімді ме?
Адамзат баласының жаратылысы қызық-ақ. Жаздың аптап ыстығында көлеңке қуалап, кеуіп қалған таңдайымызды салқын сумен жібітуге асығамыз. Сол кезде «Шіркін, қазір қыс мезгілі болса ғой» деп аңсайтынымыз шындық. Ал, қыс түсе қытымыр аяз қолымызды тоңдырып, бетімізді қарығанда «Қайран, жазым-ай» деп жатамыз. Бұл жылдың әр мезгілінің өзіндік ерекшеліктерін бағалай алмауымыздан болып жататын тәрізді. Қазір қыстың көзі қырауда. Жайық өзенінің бетіне мұз қатқан. Қалыңдығы сонша, кейбір тұстарда көліктің іздері сайрап жатыр. Бір сәт «Осы, біз неге мұз бетінде сырғанақ теппейміз? Неге мұз айдындарына бармаймыз?» деген сауал санамызда сайрай жөнеледі.
«Өзен мұзы еріп кетпесе екен…»
«Атырау жұртшылығына мұзда сырғанау, түрлі ойындар ойнау мүмкіндігі, жағдайлары қарастырылған ба? Өтіп жатқан қысқы олимпиадаға қатысушы қазақстандық спортшылардың ішінде неге бірде-бір атыраулық жоқ?» деген көкейді тескен сұрақтарға жауап іздедік. Алдымен, Атырау қаласындағы орталық көпір маңындағы ескек есу орталығына қарсы орналасқан арнайы мұзда сырғанау орындарына барып, жағдаймен таныстық. Мұз үстінде үш алаң, бір сырғанау төбешігі дайындалған. Екеуі де арнайы тіреулі ағаштармен хоккей ойнауға лайықталып қоршалған. Ойын құрылғылары көрер көзді қуантады. Аяғыңа конькиді киіп алып сырғанай жөнелгің келеді. Жұмыс күнінде барып қалғанымыздан ба, мұз үстінде сырғанап жүрген адам бірен-саран.
Ұл-қызымен бірге коньки теуіп жүрген қала тұрғыны Талғат Тұрғалиевты сөзге тартып көрдік.
– Қыс мезгілінде уақытым болғанда әрдайым балаларымды конькимен сырғанауға әкелемін, — деді ол, – Ұлым – тоғыз, қызым жеті жаста. Екеуі де алты жасынан бастап коньки тебеді. Өзім конькимен сырғанауды қатты жақсы көретіндіктен, балаларыма да үйреттім. «Мұз барда коньки теуіп қалайық» деп жиірек келіп жүрміз. Бұл жердің мұзы, әрине, арнайы айдындағыдай сапалы емес. Қала сыртындағы мұз айдынына барғымыз-ақ келеді. Бірақ, ол жаққа шықсаң, жол қатынасы да қиын, мұз алаңына кіру де ақылы. Сол себепті, бара алмай жүрміз. Қызымның икемі болғандықтан мәнерлеп сырғанау секциясына бергім келіп еді. Сұрастырсам, жалпы Атырауда мәнерлеп сырғанауға баулу қолға алынбаған екен. «Ондай үйірме жоқ» деді. Сондықтан, міне, өзім үйретіп жүрмін.
Осыны айтып күлімсіреген ол сырғанап ала жөнелді.
Арнайы алаңдар – халық үшін
Мұз үстіндегі арнайы алаңдар туралы білгіміз келіп, Атырау қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне хабарластық. Ондағы мамандардың айтуынша, бұл алаңдар бүгінгі күні тұрғындар көп жиналатын орынға айналған.
Мемлекет тарапынан ақша бөлмей-ақ жасақталған алаңдарда бүгінгі күні облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруларымен көптеген шара өткізілген. Олардың басы қаңтар айында атыраулықтардың ХХІІІ Қысқы олимпиада ойындарында Қазақстан намысын қорғайтын спортшыларға қолдау білдірулерімен басталған. Онда отбасылық спорттық жарыстар ұйымдастырылып, қысқы ойын түрлері насихатталған.
Ақпан айының басында жергілікті «Бейбарыс» хоккей командасы халықпен кездесу өткізіп, клуб ойыншылары өз шеберліктерін паш етті. Одан бөлек, жергілікті спорт мектептері арасында хоккейден жарыс өткізілген. Осы алаңдар жасақталғалы бері әр сенбі, жексенбі күндері сағат 10-нан 16-ға дейін тұрғындарға коньки, хоккей таяғы (клюшка) тегін беріледі. Бұл үрдісті мұзда жүру қауіпті болған кезге дейін жалғастыру көзделіпті.
Қолда бардың қадірін…
Бұл жағдайға қаныққан соң, қала шетіндегі Хиуаз Доспанова атындағы Атырау мұз айдыны сарайына барып, оның жұмыс барысымен таныстық. Қаламызды көріктендіріп тұрған зәулім ғимараттардың бірі бұдан тоғыз жыл бұрын пайдалануға берілген. Нысанның негізгі бөлігінде ұзындығы 60 метр, ені 30 метр болатын мұз айдыны және 600 көрерменге арналған зал орналасқан.
Мұз айдынының жалпы мүмкіндігі мен халыққа қызмет көрсету жұмыстары жөніндегі сауалдарымызға аға менеджер Әмина Мұханғалиева былай деп жауап берді:
– Біздің мекеме халыққа қызмет көрсетуді қазан айында бастайды да, ол сәуір айының аяғына дейін созылады. Одан кейін мұз ерітіледі. Мұнда бүгінгі күні хоккей секциясы жұмыс істеп тұр. Оған қаламыздағы мектептердің оқушылары келіп қатысады. Топтар жас шамасына қарай бөлінеді. Секцияға қатысу ақысыз.
Мұнда сенбі және жексенбі күндері сағат 16-дан түнгі 22-ге дейін жаппай конькимен сырғанау өткізіледі. Алаңның бір уақытта 150 адамды қабылдай алу мүмкіндігі бар. Мұзда сырғанау қолжетімділігін білуді мақсат еткендіктен, билет бағаларына назар салдық. Алаңға кіру ақысы ересектер үшін – 1000 теңге, студенттер үшін – 500 теңге, 15 жасқа дейінгі балалар үшін 300 теңге екен. Ал, жеті жасқа дейінгі балаларға кіру тегін. Конькиді жалға алу құны – 500 теңге.
Атыраудың намысын қорғап жүрген, шайбалы хоккейден еліміздің үш дүркін чемпионы «Бейбарыс» клубының ойындары мен жаттығулары осы мұз айдынында өткізіліп жүр. Өкінішке орай, клубтың ойынын тамашалауға келушілер некен-саяқ. Бұл мұз айдыны сарайының шалғайда орналасуы мен оған барар жол қатынасының қиындығынан ба?
Мұз айдынына бару мұң
Мұз айдынына жету, қоғамдық көлік ретінің жүру жолдарының машақаты көп. Бұған өзіміз де көз жеткіздік. Бұл бағытқа тек «30а» маршруты ғана қатынайды. Сәтбаев көшесі бойындағы «Академия» деп аталып кеткен аялдамаға келіп, мұз айдынына жеткізер көлікті күтесің. Сол аялдаманың тұсында Нұрсая ықшамауданына жүретін 100 теңгелік таксилер бар. Жүргізуші мұз айдынына барса, әр адам басына 200 теңгеден алатынын айтты. Сол мезетте «30а» деген жазуы бар «Газель» автокөлігінің келе қалғаны. Өзі шағын көліктің іші адамға толы. Отырар орын болмаса да, тұрарға орын табылды.
Мінген көлігіміз тұрғын үйлерінің саны да, жер аумағы да күннен-күнге артып келе жатқан Нұрсая ықшамауданның ішін біраз аралап, «Полиция» деген аялдамаға келіп тұрған соң, көлік кондукторы өздерінің одан әрі жүрмейтіндіктерін хабарлады.
Діттеген жеріне жете алмаған, менен де басқа әуежайға баратын бір әйел бар екен. Мән-жайды түсіндіруді сұрағанымызда, бұл бағыттағы өзге көліктер сол күні шықпай қалғанын, өздеріне әуежайға бару тиімсіз екендігін жеткізді. Жолда қалған бізге барар жерімізге жету үшін такси ұстаудан басқа амал қалмады.
Түйін
Мұз айдыны сарайына бір барғандағы көрген жол қиындығы осындай. Қарапайым халықтың бұл бағытқа баруға неге бетінен басатынын енді түсінгендейміз. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, бүгінгі күні Атырау тұрғындарына мұзда сырғанау әзірге қызығынан гөрі машақаты көп әурешілік сияқты. Көлік қатынасына көңілің көншімеген соң, көңіл көтеріп көк мұзда сырғанау қайдан болсын?! Көпшіліктің салы суға кетіп, көксеген ойларын жүзеге асыра алмайтыны осындай келеңсіздіктерден екендігі ақиқат.
Жоғарыдағы жағдайларды білу арқылы төрткүл дүние көз тігіп, тамашалап отырған қысқы олимпиадаға Атырау өңірінен спортшылар неге бармағанына да жауап тапқандаймыз. Көш жүре түзелер. Үмітімізді үзбейік…
Мұратбек ЖАҢАБАЙ