Атыраулық спортшылар қола медальмен оралды
Атыраулық жас грек-римшілер Айдын Елемесов пен Диас Ихсанов жасөспірімдер арасында Ресейде өткен халықаралық турнирде қола медаль алып келді. Еліміздің намысын абыроймен қорғаған жас спортшылардың екеуі де Атырау қаласы Жұмыскер селолық округінде орналасқан Исатай Тайманов атындағы орта мектепте оқиды.
Жас спортшылардың жаттықтырушысы Ербол Әділбаевтың айтуынша, шәкіртінің екеуі де грек-рим техникасын жетік меңгерген.
– Турнир жоғары дәрежеде өтті. Оны спортшылардың дайындық бабынан-ақ байқауға болады. Мәселен, Айдын 36 кг салмақта өнер көрсетті. Жарыс кезінде үш спортшымен кездесіп, екеуін айқын басымдықпен жеңді. Жақында ғана Айдын спорт шебері атағына үміткер атанды, – дейді жаттықтырушы Ербол Әділбаев.
Айта кетелік, санаулы күндер бұрын көршілес Ресейдің Саратов қаласында КСРО-ның спорт шебері, жоғары дәрежелі тренер Конопелько Андрей Артемовичтің атындағы грек-рим күресінен халықаралық турнир болып өтті. Барлығы он екі команда бақ сынасқан спорт сайысынан атыраулық жеткіншектер табысты оралды.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.