Атыраулық үш ұстаз «үздік педагог» атанды (ФОТО)
Атыраулық үш ұстаз «Үздік педагог-2017» республикалық байқауынан олжалы оралды. Оларды облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қабылдап, құрмет көрсетті.
«Бұл жетістік – бүкіл облыс мұғалімдерінің жеңісі. Ылғи сынды айта бергеннен гөрі, осындай жетістіктерімізге де тоқталып тұрғанның артығы жоқ. Соңғы жылдары білім саласына барлық мүмкіндік жасалуда, құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған, инклюзивті білім беру, тәрбие мәселесі өңірде жоғары деңгейде жүзеге асып келеді. Атыраулық ұстаздардың еңбегі еленіп, жетістіктері көбейе берсін»,-деді қабылдауда өңір басшысы Нұрлан Ноғаев.
Жекелей тоқталсақ, облыстық дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар ұлттық гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Қуандықова, Атырау қаласындағы Д.Байбосынов атындағы №13 ұлттық гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі Ақманар Жиенқұлова мен Атырау политехникалық колледжінің оқытушысы Саяхат Бекмұрзиева «Үздік педагог» төсбелгісіне ие болды.
Айта кетейік, республика бойынша ұйымдастырылған байқауға 600-ге тарта мұғалім қатысып, соның 48-і жүлдегер атанған. Бұл ретте олардың соңғы бес жылдағы білім берудегі барлық жетістіктері ескерілген.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ