Атыраулық сарапшылар латын әліпбиінің ерекшелігін атады
«Латын әліпбиі қазаққа жат емес. Ең алдымен, латын әліпбиіне көшу ұлттық сананы жаңғырту үшін керек. Екіншіден, латын жазуы қолданысқа оңай, игеруге де ыңғайлы» деді Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Мәншүк Мұханбетқалиева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен «дөңгелек үстел» шарасында.
Оның пікірінше, латын графикасы ақпараттық-технологиялар саласын дамытуға септігін тигізеді. «Латын әліпбиі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтеді. Нәтижесінде, шет елде жүрген қандастарымыздың да қазақ жерінде болып жатқан жаңалықтан хабардар болуына мүмкіндік зор» деп атап өтті спикер.
Айта кетелік, Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен шараға «Қазақ тілі» қоғамының Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы, «Тіл жанашыры» Құрмет белгісінің иегері Әбілхан Төлеуішов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті көптілді білім беру факультетінің деканы Жұмазия Әбдірахманова, Атырау мұнай және газ университеті Қазақстан тарихы және әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Болат Нығметов қатысты.
Өңірлік коммуникациялар қызметі.