Атыраулық кәсіпкер 3 мың доллар грант ұтып алды (ФОТО)
Атырау қаласындағы ісін енді бастап жатқан әлеуметтік кәсіпкерлер өз бизнесін жүргізуге грант жеңіп алды.
Жуырда «Стартаптар шайқасы» атты бизнес-байқаудың жеңімпаздары анықталды. Олар өздерінің әлеуметтік бизнесін бастау үшін «Шеврон» компаниясының 3000 доллар қаражатына ие болды. Солардың бірі – атыраулық өнертапқыш, «Ақылды ағаш» жобасының авторы Ержан Нұриденов (Ол туралы бұған дейін де газетімізде жарық көрген болатын. Автор).
Байқау былтыр бастау алған «I-SEED: Әлеуметтік кәсіпкерлік және білім беру» жобасының шеңберінде өткізілді. Жоба менеджері Арсен Камбаловтың айтуынша, бұл – облыс әкімдігі, «Британдық Кеңес» ұйымы мен «Шеврон» компаниясының бірлескен жобасы. Оған 16 мен 29 жас аралығындағы атыраулық жастардан құралған он команда қатысып, бақтарын сынады. Сөйтіп, инклюзивтік және формалды емес білім беру, жастарды жұмысқа орналастыру, қайырымдылық, баламалы энергия көздерін дамыту саласындағы бизнес-бастамаларын ұсынды.
«Шеврон» мекемесі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалы мен «British Council» («Британдық Кеңес») өкілдерінен құралған қазылар алқасы үміткерлердің жұмысын төрт критерий бойынша бағалады. Олар – таныстырылымның сапасы, бизнес-модельдің өміршеңдігі, кәсіпкерлік арқылы шешілетін әлеуметтік мәселенің өзектілігі және жобаның іске қосылуға дайындығы.
Амандық Абдол