Атыраулық азаматша алаяқтық жасап, мемлекет қаржысын жымқырған
Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлерімен жүргізілген жедел — іздестіру шараларының нәтижесінде Атырау қаласының тұрғыны, азаматша Қали Г.Қ. алаяқтық іс-әрекет жасап, мемлекет қаржысын жымқырғандығы анықталды.
Азаматша Қали Г.Қ. жүктілікке және бала босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы көлемін жоғарылату мақсатында тиісті құжаттарды, оның ішінде соңғы 12 ай бойынша жалған жалақы туралы анықтама дайындаған. Жалған анықтаманы жеке кәсіпкер «С.Ә.» -ның атынан ресімдеген.
Өз кезегінде, «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» Департаменті азаматша Г.Қ.Қалидың қылмыстық ойын және ұсынылған құжаттардың жалған екенін білмей, оның жәрдемақы алу құжаттарын жасақтап, оны «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның Атырау облыстық филиалына жолдаған. Содан азаматша Г.Қ.Қалидың ұсынған есеп шотына ақша қаражаты аударылған.
Өзінің қылмыстық әрекеті нәтижесінде айыпталушы мемлекетке 1 млн. 84 мың 556 теңге көлемінде залал келтірген.
2017 жылдың 4 желтоқсанында №2 Атырау қалалық сотының үкімімен азаматша Қали Г.Қ. Қылмыстық Кодекстің 190-інші бабының, 3-інші бөлігінің 1-інші тармағында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 (үш) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Алайда, Қылмыстық Кодекстің 63-інші бабының негізінде Г.Қ.Қалиға тағайындалған жаза шартты деп саналды.
Айдос Қарабала
Фото today.kz сайтынан алынған