Атыраудың Мақат ауданында мектеп өртенді (ФОТО)
Мақат ауданындағы №2 бастауыш мектептен өрт шықты. Мектептен дабыл түскен бойда аудандық Өрт сөндіру бөлімінің газ-түтіннен қорғау қызметі дәліз арқылы 62 оқушы мен 6 мұғалімді қауіпсіз жерге көшірді. Зардап шеккен бір адам құтқарылып, оған алғашқы көмек көрсетілді.
Аудандағы Төтенше жағдайлар бөлімі білім ордаларында төтенше жағдай орын алған кездегі қауіпті оқиғалардың алдын-алу, мекеме басшылығының, қызметкерлерінің және оқушылардың іс-қимылы бағытын түсіндіру мақсатында оқу-жаттығу өткізді. Шараға жауынгерлік есептегі 2 автокөлік, өрт-техникалық құрал жабдықтары, «Атырау Жарық», «ҚазТрансГазАймақ», «Жедел-жәрдем қызметі» және ішкі істер бөлімінің шұғыл әрекет ету жасағы жұмылдырылды.
Өрт қауіпсіздігін білу – әр азаматтың міндеті. Мектептің басшысы Сәния Телеубаеваның айтуынша мектептегі барлық қызметкерлер арнайы білімін жетілдіру курстарынан өтіп, сақтық шараларының әрекеттерін жетік меңгерген.
Сонымен қатар, мектеп оқушыларына да психологиялық тұрғыда түсінік жұмыстарын жүргізіп, сақтық шаралары мен әрекет ету жолдары түсіндірілген.
Лена НҰРБАЕВА.