Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

Атыраудың аспанындағы «түсініксіз құбылыс» «Тополь-М» баллистикалық зымыраны болып шықты (ФОТО)

Кеше, яғни, 26 қыркүйек күні кеші сағат 21:00 мен 22-00-дің арасында Атыраудың аспанында түсініксіз құбылыс пайда болған еді. Ол Ресей Федерациясының ұшырған «Тополь-М» РС-12М баллистикалық зымыраны болып шықты.

IMG_6260-web

Мұнайлы өңірдің жұртшылығы қара аспанда пайда болған көріністен ерекше сәулелерге толы бейнені анық байқаған. Кейін ол бейне дөңгелек екі шарға айналып, аспанда ұзақ тұрған.

Бір қызығы, түсініксіз сопақ бейне неке сақинасына ұқсас дөңгелекке айналмас бұрын, оның бас жағында көк түсті «тұмсыққа» ұқсас нәрсе мен соңында қызыл түсті іздер де көрінген еді.

Бұл түсініксіз көріністі тамашалаған мұнайлы өңірдің жұртшылығы аталмыш нәрсені «ұшатын тарелкеге» теңеген болатын.

Бүгін осы жәйтке байланысты Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі арнайы мәлімдеме жасады.

IMG_5079

Олардың мәлімдеуінше, Ресейдің стратегиялық мақсаттағы зымыран әскері ағымдағы жылдың 26 қыркүйегінде «Тополь-М» РС-12М құрлықаралық баллистикалық зымыранын сынақтан сәтті өткізіпті.

– Бұл зымыранды ұшырудың мақсаты – құрлықаралық баллистикалық зымыранның әскери қауқарын сынап көру болып табылады. Зымыран Астрахань облысының «Капустин Яр» полигонынан ұшырылып, Қазақстандағы межеленген «Сары Шаған» полигонына дәлме-дәл түсіп, сынақ мақсатын толықтай орындады, – делінген РФ Қорғаныс министрлігінің таратқан ақпаратында.

Бір ерекшелігі – осы зымыран ұшырылардан бір күн бұрын Атырау облысының ауа-райы күрт суытып кеткен болатын. Сынақтан өткізілген баллистикалық зымыранның ауа-райына қаншалықты қатысы барын білмек болып, «Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалының директоры Салауат Төленовке хабарласқанымызда, ол «Ешқандай қатысы жоқ» деп жауап берді.

Айта кетейік, әлеуметтік желі қолданушылары Атыраудың аспанындағы «түсініксіз құбылысты» Астана қаласы мен Қарағанды, Маңғыстау облыстарынан да байқағандарын жазуда.

Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button