Жарнама
ЖаңалықтарЭкономикаҚоғам

Атыраудың ақ күріші көп кешікпей үйреншікті ұғымға айналады

 

Қазақстанда аса маңызды азық-түліктік дақыл болып есептелетін екпе күріш   негізінен Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарындағы Сырдария, Іле, Қаратал өзендерінің атырабында өсіріледі. Қазақ жеріндегі күріштің сипаттамасы мынадай: биіктігі – 60-150 сантиметр, бір жылдық, шашақты тамыры 70-80 сантиметрге дейін кетеді. Жылуды, суды көп қажет ететін екпе күріштердің сұрыбына сәйкес вегетациялық кезеңі – 90-130 күн. Елімізде жыл сайын жан басына шаққанда, орта есеппен 9 келі күріш жинап алынады. Бұл тұтыну көрсеткішінен төмен. Дастархандағы орны бойынша елімізде күріш бидайдан кейінгі екінші дақылға айналып отыр. Қазақстанға Ресейден, Қытайдан, басқа да мемлекеттерден әкелінетіндігін ескерсек, атыраулық дихандардың күріш өсіру бастамасы қолдауға тұрарлық іс екені даусыз.

rice

Кеңөзек ауылдық округіне қарасты «Камалов» шаруа қожалығының жетекшісі Омар Камалов  алғаш рет жиырма соттық жерге тәжірибе ретінде күріш дақылын егуді қолға алды. Оның айтуынша, күріштің тұқымын Өзбекстаннан арнайы әкеліпті. «Авангард»  сұрыпты күріш қазір үш күнде бір рет суаруда. Егістіктегі кішкентай өскіндерден қоңыр күзде екі тоннаға жуық өнім жинау көзделуде. Қазір егістік алқапта  қырықтан астам адам еңбек етеді. Олардың мақсаты – сапалы әрі табиғи таза өнімді тұтынушы дастарханына неғұрлым тезірек жеткізу.

– Қазақстанның күн санап дамып келе жатқанына қуаныштымын. Әлем көз тіккен «ЭКСПО–2017» халықаралық көрмесінің күн мен желдің және судың энергиясын кәдеге жарату тақырыбында ұйымдастырылуы біз үшін өте маңызды. Болашақта табиғат энергиясын егін шаруашылығын дамытуға жұмсалатын мүмкіндіктерін қарастыратын боламыз. Биыл азғантай жерімізден межелі өнімімізді жинап алатын болсақ, күріш алқабының көлемін кеңейтеміз деген ойдамыз, — дейді шаруа қожалығының жетекшісі Омар Камалов бізбен әңгімесінде.

Тағы бір қандасымыз Гүлстан Нұрмаханованың атажұртқа қоныс аударғанына 12 жылдың жүзі болды. Өзбек жерінде көкөніс, бау-бақша дақылдарын егумен машықтанған екен. Атырау өңіріне келгелі де үйреншікті кәсібі – егіншілікті жалғастырып отыр.  Гүлстан – агроном. Жер-ананы баптап күтуді жетік білетін ол отбасымен көктем шығысымен егіс танаптарындағы қызу да қарбалас шаруаға кіріскен. Биыл 25 гектар жерге қырыққабат, сәбіз, асқабақ, қызанақ, қауын, қарбыз өсіруде.

Ал, Жолдасбай Әбеновтің егістігінде де қазір жұмыс қызған. Қарақалпақстаннан оралған азамат түрлі гүл мен жемістердің көшеттерін жылыжайда егіп, саудалайды. Биыл алғаш рет тамшылатып суару әдісімен ашық алаңда егін егуді қолға алды. Төгілген тердің зая кетпейтініне сенімді. Оны мазалайтыны – өзіне тиесілі жердің жоқтығы. «Пайдаға жаратылмай, бос жатқан жерлерді біз сияқты жұмыс жасайтындарға берсе, бәсекелестік артады.  Жер-ана еңбек еткен адамға қашан да жомарттық танытады,- дейді ол.

Бақытжан ЖҰМАТ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button