Атыраудан шыққан үздік педагог
өзіне берілген сыйақыны өзі жұмыс істеген мектептерге тарту етті.
Мұғалім — барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйре тетін мейірімді абзал жан. Ұстаздықты дүниедегі мамандық атаулының төресі деп атауы да сондықтан. Жыл сайын осынау киелі де мәртебелі мамандық иелерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Астанада республикалық «Үздік педагог – 2016» байқауының жеңімпаздары анықталады. Осы жылы да ұйымдастырушылар бұл дәстүрден айналып өтпеді. Арнайы республикалық комиссияның іріктеуі нәтижесінде 48 мұғалім және колледж оқытушылары осы атақты иеленді. Елорда төрінде құрмет пен қошеметке ие болған ұстаздар қатарында Атыраудан үш педагог бар. Олардың екеуі – қазақ—түрік лицейі мен колледж оқытушысы. Сонымен қатар, жай ғана орта мектепте талай дарынды шәкірттерді тәрбиелеп шығарған Атырау қаласындағы С.Мұқанов атындағы №10 орта мектептің химия—биология және өзін—өзі тану пәндерінің жоғары санатты мұғалімі Күләш Мұңайтбасова да марапат иелерінің қатарынан табылды.
Байқауға қатысуға еліміз бойынша 5620 өтініш түскен. Үміткерлерге бірқатар қатаң талаптар қойылды. Олар саладағы жоғары жетістіктерімен қатар білім беру ісімен кем дегенде бес жыл жұмыс істеуі тиіс. Комиссия мүшелері үздіктерді анықтау барысында соңғы бес жылғы еңбек нәтижесіне мән берген. Айта кетсек, Күләш Хамитқызы соңғы бес жыл ішінде өз тәжірибесімен бөлісу мақсатында халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатынасып, еңбектері жинақтарда жарияланған. Ғылыми-танымдық педагогикалық журналдарға авторлық бағдарламалары, соның ішінде биология пәнінен — екі, ал, химиядан үш таңдау және қолданбалы курс бағдарламалары, сондай-ақ, ұстаздың «Химиядан сандық және сапалық есептерді шығару үлгісі» авторлық әдістемелік көмекші құралы, жинақтап айтқанда, химия, биология және өзін-өзі тану пәндерінен 25 ғылыми-әдістемелік еңбектері жарық көрді. Оған қоса, республикалық, облыстық баспа беттерінде де мақалалары жарияланды.
Ұстаз еңбегі, әрине, шәкірттерінің білімімен бағаланады. Күләш Мұңайтбасованың да бұл саладағы еңбегі жеміссіз болған жоқ. Оқушылары түрлі деңгейдегі сайыстарда көзге түсіп, химия-биология, өзін-өзі тану пәндерінен жоғары көрсеткіштерге жетіп, ғылыми жобалар байқауында топ жарып жүр. Шәкірттері Сүлеймен Демирел атындағы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік, Уфа мемлекеттік мұнай техникалық, Қ.Яссауи атындағы қазақ-түрік, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеттерінің ректор гранттарын жеңіп алып, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік, Алматы ұлттық аграрлық университетінің, Алматы технология университетінің мекмлекеттік гранттарының иегерлері атанды. Бұл – тек соңғы бес жыл ішіндегі нәтиже. Оқушыларының жетістіктері үшін Күләш Хамитқызы жоғары оқу орындарындағы ректорлардың бірнеше мәрте Алғыс хат, дипломдарымен марапатталды.
Ұстаз берген тәрбие – әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ. Ұлағатты ұстаздың ұзақ жылғы осындай адал еңбегі лайықты бағаланып, облыстық кадрлар біліктілігін арттыратын және қайта даярлайтын институтының академиялық доценті, Педагогика ғылымдар академиясының мүшесі, Халықаралық Экология және Инженерия академиясының мүшесі, сертификатталған І (ілгері) деңгей мұғалімі атақтарын алып, үш мәрте ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын иеленді. Сондай-ақ, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері мен кеудесінде жарқыраған «Ы.Алтынсарин», «А.Байтұрсынов» төсбелгілері, «Лучшие люди» халықаралық энциклопедияның құрмет белгісі де тынымсыз еңбегінің ай-ғағындай.
Білікті ұстаз тек оқушыларына ғана білім беріп қоймай, сонымен қатар, мектеп мұғалімдерімен тәжірибе алмасу мақсатында «Тәжірибедегі рефлексия» курсын тәмамдап, қазіргі таңда мектепішілік тренер қызметін қоса атқаруда.
— Мұғалім еңбегінің бағаланғаны, әрине, жақсы. Бірақ, мен бұл байқауға атақ, марапат алу үшін емес, абырой үшін, Ұлағатты ұстаздың мәртебесін көтеру үшін республикалық деңгейде ғалымдардың, Білім және ғылым министрлігі қызметкерлерінің әділ бағалауы маңызды еді. Егер өзіңді қамшылап, тер төгіп, уақытпен еш санаспай қызмет етсең, марапат сені өзі іздеп келеді. Менің ең басты мақсатым – тиянақты, терең, сапалы білім беріп және олардың алған теориялық білімдерін өмірде қолдана білуіне бағыттау. Облыс көлемінде дарынды мектептерге қарағанда қарапайым мектептер саны басым. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, қатардағы мектептерде де үздік оқушылар баршылық. Міне, басты міндет — олардың қабілеттерін, мүмкіндіктерін ашуға ықпал ету, болашақта мамандық таңдауына бағыт беру, — дейді ұстаз бізбен әңгімесінде.
Осындай жұмыстар нәтижесінде соңғы бес жылдың ішінде, 13 шәкірті ҰБТ-да химия пәнін таңдап, орташа ұпайы жиырма болды («бес» деген баға алған — ред.). Соның ішінде, жетеуі – грант иегерлері. Қазіргі таңда Ақтөбе өңірінде жеті оқушысы ұстаздық қызмет атқарса, ал, болашақ химия пәнінің мұғалімі болуды мақсат еткен бес шәкіртінің екеуі Атырауда Х.Досмұхамедов атындағы университетін тамамдап, үшеуі дәріс алуда. Сондай-ақ, мұнай саласында еңбек етіп жатқан шәкірттері де баршылық.
Еселі еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Осыдан бес жыл бұрын Күләш Мұңайтбасова Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Қазақстанның Азаматтық Альянсы ұйымдастырған «Ең үздік маман» республикалық байқауында «Менің қосқан үлесім» атты номинациясы бойынша жеңімпаз атанған болатын. Егемендіктің ширек ғасыры тойланып отырған биылғы жыл да ұлағатты ұстаз үшін жемісті болып отыр. Педагогика ғылымдар академиясының ұйымдастыруымен өткен ІІІ «Үздік ұстаз-2016» республикалық тәуелсіз қоғамдық байқауда жүлделі І орынды жеңіп алса, енді, міне, ел бойынша үздіктер қатарынан көрініп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаеваның қолынан марапат алды. Бұл – инемен құдық қазғандай үлкен еңбектің жемісі. Алайда, Күләш Хамитқызы бұл марапат алға бұдан да ауыр жауапкершілікті жүктеп отырғанын айтады.
— Ең бастысы, атақ алу емес, — дейді үздік педагог, — алған марапатқа лайық болып, рейтингті ұстап тұру, Мәселенің бәрі 45 минуттық сабақтан басталады. Мұғалімнің әр сабағы «ашық сабақтай» өтуі тиіс. Осы еңбегімнің нәтижесін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына республика көлемінде білім саласына қосқан үлесім ретінде тарту етемін.
Байқау қорытындысымен әр жеңімпаз екі миллион теңгеден артық қаржылай сыйақымен, «Үздік педагог-2016» медалі және статуэткамен марапатталды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Күләш Мұңайтбасова алған сыйақысының бір бөлігін өзі қызмет ететін С.Мұқанов атындағы №10 орта мектеп пен еңбек жолын бастаған Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы Ащысай елді мекеніндегі Н.К.Крупская атындағы орта мектепке бөліп беруді жөн санап отыр.
— Химиядан оқушы олимпиада не ғылыми жобадан нәтижеге жетуі тілдік және математикалық сауаттылығына да байланысты. Сондықтан, қазақ тілі, математика пәндері мұғалімдерінің де үлкен еңбегі бар. Оларды да ұмытпауымыз керек. Ең бастысы, білімнің негізін қалаған бастауыш сынып мұғалімінің де еңбегі зор. Осыған орай алған сыйақымның белгілі бір мөлшерін өз мектебіме бөлуді жөн санап отырмын. Бұған қоса, ұстаздық әлемге жол сілтеген, алғашқы қызмет еткен ордам – Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ащысай елді мекеніндегі Н.К.Крупская атындағы орта мектепке де бір мөлшерін бөлгім келеді. Сонымен қатар, мектебімдегі әлеуметтік жағдайы төмен, ал білімге деген ынтасы жоғары оқушылар баршылық. Сондықтан осы оқу жылында мектебімде пәндік олимпиада және ғылыми жобадан республикалық деңгейге жеткен оқушының жол ақысын көтеруді де жоспарлаудамын, – дейді марапат иесі.
Міне, көпке үлгі болар өнегелі іс. Біз де марапат иесін атағымен, келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтап, осындай үлгілі үрдістің үзілмесіне тілектестік білдірдік.
Айгүл
Ертілеу
Біздің Хансұлу
Еңбегімен көрініп жүрген ұлағат ты ұстаздарымыз арамызда баршылық. Соның бірі – менің әріптесім Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің биология және ауыл шаруашылығы пәндері кафедрасының доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Хансұлу Құспанғалиқызы Құспанғалиева болатын.
Ол 1963 жылы Атырау қаласындағы №11 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің алғаш табалдырығын аттаса, 1973 жылы ВЛКСМ 50 жылдығы атындағы орта мектепті үздік бағамен бітіріп шығады. Сөйтіп, алтын ұясынан алған білімін әрі қарай жетілдіру үшін сол жылы Гурьев педагогикалық институтына оқуға түседі.
Бірінші курста оқып жүргеннің өзінде-ақ студенттердің ғылыми конференцияларына қатысып, аса құнды баяндамасы үшін жүлделі орынға да ие болады. Алғыр жас үшінші курста жүргенде-ақ өзі қалаған тақырыпты зерттеп, кейін бесінші курста дипломдық жұмысын үздік қорғап шығады. 1978 жылы жоғары оқу орнын «биология, қосымша химия пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп, дипломын қолына алысымен жас маман Қазақ ССР Ғылым Академиясының Бас ботаника бағының өңіріміздегі филиалында кіші ғылыми қызметкер болып еңбек жолын бастайды. Аз уақыт ішінде тәжірибе жинақтаған Хансұлу Құспанғалиқызының ғылыми ізденісіне сырттай тәнті болған институттағы ұстаздары оны аспирантураға оқуға шақырып, өздерімен бірге еңбектес болуға ұсыныс жасаған. Сөйтіп, болашағынан зор үміт күттірген маман араға екі жыл салып, өзі білім алған Гурьев педагогикалық институтына жұмысқа алынады.
Жаңа ғасырдың басында көп жылғы тәжірибесін ұштастырып, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, академик Қ.Асановтың ғылыми жетекшілігімен ғылыми диссертациясын ойдағыдай қорғап шығып, «Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты» дәрежесін иеленеді.
Хансұлу Құспанғалиқызы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жаратылыстану факультетінде 15 жылдай кафедра меңгерушісі бола жүріп, білім ордасына жұмысқа жаңадан келген жас мамандарға да өзінің білгені мен мол тәжірибесін үйретуден әсте жалыққан емес.
Әріптесіміз ұлағатты ұстаз болумен қатар, бір әулеттің шаңырағының шырайын келтіріп, ортасын берекеге толтырып отырған асыл жар, қадірлі ана, ардақты әже. Осыдан тура отыз сегіз жыл бұрын Жұмахан Шыныбековтей азаматпен жарасымды жұп құрып, шаңырақ көтерді. Олар өмірге Ерік, Данияр сынды алтындай ұрпақ әкеліп, тәрбиеледі. Үлкен ұлдары Ерік шет елден білім алып, бүгіндері туған жерінде білікті маман иесі атанып отыр. Ал, кіші ұлдары Данияр да мектепте оқып жүрген кезінде ағылшын тілін терең оқытатын гимназияның түлегі атанса, енді, міне, шетелден алған мамандығына қарай «АМӨЗ» мекемесінде еңбек етуде.
Шыныбековтер жанұясының ортасы бүгіндері Гүлдана, Айкөркемдей ибалы келіндермен ажарланып, олардан тараған Ясин, Расул, Дарина, Ясмин есімді немерелер де ата-әжелерінің көз қуанышына айналған.
Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
тарих ғылымдарының кандидаты.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.