Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

Атырауда жат ағымнан жапа шеккен отбасылар ашық хат жариялады

ҚР Білім және ғылым министрі

Е.К.Сағадиевке

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі

Н.Б.Ермекбаевқа

 

Атырау облысының әкімі,  

«Нұр Отан» партиясы

Атырау облыстық

филиалының төрағасы

Н.А.Ноғаевқа

Тәуелсіз Қазақ мемлекеті бүгінде әлемге бейбітшілік жаршысы ретінде танылып отыр. Біртұтас әрі зайырлы мемлекет ретінде Қазақ елі әр азаматтың бостандығы, қауіпсіздігі үшін барлық жағдайды жасады. Елімізде жүзеге асып жатқан конституциялық, әлеуметтік реформалар Қазақстанның ұлттық мүддені бірінші орынға қоятын мемлекет екендігін көрсетеді.

1

Десе де, күллі әлем алдында қазір жаһандық қауіпсіздік, терроризммен күрес мәселесі өткір тұр. Қазақстанда лаңкестік актілердің алғашқы белгілерінің осыдан алты жыл бұрын байқалғаны белгілі. Және алғашқы лаңкестік актілер өзіміз туып-өскен өлке Атырауда орын алды. Оң-солын тани қоймаған өрімдей қазақ жігіттері шет елден тараған улы идеологияның құрбанына айналды.

Қазіргі таңда қоғамда діни сауатсыздық мәселесі өткір тұр. Тіпті, терроризм, экстремизм, радикализм мәселелерінің әлемдік аренаның күн тәртібіндегі негізгі проблемаларға айналғанын жоғарыда атап өткендігімізді ескерсек, бұл жайтты үлкен дертке балауға болады. Біздер, ата-аналар, аталмыш заң дін атын жамылған жат ағымдармен күресте негізгі тетікке айналуы тиіс деп есептейміз.

Әсіресе, салафиттік ағым ұстанушылардың бүгінде зайырлы мемлекетті мойындамай, өздерінің ерушілерін халифат құру жолында қантөгіс жасауға шақырып жүргендері белгілі. Әсіресе, Сирия мен Ирак жерінде қазақстандықтардың, соның ішінде атыраулықтардың да содырлар қатарын толықтырып жүруі – ұлттық қауіпсіздігімізге үлкен сын. Демек, мемлекетті мойындамай, тәуелсіздігіміздің бас символдары – Әнұран, Елтаңба және Туымызға құрмет көрсетпей жүрген жат ағымдағылармен заңның күшімен күресуге тура келеді.

Осындай жат идеологияның әсіресе, бесіктен белі шықпаған мектеп оқушыларының санасын улап жатқандығы өкінішті. Бүлдіршін қыздардың мектеп формасын сақтамай, жастайынан хиджаб кигізуі, сондай-ақ, сурет салу, ән, дене шынықтыру пәндерін жоққа шығарып, мүлде қатыспау сынды жағдайлар,  сайып келгенде, ұрпақтар сабақтастығының біржола жойылуына алып келіп жатыр. Қазақтың өткенін, дәстүрін, тарихын сыйламайтын тұтас буын пайда болуда. Тіпті, олар қазақ халқының шежірелік және жеті ата дәстүрін терістейтін күйге түсті. «Қазақтар бір құдайға сенбеген, дінсіз болған, ата-бабаларымыз адасқан» деген түсініктермен қоғамдағы ахуалды ушықтыра түскендер елдің бірлігіне сына қаға бастады. Мұны қарапайым келін түсіру, жаназа сынды рәсімдерде айқын көріп те жүрміз.  Бұлардың бәрі, әрине, өте қауіпті құбылыс. Сондықтан, мұндай факторлармен түбегейлі әрі нәтижелі күресудің заңды негізі болуы құптарлық.

«Ел қорғайды», «Отанымыздың қауіпсіздігі үшін күреседі» деген үмітпен үкілеп өсірген ұлдарымыз Отан алдындағы парызын өтеуден безініп, шолақ балақты, қаба сақалды құл мінезді мәңгүртке, басқаны айтпағанда, мектеп жасындағы бүлдіршін қыздарымыз бесіктен белі шықпай жатып қолжаулыққа, күңге айналуда. Бұл – санаға еш симайтын, қоғам қабылдамайтын, қазақтың дініне, діліне, болмысына жат анайы құбылыс. Осының нәтижесінде некесіз балалар дүние есігін ашуда. Қазақтың тектілікке аса мән беріп, жеті атаға дейін қыз алыспау, тарихи тамырдан ажырамай, ата-баба шежіресін өмірлік үлгі ету сынды асыл қасиеттері де әдірем қалып барады.

Осы хатқа қол қойып отырған ата-аналар мен әйелдер ішінде балалары мен күйеулері қарулы қақтығыс ортасы – Сирияда қайтыс болғандар, терроризм мен экстремизм бабы бойынша сотталғандар да бар. Мұндай қасіретті ешкімнің басына бермесін деп тілейміз. Сондықтан, осы хат арқылы, еліміздің болашағына алаңдайтынымызды ашық білдіргіміз келеді.

Осы орайда, жат ағымнан жапа шеккен отбасылар ретінде елімізде дін саласында жаңадан қабылданып жатырған заңдар мен қажетті өзгерістерді қолдайтынымызды мәлімдейміз!

Ата-аналар қауымы еліміздегі дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға арналған өзгерістерді құптай отырып, қоғамдық дертке айналып кеткен жағдаймен күресте нақты нәтижелерге қол жетеріне сенеміз. Ұлттың ұлы, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген тамаша тәмсілі бар. Ендеше, жат ағыммен күрес мектептерден, оқу орнынан басталуы тиіс.

Ал, біз өз тарапымыздан қолымыздан келген көмекті беруге, өскелең ұрпақты сақтандыруға дайын екендігімізді жеткізгіміз келеді.

Алла Тағала елімізге тыныштық берсін, ұрпағымызды имандылықтан айырмасын!

ундеу_Страница_01

ундеу_Страница_02

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button