Атырауда жат ағымды ұстанушылар жас жігітті ұрып-соғып, 600 мың теңге талап еткен
16 қаңтар. Атырауда жат ағымды ұстанушылар жас жігітті ұрып-соғып, 600 мың теңге талап еткен. Бұл туралы облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Олардың айтуынша, 4 қаңтар күні, сағат 18:50 шамасында қалалық Ішкі істер басқармасына бір жігіт келіп, өзін ұрып кеткені жөнінде арызданған. Яғни, арызында көрсеткендей, оны С.Датов көшесіндегі, СМП-136 ықшамауданы маңында ресейлік нөмірлі «Лада 21114» маркалы автокөлігіне белгісіз біреулер отырғызып алған. Сөйтіп, Элеваторный жақтағы бейіт басына апарып, 2 жігіт ұрып-соққан көрінеді. Тіпті, күш көрсету барысында арматураны қолданған. Содан 2 сағат бойы жұдырықтың астына алып, 600 мың теңге тауып беруді талап еткен.
Осы арыз бойынша атыраулық полицейлерге шұғыл бағыттама беріліп, жедел іске кіріскен. Нәтижесінде, күдіктілердің жеке басы анықталды. Олар – 1987 және 1990 жылы туған Атырау қаласының тұрғындары болып шықты. Бұрын екеуі де сотталған екен. Сондай-ақ, олардың жат діни ағымды ұстанушылар екені нақтыланды.
Өкінішке қарай, бұл сәтте күдіктілер Атырау қаласынан із суытпай қашып үлгерген. Яғни, теміржол вокзалынан билет алып, Оңтүстік Қазақстан облысына кетіп қалған екен. Алайда, күдіктілердің ойлағаны жүзеге аспады. Олар көп ұзамай 11 қаңтар күні, Түркістан қаласында құрықталды.
Айта кеткен жөн, атыраулық полицейлер күдіктілерді ұстауда ІТ технологияларды кеңінен қолданған.
Сөйтіп, Атыраудағы тергеушінің сұрауы бойынша қалалық №2 сот Түркістан сотымен бейнебайланысқа шығып, күдіктілерді «бұлтартпай ұстау» шарасына санкция берген. Бүгінде қос айыпталушы жігіт қамауға алынып, Атырау қаласына жөнелтілген.
Қазіргі таңда Қылмыстық Кодекстің 125-бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.
Айқара Ғұмар
Фото kurer-sreda.ru сайтынан алынған
Неге қит етсе, «жат ағымды ұстанушылар»?! Қарақшы да, нашақор да солар ма? «Әуенді» өзгертетін уақыт болды ғой.