Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

Атырауда жарияланған ашық хатқа байланысты «дөңгелек үстел» өтті

Атырауда жат ағымнан жапа шеккен отбасылар ашық хат жариялады.  Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке,  Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевқа, Атырау облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Ноғаевтың атына жолданған хатта ата-аналар тәуелсіз Қазақ мемлекетінің бүгінде әлемге бейбітшілік пен ізгілік жаршысы ретінде танылып отырғанына назар аударады. Осы мәселеге орай, «Атырау» газеті редакциясында «дөңгелек үстел» өтті. Хат авторларының бірқатары шақырылған шараға Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев, Атырау облысы Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова, «Шапағат» деструктивті ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының теологы Амангелді Оразов қатысты. «Дөңгелек үстел» басындағы әңгімені облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов жүргізді.

ундеу_Страница_01

Қайролла  КӨШҚАЛИЕВ, Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы:

Хайролла Кушкалиев (4)

Еліміздегі діни ахуалдың күрделенуінің екі себебі бар. Біріншіден, тоқсаныншы жылдары елімізде радикалды идеологияға қарсы тұратын діни мамандар болған жоқ. Екіншіден, ұлттық құндылықтарымыздан, салт-дәстүрлерімізден өзіміз аса хабардар болмағаннан кейін, осы мұраны жастарға жеткізе алмадық. Ал, Парламент  қабырғасында талқыланып жатқан «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы кейбір заңнамаларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасында көптеген өзгерістер бар. Мәселен, деструктивті діни ағымның атрибутымен немесе киімімен қоғамдық орындарда жүруге тыйым салынады. Мысалы, ниқаб, паранжа. Сол сияқты, 16 жасқа дейінгі балалардың діни орындарға келуі үшін енді әкесінің де, анасының да жазбаша рұқсаты керек болады. Және шет елде діни білім алу мәселесін реттеу көзделуде. Заң қабылданған жағдайда, шет елде білім алам деуші азаматтарда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылымдарының немесе Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының рұқсаты болуы керек. Рұқсатнама болмаған жағдайда, шет елге асқан азамат жауапкершілікке тартылатын болады.

Ең бастысы, мынаны  түсінуіміз керек. Біз діни ағарту саласында он-он бес жылға артта қалып қойдық. Енді, осы вакуумның орнын толтыруға тиіспіз. Атырау қаласының өзінде қазір алты мешіт бар. Мұның сыртында Атыраудағы «СМП» ықшамауданынан сауат ашу орталығы ашылмақшы. Орталықта Әбу-Ханифа мәзһабы бойынша білім беріліп, дәріс оқылатын болады. Міне, осындай жұмыстардың өзі деструктивті ағымдармен күресте үлкен нәтиже береді деп ойлаймыз.

Құралай ОМАРҚҰЛОВА, ата-ана:

Куралай Омаркулова (1)

Қоғамда қазір дін мәселесі күрделі тұр. Әсіресе, салафизм ағымын ұстанушылар арасында шектен шығып, дәстүрге, ұлттық құндылықтарға ашық қарсылық көрсетіп жүргендер де бар.

Асылында, біз бүгінгі бейбіт күнімізге шүкіршілік етуіміз керек. Себебі, дінді ұстануға елімізде барлық мүмкіндік жасалып отыр. Мешіттер салынуда, намазханалар ашылуда. Сауат ашу орталықтарынан бастап, діни оқу орындары бар. Демек, біз азаматтарға барлық жағдайды жасап отырған еліміздің заңдарына бағынуға тиіспіз.

Бір ғана мектеп мәселесіне келсек, қазір көптеген оқушы қыз балалар хиджабқа байланысты сабаққа қатыса алмай отыр. Орамал тағу парыз болғанымен, қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін одан бөліне алмаймыз.

Екіншіден, жасырын неке, талақ мәселесін қатаң реттейтін кез келді. Біз ашық хатта осы мәселені де көтеріп отырмыз. Яғни, «тексіз ұрпақ» деген түсінік болмауы керек.

Мен де жат ағымнан жапа шеккен ата-анамын. Менің ұлым «ҚР Қылмыстық Кодексінің» 256 бабымен істі болды. Қазір ол Атырау қаласындағы УГ 157/9 ерлер түзету колониясында отыр. Екі немерем мен келінімді алып, осы қалаға көшіп келдік. Бастысы, ұлым өзінің қателігін түсінді. Біз көрген бейнетті жас ұрпақ көрмесе екен дейміз.

Асима ЗНАЛИЕВА, ата-ана:

Мен – Дамир Зналиевтің анасымын. Ұлым 16 жас шамасында намаз оқып бастады. Біздің әулетімізде бұрын бірде-бір адам намаз оқымағандықтан, ұлыммен тіл табысу қиынға соға бастады. Сөйтіп, бірден Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне бардым. Ол кезде нақты дінге байланысты заң болған жоқ. Сондықтан, мені «діни сенімге бостандық берілген. Біз тыйым сала алмаймыз» деп шығарып салды. Ұлым 18 жасқа толғанда,  әскерге жібергім келді. Бірақ, бұл әрекетімнен де еш нәтиже шықпады. Яғни, дер кезінде мен көмек ала алмадым. Сөйтіп жүргенде ұлым үйленді. Некеге отырды. «Енді түбі жақсы болар» деп үміттендім. Бірақ, бәрі бекер болып шықты. Ұлым алдымен Атыраудағы лаңкестік актілерге қатысты. Кейін Ауғанстан асып кетті. Некесі шайқалды. Қазір ұлымның өзегін өкініш өртеп отыр. Ол 2015 жылдан бері көзқарастарынан қайта бастағанын айтады. Түсінгенім, жат ағымның жолында шет ел асқан адамға елге кері қайту қиын екен. Оларды шейхтары жібермейді. Үрейде ұстайды. Пайдаланады. Осылайша, ұлымның алты жыл уақыты жат жерде өтті. Қазір өзі «анашым, осы жолдан өтпеген болсам, мүмкін көзқарасымнан қайтпаған да болар едім. Ит-құсқа жем болып далада қалмай, түрмеде отырсам да, өзімнің еліме оралғаныма шүкіршілік етемін» дейді. Ұлым жиырма жылға сотталды. Келіншегі тұрмыс құрып кетті. Бірінші некеден қалған баласы алты жаста.

Осы жерде сәбилерге екпе салдырмай жүрген ата-аналар мәселесін көтергім келеді. Екпеден бас тартудың соңы жаппай эпидемияға алып келуі мүмкін. Сондықтан, сәбиіне екпе салдырмаған ата-аналарды заңмен жауапкершілікке тарту мәселесі жолға қойылса деймін.

Злиха ДҮЙСЕКЕНОВА, Атырау облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

Злиха Кыдырбаевна (1)

Осы секілді қоғамдық маңызы бар мәселеге үн қосып отырған ата-аналарды көріп, риза болып отырмын. Жалпы, бұл келеңсіздіктің белең алып отырғаны, соның ішінде, төменгі сынып оқушылары арасында көбейіп кеткені алаңдатады. Бұл ретте нормативтік құжаттар, ереже, бұйрық, талаптар арқылы мектептер түрлі жұмыстар атқарып, күресіп келеді. Жетістіктерге де жетіп отырғанымызды айта кеткен жөн. Мәселен, осы оқу жылының басында, 1 қыркүйек күні 300-ге тарта осындай оқушы мектепке келді. Солармен жүргізілген кешенді жұмыстар нәтижесінде бүгінгі күні олардың саны 82-ге дейін азайды. Бір қуанарлығы, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде былтырғы оқу жылында райынан қайтқан оқушылар биыл ол қателікке ұрынбаған.

Аталған ашық хатты біз қуана қабылдап отырмыз. Үйде отырып-ақ, үлкен мәселеге орай өз пікірін білдіріп, келешек ұрпақ үшін алаңдаушылық танытқан белсенді аналарға ризамыз. Адасып жүрген ата-аналарға бұл қозғау салып, мәселеге көздерін аша түскендей.

Бүгінгі күні аталмыш проблема Атырау қаласы мектептерінде жиі кездесіп отыр. Қазіргі таңда қаладағы жеті мектептің ата-аналарынан «тыйым салынған ағымға балаларын мәжбүрлеп қатыстырып отыр. Біз осыған қарсымыз» деген бағыттағы 158 ата-анадан хат түсіп отыр.

Осы ретте, облыстық Білім саласын бақылау департаменті заң бұзушылыққа жол беріп отырған ата-аналарды жауапкершілікке тарта бастағанын айта кету керек. Мәселен, биылғы оқу жылының басынан бері білім саласындағы міндеттерін орындамағаны үшін бір ғана Атырау қаласында алты ата-анаға әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Қазіргі таңда басқа да жинақталған құжаттар қаралуда. Жалпы, бала тәрбиесіне қатысты заң талаптарын күшейту секілді ұсыныстар біздің де тарапымыздан министрлікке жолданды.

Маруся ТҰРҒАНОВА, ата-ана:

Маруся Турганова (1)

Заңға енгізілетін өзгерістерді қолдаймыз. Өйткені, бұл мәселе өз басымызға түсті. Қиындыққа тап болған сәтте Қазақстанның заңы, жауапты органдары көмектесті. Қазіргі таңда Сирия секілді елге кетіп жатқандардың арасында балаларымыздың жоқ екеніне қуанамыз. Бұның барлығы – айтып өткенімдей, заңның арқасы.

Біздің елімізде бәрі бар. Оқуға да, кәсіп ашып, бизнес бастауға да мүмкіндік мол. Балаларымыз соның қадірін жете түсінбей жатыр. «Аңдушыдан азғырушы күшті» деген, балалар ата-аналарынан гөрі, әсіре ағымдардың уағызын көбірек тыңдайды. Жастар бір-бірін жетектеп, өзі теріс бағытта болса, соңындағыларды да тізбектеп тарта жөнеледі.

Біз де үйде намаз оқимыз. Баламыз да намазға жығылғанын көргенде: «арақ ішіп, темекі тартпайды, қылмысқа бармайды» деп қуандық. Алайда, олай болмай шықты. Бірақ, қазір адасқан балаларымыз отбасына оралды. Бұл жоғарыда айтқанымдай, құзырлы органдар мен заңның күші. Балам бұрынғы жұмысын жалғастырып, бизнесіне кірісті. Айта кетерлігі, өзгелер секілді біздерде «теледидар қарама, ол – харам, сен кәпірсің» деген сияқты келіспеушіліктер болған жоқ. Тіпті, немерелерім де сабаққа бірыңғай формамен баратын болды.

Қазір теледидар не интернеттен адасқан ата-аналардың кіп-кішкентай балаларын бірге алып кетіп жатқанын көргенде, жүрегім ауырады. Ана ретінде жүрегім езіліп, қолына қару ұстаған балаларды көргенде жыладым. Сонда сәбидің обалы қайда? «Ең болмаса, баланы неге тастап кетпеді екен?» деген өкініш өзегімізді өртеді.

Тілейтініміз – келешек ұрпақ адаспаса екен, осылар дұрыс жолда жүрсе екен. Өз басымнан өткеннен кейін немерелерімді елін, жерін сүюге тәрбиелеуге күшімді салып жүрмін. Ал, мына үндеудің де басты мақсаты сол, яғни болашақ ұрпақтың ертеңі жарқын болуы үшін осындай бастама көтеріп отырмыз.

Амангелді ОРАЗОВ, «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының теолог маманы:

Амангелди Оразов (1)

Әрине, көтеріліп отырған мәселе дұрыс. Жабулы қазан жабулы күйінде қалса, мәселе шешілмейді. Қазақта «тәрбиесіз алған білім – адамзаттың қас жауы» деген сөз бар. Әрине, аталған заңның бір жүйеге келгенін қолдаймыз.

Негізі, ата-аналарды үш топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – заңға бағынып, мемлекеттің заңдылықтарын, саясатын толық қолдайтындар. Екіншісі – бейтарап топ. Бұл топқа көбіне дінге жаңа келгендер жатады. Және бір топ – мүлдем заңға қайшы, оны мойындамайды да. Бұл жерде баланы кінәлауға болмайды. Дінімізде қысымшылық жасауға жол жоқ делінсе де, бұның барлығы ата-ана тарапынан балаларға жасалған қысым болып саналады. Өйткені, ол ата-анасының айтқанын орындаушы ғана. Сондықтан, осы жердегі негізгі жұмыс ата-анамен жүргізілуі тиіс.

Үндеуде айтылған тағы бір мәселе – заңсыз неке. Оларға қатысты да тәртіпті күшейту қажет. Сонымен қатар, сәләфизмге де заңдық негізде тыйым салуымыз қажет.

Көтеріліп отырған мәселедегі ең басты тетік – ата-анамен жұмыс. Солардың санасын дұрыс жолға бағыттау арқылы балалардың болашақта адаспауына қол жеткізе аламыз.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Гүлжан ӘМІРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button