Атырауда жанармай бағасы шарықтап кетті
Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын уақытша толық тоқтатуын кәсіпорынның жетпіс жылдан аса тарихында бірінші рет кездесіп тұрғанын, оның өңірдегі жанармай құнына әсер етуі ықтималдығын жазған едік. Әрине, көріпкел емеспіз, бірақ, сол болжамымыз ақиқатқа айналды. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бензин мен дизель отынының күрт қымбаттауына ешқандай алғышарт жоғын айтқанымен, жанармайдың бағасы біртіндеп көтеріліп келеді.
Жалпы, АИ-92 бензині болашақта әр литріне 150 теңгеден сатылатыны туралы бұған дейін сарапшылар тарапынан айтылған-ды. Бірақ, ол кезде жанармайдың бұл түріне мемлекеттік реттеу орнатылғандықтан, оның бағасы бақыланып отырған. Өйткені, осы бензинді сауда орындарына азық-түлік пен күнделікті қажетті тауарларды тасымалдайтын, елді мекендерге жолаушыларды жеткізетін, «Жедел жәрдем», өрт сөндіру мен төтенше жағдайлар көліктері қолданатын. Сол себепті ол әлеуметтік саналған, мемлекет оны назардан шығармаған.
Турасын айтқанда, бұл жұртшылыққа жаққан оң саясат еді. Мұндай жіктеу қалтасы қалың кейбіреулердің қабағына кірбің ұялатқанымен, қарапайым көпшіліктің қолдауына ие болған. Алайда, АИ-92 бензинінің бағасы еркін саудаға жіберілгендіктен жағдай мүлдем өзгерді. Аяқ астынан азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауарлар және ақылы қызмет құны күрт көтерілді. Бизнес иелері мұны ә дегенде-ақ тасымал шығынының өсуімен түсіндірді. Әрине, көзге көрініп тұрған шындықты ешкім жоққа шығармайды. Ал, биылдан бастап, ауыл шаруашылығы техникалары жиі тұтынатын АИ-80 бензині мен дизель отыны бағасынан да шектеу алынды. Олар да барынша қымбаттады.
Осындай оралымсыздық неліктен орын алып отыр? Энергетика министрлігі кезекті қымбатшылықтан кейін қысқа түсінік берумен шектеледі. Турасын айтқанда, сауда нарығына бел шеше араласпай отыр. Мәселен, бұған дейін еліміздегі жанармайды Ресей көліктерінің көп пайдаланатындығы айтылған. Сөйтсек, солтүстік көршімізде бензин бағасы қымбат болғандықтан, олар біздің арзан өнімімізді тұтынады екен. Ілгергідегі жылдары ішкі нарықта жанармай жетіспеушілігі сыртқа тасушылардың салдарынан қалыптасыпты. Бұдан құтылу жолы – өзімізде де өнім бағасын қымбаттату. Демек, бағаны теңестіру керек. Әйтсе де, Еуразиялық экономикалық одақ аясында әр ел өз мүддесін қорғамас па? Жасыратыны жоқ, Ресейде күнкөріс деңгейі жоғары. Бұған екі ел арасындағы валюта айырмасы дәлел. Ендеше, аттылы жаяуды шаңына ілестірер ме?
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жанармай бағасының кенет қымбаттауының кейбір факторлары зерттеліп жатқандығын жеткізді. Бұған дейін еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының күрделі жөндеуге тоқтағаны мәлімденген-ді. Бұл ретте, сөз жоқ, алдымен, Атыраудағы байырғы кәсіп-орын тілге тиек етілгені кәміл. Бірақ, осы өндіріс ошағы жұмысын уақытша тоқтатқан сәтте ішкі нарықта жеткілікті жанармай бар екендігі, ешқандай тапшылық болмайтыны айтылған жоқ па еді? Халықты «жөндеу жұмыстары отын нарығына әсер етпейді, резервуарлар дайын өнімге толып тұр» деп сендірген. Енді ше? Осы ауқымды шара Энергетика министрлігімен келісіліп қолға алынды. Ал, егер атыраулық зауыттың 99 пайыз қатысушысы «ҚазМұнайГаз – Өңдеу және маркетинг» акционерлік қоғамы екенін ескерсек, онда мемлекеттік орган құзырындағы кәсіпорынды қадағаламас па?
Елімізге қажетті жанармайдың 30 пайызы сырттан, негізінен Ресейден тасымалданатыны әуелден айтылып жүр. Мамандардың пікірінше, Атырау мұнай өңдеу зауытында шикізатты тереңдете өңдеу жобасы аяқталғанда, ішкі нарықты сапалы жанармаймен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешілмек. Содан соң бензин мен дизель отыны арзандай ма? Жергілікті жерден шығатын өнімге қол жеткізе аламыз ба? Өзгені қайдам, өзімнің ойымша, бұл да – күрделі мәселе. Турасын айту керек, көне кәсіпорынды жаңғырту ел қазынасына біраз салмақ салды. Өндіріс ошағын одан әрі өркендетуге 1 млрд. 680 млн. доллар қаражат қажет болды. Сондықтан, қытайлық «Эксим банк», жапондық JBIC және қазақстандық даму банкілерін тартуға тура келді. Демек, «алмақтың да салмағы бар» дегендей, қарыз қайтарылуы керек. Ал, оған жеткілікті қаржы жинақтау үшін тұтынушыға ұсынылар тауар бағасын өсіруден басқа амал бар ма? Оның үстіне, еуропалық стандарттарға сай сапалы өнім арзанға түспейді ғой.
Әйтсе де, дүниежүзілік додада «қара алтын» құны кемігенде одан алынатын өнім бағасы да түскенін көреміз. Америка Құрама Штаттарында, Сауд Арабиясында жанармай едәуір арзандаған. Ал, біздегі бүгінгі күннің шындығы – жанармай бағасының тағы да көтерілуі.
* Сіз не дейсіз?
Серік ӘЖІҒАЛИЕВ,
Атырау қаласының тұрғыны:
– Жапондық жеке көлігім бар. Енді соған күніне төрт-бес мың теңгеге бензин құямын. Жанармайдың бастапқы қымбаттауын түсіністікпен қабылдадық. Алайда, қанша жыл өтті, бензин бағасының арзандағанын көрмедім. Қашан тұрақты баға орнығар?
Әсия АСАУОВА,
жеке дүкен сатушысы:
– Ауылдағы кішкене дүкенді ұстап отырмын. Көл-көсір табыс түсірмегенмен, күнделікті тіршілігімізге жарайды. Әрі қашыққа бара алмайтын көршілерім керегін менен алады. Шынын айтқанда, тауарды орталықтағы сауда орындарынан көтерме бағасымен аламын да, аз-мұз тиын-тебен қосып, қайта сатамын. Соның өзі көпшілікке қолжетімді еді. Бензин қымбаттағалы мен де бағаны көтеруге мәжбүрмін. Өйткені, шаһардың бір шетінен екінші жерге келетін көлік шығынын өтей алар емеспін. Қазір «Дина» базарынан Балауса немесе Жұмыскер елді мекендеріне жету үшін такси жүргізушілері 1000-1500 теңге сұрайды.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.