Атырауда жүргізушілер мен автобус жолсеріктерінің жалақысы екі есеге өсті
Жолсеріктер мен жүргізушілердің жалақысын өсірудегі мақсат – қалалық автобустарда электронды билет жүйесінің тиімді енгізілуі. Бұл туралы «Смарт-Атырау» КММ басшысы Әділбек Танкиев мәлімдеді, деп xабарлайды Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Әділбек Танкиевтің айтуынша, биыл қараша айынан бастап қоғамдық көлік жүргізушілері 110 мың теңге орнына 300 мың теңге жалақы алатын болады, жолсеріктер жалақысы 45 мың теңгеден 85 мың теңгеге өскен.
– Бұл шаралар қоғамдық көліктерде жолақы төлеудің электронды жүйесінің тиімділігін арттыру үшін қолға алынды. Жолаушылардың қозғалысын реттеу, тасымалдаушы мекемелер кірістерінің ашықтығы, сондай-ақ, бюджетке салық түсімдерін арттыру – негізгі мақсат. Жалақы барлық тасымалдаушы мекемелердің емес, тек санаулы мекемелердің жүргізушілері мен жолсеріктері үшін ғана өсті, – деді Әділбек Танкиев.
Айта кетейік, қазіргі таңда электронды билет жүйесі 6 автобусқа енгізілді – 2,14,5,12,4,10. 1 және 20 автобустарда жүйе алдағы 1-2 күнде іске қосылады. Жолақы төлеу картасын қаладағы ірі сауда орындарында орналасқан 11 жерден ала аласыз. Сонымен қатар, жалақыны 7 төлем жүйесі арқылы төлеуге болады.
– Біз көлік жүргізу санаты сәйкес келетін жүргізушілерді келісім-шартқа отыруға шақырамыз, – деп толықтырды Әділбек Танкиев.