Атырауда заңсыз казино анықталды
Жуырда Атырауда жасырын казино анықталды. Заңсыздық жасағандар қаланың қақ ортасындағы бұрынғы кинотеатрға тығылыпты. Ақшаның соңына түсіп, делебесі қозғандардың көңілінен шығуы үшін тынымсыз тірлік қылған. Олар басқан іздерін байқатпау үшін барын салған да көрінеді. Алайда, экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері бассыздыққа тосқауыл қойып отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистермен алғаш рет жүздескен облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының жаңа орынбасары Дәулет Ақылбеков бұл келеңсіз көріністің анық-қанығын айтты.
Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға байланысты бүгінде сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр. Біздің департаменттің өкілдері нысанды тексеру кезінде ойын ойнайтын стол, электронды рулетка, теледидар, басқа да жабдықтармен бірге 68 мыңнан астам АҚШ доллары, 18,8 млн. теңге тапты. Құқық қорғау органдары тегеуірінді талап қойып, жүйелі жұмыстар жүргізгенімен, өкінішке орай осындай да жағдайлар кездесуде, – деді Дәулет Ертайұлы.
Қазіргі күні облыста заңсыз букмерлік қызметпен айналысушыларды да анықтау жұмыстары жүруде.
Азамат БАЗАРБАЕВ.