Атырауда қыстық жемшөп қоры жеткіліксіз
Ауыл шаруашылығы басқармасының ақпараттарына назар аударсақ, облыста алдағы қысқа қажетті мал азығының көлемі 567,1 мың тоннаны құраса, соның 540,1 мың тоннасы жеке сектор мен шаруа қожалықтарына, қалған 27,0 мың тоннасы серіктестіктер мен өндірістік кооперативтерге тиесілі екен. Оның сыртында, өткен қыстан қалған 49,2 мың тонна пішен бар. Осыны есепке алғанда, биылғы «Жасыл орақ» науқанында облыс бойынша барлығы 517,9 мың тонна пішен әзірленуі тиіс. Қыркүйектің 7-іне дейін облыста 424,3 мың тонна, ал, тек соңғы бір аптада 33,9 мың тонна мал азығы дайындалыпты.
Құрманғазы ауданында алдағы қыста 51410 мүйізді ірі қара, 177500 қой-ешкі, 18637 жылқы және 4850 түйе қыстаққа түседі. Қажетті мал азығының көлемі – 157300 тонна. Былтырғыдан қалған 8043 тоннаны есептегенде, мұнда 149 мың тоннадан аса жем-шөп әзірленуі керек. Шілде айында өр суының қайта көтерілуі бұл ауданда шабындыққа шалғы салуда елеулі қиындықтар тудырды. Соның салдарынан белгіленген меже 61 пайызға ғана орындалған. Осындағы «Құрманғазы» өндірістік кооперативі мен «Ақжонас» серіктестігі аумағындағы шабындық алқаптың 13257 гектары немесе 62 пайызы су астында қалған.
Сол сияқты, есепте тұрған 18514 бас мүйізді ірі қара, 87735 қой-ешкі, 6220 жылқы мен 3170 түйе малын 201 орында қыстатқалы отырған Индер ауданында 54200 тонна шөп пен 2000 тоннадай құрама жем дайындалуы қажет. Қыркүйекке дейін соның 32 мың тоннасы әзірленген.
Дала өртінің салдарынан шабындық пен жайылымдық алқаптарының басым бөлігі отқа шарпылған Қызылқоға ауданында да 150 мың тонна шөп шабылуы керек болса, қазіргі уақытта 112 мың тоннасы қамтылған. Алты шаруа қожалығы мен бір өндірістік кооперативке жеткілікті жем-шөп қорын жасақтау жөнінде тапсырма берілген.
– Осы жылы 25519 тонна мал азығын әзірлеу межеленсе, 20481 тонна пішенді көршілес аудандардан сатып аламыз. Ал, құрама жемді Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан алуға жұмыстанып жатырмыз. Бұл жөнінде осы облыстардағы іргелі шаруашылықтармен келісім-шарт та жасалынды,-дейді Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәулет Есетов.
Дәулетқали Аруев