Атыраудағы жаңа жобалар
Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізге шетелдік инвесторларды көптеп тарту бағытында біраз жұмыс қолға алынғаны белгілі. Әсіресе, оларға қолайлы орта қалыптастыру үшін қолданыстағы заңдылыққа өзгерістер енгізілуде. Бұл – заман талабы. Мұнайлы өлкенің инвестициялық мүмкіндігін ескере отырып, «Бизнесмен» қосымшасы келешегінен үміт күттіретін бірқатар жобаны жұртшылыққа кеңінен насихаттайды. Танысып көріңіз, мүмкін осы бастама сіздің қаражатыңызды күтіп тұрған шығар?
Әлем алпауыттары көз тіккен Атырау аймағында мұнай-химия кешенімен қатар, өзге де салаларды өркендетуге жағдай бар. Оған облыста жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар айқын дәлел болса керек. Ал, күн сайын өзгеріп, қолданысқа енгізіліп жатқан заманауи технологиялар өндірістің екінші тынысын ашқандай. Соның арқасында отандық бренд те алдыңғы сатылардан орын алды.
- «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы – өңірдің инвестициялық тартымды компоненттерінің бірі. Жалпы аумағы 3,4 мың гектарды құрайтын технопарктің басты мақсаты – құрылыс салу, инфрақұрылым нысандарын пайдалануға беру, мұнай-химия саласын дамыту. Бүгінде мұнда 14 қатысушы тіркелген және Қазақстанның химия саласының дамуына жаңа серпін беретін бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылуда.
Сондай-ақ, мұнда жылына қуаты 500 мың тонна полипропилен, 800 мың тонна полиэтилен, 250 мың тонна бутадиен өндіретін өндіріс ошағын тұрғызу жоспарлануда. Әлеуетті қатысушылар үшін экономикалық аймақта салықтық, кедендік және өзге де жеңілдіктерді көздейтін арнайы құқықтық режім қолданылады.
- Облыста жалпы аумағы 210 гектарды құрайтын индустриалды аймақ құрылуда. Инвесторларға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында қажетті инфрақұрылым мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіледі. Мұнда әлемдік стандарттарға сай заманауи өнеркәсіптік-өндірістік кешендер болмақшы.
- Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамымен бірлесіп, шетелдік инвесторлар, өңір экономикасының түрлі саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыра алады. Оның үлесі 49 пайыздан аспауы тиіс. Сондай-ақ, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация жобаға қажетті жер учаскесін бөлу, энергия және су, жол, байланыс секілді инфрақұрылымдармен қамтамасыз етуге кепілдік береді.
- Аймақта инвестициялық ахуалды жақсарту, шетелдік инвесторлардың қызметіне қолайлы жағдай жасау бағытында «Атырау Innovations» ЖШС құрылды. Мекеменің басты мақсаты – «бір терезе» қағидаты бойынша отандық және шетелдік инвесторларға қолдау көрсету.