Атыраудағы шетелдіктер Наурыз мейрамы туралы ойларымен бөлісті
Наурыз мейрамы қарсаңында шетелдік компанияларда қызмет атқаратын өзге ұлт өкілдеріне жолығып, ұлттық мерекеміз туралы ой-пікірлерін білген едік.
Эльчин БАБАНЛЫ,
«Норт Каспиан Оперейтинг компани» компаниясының жетекші заң кеңесшісі:
– Атырауға келгелі Наурыз – Ұлыстың Ұлы күнін өздеріңізбен бірге қарсы алып жүрмін. Жұмыстас әріптестермен, осында табысқан достармен Жыл басын көтеріңкі көңіл-күймен, ерекше есте қаларлықтай қарсылауды әдетке айналдырдық. Мерекелік алаңда тізілген ақшаңқан киіз үйлер, шырқалған әсем әуезді әндер, ұлттық киім киіп, бір-бірімен көрісіп жатқан үлкен-кішілер, жарқын жүзбен табысқан халықтың қонақжай көңілі мен кең пейілі, алтыбақанда тербелген жастар әдемі көріністер емес пе?!
Барша атыраулықтарды Наурыз мейрамымен құттықтаймын!
Ричард ШЕФЕРД,
«Іскер» концорциумының менеджері:
— Елдің ынтымақты бірлігі мен тату-тәтті тірлігін, болашаққа деген сенімін, ұлттар арасындағы өзара сыйластық пен достық қарым-қатынастардың жарқын көрінісін Наурыз мейрамынан айқын сезініп жүрмін. Бұл күнгі адамдардың көңілі тым ерек болатыны таңғалдырды. Жас та, кәрі де көрісіп, амандық-саулық сұрасады. Олар бір-бірін Наурызбен құттықтап, жақсы тілек айтады. Мейрамда қонақжай қазақтың ақ дастарқаны дәмге толады екен. Мен бұрын аузыма да алып көрмеген ұлттық тағамдарыңыздың дәмін татқанмын. Наурыз құтты болсын!
Икечукву ЭКВУЕМЕ,
«Теңізшевройл» ЖШС-нің заң кеңесшісі:
– Былтыр 22 наурызда Атырау қаласы орталығындағы ұлан-асыр тойға тап болдық. Алаңда көптеген достарымызбен ұшырастық, тіл үйірерлік тағамнан ауыз тидік. Біз Наурыз мерекесі қарсаңында барлық отбасына, достарымызға мықты денсаулық пен бақ-береке, толағай табыстар тілейміз.
Майкл БЭРКЕРИ,
«Болашақ Атырау» ЖШС-нің жоба менеджері:
— Қазақстанда еңбек етіп жатқаныма бір жылдан асты. Наурызды алғаш рет былтыр ұжыммен бірге тойладық. Естен кетпестей әсер алдым. Айналадағы түрлі-түске оранған безендірулер, көшедегі қисапсыз адам, өнерпаздардың сахналандырылған көріністері, жұртшылықтың көл-көсір қуанышы Наурыз мейрамының ерекше екендігінен хабар беріп тұрғандай. Адамдар ешкімнің нұсқау-бұйрығынсыз өздері ән салып, би биледі, ұлттық ойындар ойнады, қуанып-шаттанды.
Ұжымымыз болып кең дастархан басында Наурыз көже ішіп, жақсы тілектерімізді арнадық. Бұл адамдарды жақындастыратын қасиетті мереке екендігіне анық көзім жетті. Биыл да Наурыз мейрамының қызықтарын тағатсыздана күтіп жүрмін.
Лорэн Ракико,
«Теңізшевройл» ЖШС-нің қызметкері:
— Біз Наурыз мейрамын алғаш рет 2013 жылы тойлап, ерекше әсер алдық.
Бұл күні мен өмірімде алғаш рет киіз үйдің ішіне кіріп көрдім. Оның іші маған жылы көрінді, қымбат әрі көркем түс киіздермен және кілемдермен безендірілген еді.
Сол күні қазақтың ұлттық тағамдарымен, бірінші рет шұбат, құрт және қазы-қарта сияқты тағамдардың дәмін татып көрдім. Соның бәрі ұмытылмас керемет әсер болды. Бізге осындай мейрамды бірге тойлауға мүмкіндік ұсынылғанына айрықша қуаныштымын.
Шейла Касснер,
«Теңізшевройл» ЖШС-нің қызметкері:
— Маған Наурыздың мағынасы ұнайды. Өйткені, ол «Жаңа күн» деген ұғымды білдіреді. Бұл мейрам – көктемнің басында жаңа өмір бастау алатындығының, табиғат жаңаруының жаршысы. Қазақстанға тән суық қыс айларымен қош айтысудың тамаша дәстүрі. Исатай-Махамбет алаңында өткізілген мерекелік мәдени іс-шаралар жан-дүниемді елжіретті. Көктемді қарсы алуға асыққан әртүрлі жастағы адамдар қазақтың ұлттық киімдерін киіп би биледі, ән айтты, өлең-жырларын оқыды және керемет саз-күйлерін орындады. Бұл күн – қазақ халқының мәдениетін өз көзіңмен көру үшін берілетін айрықша мүмкіндік.
Бақытжан ЖҰМАТ