Атыраудағы айтыста барлық ақын жеңімпаз атанды (ФОТО)
Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында «Ембімұнайгаз» АҚ құрылғанына 95 жыл толуына арналған «Ембімұнайгаз – қазақ мұнайының қара шаңырағы» атты республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті.
Оған елімізге танымал Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имаш, Жакен Омаров, Нұрлан Мұсаев, Сара Тоқтамысова, Жандарбек Бұлғақов секілді азулы ақындармен қатар, біздің облысымыздың атынан Саадат Нұрманов, Салауат Исахаев, Сырымбек Сарсембаевтар қатысқанын бұдан бұрын да хабардар еткен болатынбыз.
Суырыпсалма сайыпқырандардың өнерін тамашалауға жиналған көрермендер 3,5 сағатқа созылған сөз өнерін залда ине шаншар орынның болмауына қарамастан тапжылмай тамашалады. Бір қызығы, ақындардың өнерін қазылар алқасы емес, жиналған халық бағалаған болатын.
Сөз сайысының қорытындысында барлық ақындар жеңімпаз деп танылды.
Тартысты өткен аламан айтыс соңында «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков сөз сөйлеп, барлық ақындарға мұнайшылардың алғысын жеткізді. Сондай-ақ, айтысқа қатысқан ақындардың иығына қазақы дәстүрмен шапан және қамзолдар жауып, компания атынан «Алғыс хат» табыс етті.
Айтыскерлерге Атырау жұртшылығы атынан да ықылас гүлі тарту етілді.
Айбөпе САБЫРОВА