Атыраудағы 9 жетім баланы өзге облыстың азаматы асырап алды
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті. Онда облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды жұмыспен қамту жайын сөз етті.
– Биыл «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты «Сәтті қадам» жобасы аясында облыс бойынша техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарын бітірген жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 93 түлекті жұмысқа орналастыру бағытында жұмыстар жүргізілуде, – деді ол. – Елбасы тапсырмасына сай, жетім балалар санын азайту бағытында облыста көптеген шаралар атқарылып келеді. Нәтижесінде, Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйі жабылды.
Алайда, бала асырап алу мәселесінде қиындықтар да кездеседі екен.
– Облыстан әзірге бала асырап алушы азаматтар шықпай тұр. Олардың дені бізге сырттан келіп жатыр, яғни өзге облыстардан. Осындай бір азамат тоғыз баланы асырап алып жатыр. Спорт мектебіне де алты бала аттанды. Соның арқасында ғана аталған балалар үйі жабылды, – деді Әлібек Ибатоллаұлы.
Айта кетейік, бүгінде балалар үйінің түлектері колледждер мен жоғары оқу орындарында тегін білім алуда.
Аман ШАМАР.
Сурет автордікі.