Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетҚоғам

Атырауда талантты бард Табыл Досымовтың ұлы Абыл Аяштың ән кеші өтті

Пәлсапашылардың көзқарасына сүйенер болсақ, адам ғұмыры дегеніңіздің өзі қатып қалған қағидалардың тізбегінен немесе шешімі белгілі аксиомалардан тұрмайтын көрінеді… О баста пешенеңе жазған жарық жалғандағы көрерің біреулерге аш ішектей шұбатылған, таусыла қоймайтын мағынасыз күндер керуені болса, енді біреулер үшін кірпік қаққанша өтіп кетер жарықтың жылдамдығындай жарқыл ғана… Мұқағали шайыр айтпақшы, «Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой…» Тірлігіңде кешкен сән-салтанатың бақиға көшкеннен кейін түкке тұрмайтыны несі екен?.. Бар мән-мазмұның артыңда қалған ізің мен жарқын есіміңде ғана жататыны несі екен?.. Расы сол… Жалғыз ақиқаты сол… Өмір дегеніңіз көне мен жаңаның, ата мен баланың, кеше мен бүгіннің, батқан күн мен атқан таңның астаса білуімен жарасымды, сұлу екендігіне ғана дауласа алмаймыз…

????????????????????????????????????

Атырау жұртшылығы осы тұжырымның ақиқаттығына тағы бір мәрте көз жеткізді. Асан биден қалған, Доспамбет пен Қазтуғаннан Махамбетке дейінгі адырнадай тартылған намыс пен рухтың алтын желісінің заңды жалғасы толағай Табыл Досымовтың рухы туған елімен сағына қауышқан күн болды бұл. Егер мына жарық жалғаннан тым ерте өтіп кетпегенінде, ол өзінің елу үшінші жазын қарсы алатын еді. «Астаналық аруға» ән арнаған албырт шағын ұлтының арман-мүддесі үшін құрбан етіп, «Мен қазақпын» деп ширыққан шайырдың тағдыры ащы өкініш пен азапты мұңға толы болғанын жасыра алмаймыз.

Алты ішектен төккен адуын толғаулары мен әдемі лирикалары алты алаштың аспанын шарлап жүрсе де, ол бірде-бір рет шығармашылық кешін өткізіп үлгермеді. Жазмыш тақтасындағы тағдыр-талайының сол қателігін ақынның көзі жұмылғаннан кейін ұлардай шулаған ел қайта-қайта бас шайқап еске алды. Алайда, Табылдың артында оның өнеріне бас иген жас ұрпақ, ізін жалғар інілері және жалғыз ұлы Абыл қалды. Табылды білетіндердің көзіне Алматыда шалқып жүрген шайырдың бозбала күнін айнытпай елестетер жас Абыл әке аманатына адалдығын дәлелдеді. Құрманғазы атындағы киелі мәдениет сарайында «Қыр баласы қол созады аспанға…» атты әдемі ән кешін берді. Атырау облысы әкімдігінің тікелей қолдауымен өткен концерттен соң тұлпардың тұяғымен азғана әңгімелесіп үлгердік.

????????????????????????????????????

– Туған елдің ықыласына ие болған әдемі кеш өтті… Руханияттың басты қасіреттерінің бірі – көптеген ақын-жазушылардың ұл-қыздары әке аманаты түгілі, ана тілінде сөйлеуге шорқақтық танытып жатады. Бұл ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың әлсіздігінен, тәрбиенің кемшіндігінен екендігі аян. Аңызға айналған әкеңмен арадағы байланыс қаншалықты терең болды?

Мен әкемнің үш қызының арасындағы жалғыз ұлы екендігімді бәрі біледі ғой. Тоғыз-он жасқа дейін ойын баласы болдым. Әкем көп бала еркелетпейтін. Мені інісі секілді тәрбиеледі. Рухани әңгімелерді көп айтатын. Осы күні ойлаймын, мүмкін жалғызсыраған шығар… Алыстағы адамдардан гөрі жанындағы мені медеу көрген шығар. Бұл менің ерте есеюіме үлкен әсер етті. Ол менің жанымда ұзақ жүріп үлгермеді. Он төрт жасқа қараған шағымда өмірден өтіп кетті. Бірақ, менен үміт күткенін анық білемін. Өйткені, үйге музыкалық аппаратты әкеліп, маған үйретіп жүрген. Әкем кеткеннен кейін мен оның қара гитарасын ешқашан қаңтарып қоймайтынымды білдім.

– Бүгінгі концерт «Тұңғыш рет –ХХ» атты жобаның аясында жүзеге асты. Осыған дейін Елордамыз Астананың концерт залында, Алматыда, Қарағандыда әдемі кештер өткіздің. Концерттің құрылымы да, бағдарламасы да, залдың безендірілуі де ерекше екен. Жалпы, идея қайдан пайда болды?

Бұл жобаның негізгі мақсаты тереңде жатыр. Әкем қазақтың бард өнерінің тұңғышы ғой. Бардтық өнер қазақта әріден бар деп айтып отыратын. Ол  бастауын сонау жорық жырларынан, Доспамбет, Қазтуғандардан алады дейтін. Шынын айту керек, қазіргі таңда бізде бұл жанрға деген құрмет жоқ. Бардтық жанр – дара құбылыс. Мысалы, Ресейде В.Высоцкийдің, Б.Окуджаваның әндерін эстрада әншілері орындамайды. Сондай-ақ, бард әншілердің де өз кезегінде А.Пугачеваның немесе Н.Басковтың репертуарында жұмысы жоқ. Өйткені, бардтық өнер – жеке жанр. Оны эстрадаға, той әуеніне салу оның жанрлық құнын жояды. Бұл – шындық. Енді Табыл Досымовтың мектебі қалыптасуы керек. Қазір оның әндерін орындайтын өнерпаз жігіттер баршылық. «Талант топырағынан» дегендей, әсіресе, Атыраудан, оның ішінде Дендерден дарынды жастар көп кездеседі. Бұл желісін үзбеуі керек. Егер бардизмді эстраданың өзге жанрларымен будандастыратын болса, онда бұл жанр дамымайды. Мен де әкемнің осы аманатына адал болғым келеді. Жыл аяғына дейін республиканың әр өңірінде жиырма концерт береміз деген жоспарымыз бар. Концертте таза бардтық стильдегі әкемнің шығармалары орындалады.

????????????????????????????????????

– Табыл Досымовтың ұлы болу қаншалықты қиын?

– Мен әкемнен ерте айырылдым. Оның көзі тірісінде көп нәрсені ойламаған да шығармын. Ол кісі дүниеден өткеннен кейін тезірек ес жиюға тырыстым. Табылдың ұлы болу – мен үшін мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік. Қай жерде болмасын «Табылдың ұлы ғой» деп ерекше ықылас танытып жатады. Мектеп бітірген соң Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түстім. Қазір Астанадағы «Қазақконцертте» солист болып жұмыс жасаймын. Әкем өмірден озған соң, оқып жүрген жылдарымнан күні бүгінге дейін әкемнің достары, Атырау облысының әкімдігі үлкен қолдау-қамқорлығын көрсетіп келеді. Жыл сайын фестивальдері, кештері өтіп, кітаптары, ән дискілері жарық көріп отыр. Әкем өмірінің соңғы жылы Атырауда концерт бермекші болып, жобасын дайындап, оның декорация, эскизіне дейін құрылғанның куәсі болғанмын. Бірақ, ол бұл күнге жете алмай кетті. Бір жағынан, мен оның сол арманын орындағым келді. Мен әнші болайын, басқа болайын, Табыл Досымовтың атына ешқашан кір келтірмеймін.

P.S. Атырау төріндегі әдемі кешті зал толы халық тапжылмай тамашалады. Туған ел Табылын сағынған екен. Концерт барысында жаңа ән жинақтың тұсауы кесілді. Рәсімді орындаған Атырау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Өтешов, ардагер журналист Ә.Қайыров, С.Алпатанов тұлпардың тұяғына ақ жол тілеп, батасын берді. Концертте Абыл Аяш әкесінің рухты туындыларын тебірене шырқады. Сондай-ақ, А.Досымов, Ә.Байтанат, А.Нәуешов сынды өнерпаздар ән салды. Талантты әнші Асхат Әмірғалиевтың орындауында Табылға арналған «Толағай» атты (сөзін жазған Н.Өмірбаев, әні Ж.Төлебаев) жаңа ән тыңдарманға жол тартты. Тауға емес, аспанға қол созатын қырдың қайсар перзенті Табыл есімі қазақ тұрғанда ұмытылмайтынына тағы бір мәрте куә болды.

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button