Атырауда талантты актер Ержан Жұматовтың бенефисі өтті
Тіршілікте «қайсарлық» деген ұғымға әркім әрқилы баға беріп жатады. Көңіл өлшемімен, талғам таразысымен… Басым көпшілік атойлаған батылдық пен намысқойлық деген ұғымға ұластыратыны сөзсіз… Бәзбіреулер арман-мақсатының жолында бүкіл саналы ғұмырымен сапарға шығуы, қиындық атаулыны менсінбей мұратына адал болуы деп түсінеді. Актер Ержан Жұматов туралы айтқан кезде, біздіңше екінші түсінік дөп келетін сияқты…
Ол ауыл баласы… Иә, иә… Кәдімгі Дендердің қара топырағына аунап өскен кекілді ұл… Шаңырақтың кенжесі. Әскер қатарынан келген албырт бозбала ару Алматының ауыл шаруашылығы институтының студенті атанған. Алайда, жүрегінің терең түкпіріне құлыптап тастаған бір арман бой бермесе керек… Сабақтан тыс уақытын «Әкемтеатр» сахнасын аңдумен өткізді. Сондағы аңсары не? Болашақ инженер не жоғалтты?
Бұл шынында тағдырдың жазуы еді. Жазмыш дегеніңіздің өзі осы шығар… «Әкемтеатр» қойылымдарын үзбей тамашалап, «менмін» деген сахна саңлақтарымен жақынырақ араласқаннан кейін Ержанның бағыт-бағдары өзінен-өзі айқындалып шыға келді. Тумысынан елгезек, еті тірі жас жігіт оқу бітіріп елге келгеннен кейін де осы арманын әлдилеп, ауыл клубына жетекші болып орналасты. Алматыдан арқалап келген ақ үміті оны облыс орталығына жетеледі. Алғашқы өнер жолында қолдау көрсеткен, үлкен сахнаға қарай демеп жіберген мәдениет қайраткері Қайыржан Махмұтов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Темірболат Қадырғалиевтер еді. Содан бергі ширек ғасырға жуық уақытта ол Атыраудың әйгілі өнер ордасы Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының актері ретінде ірілі-ұсақты көптеген ролдерді сомдап үлгерді.
Ал, оның актер ретіндегі шоқтығы биік ролі «вальс королі» Шәмші екенін айтпай кетуге болмайды. И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық драмасында Ержан өзінің толысқан талант екендігін айқын дәлелдеді.
Жуырда Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театры өзінің белді әртісінің бенефисін өткізді. Сексен жылдық тарихы бар аталмыш өнер ордасы Қазақстандағы іргелі мәдениет ошағы ғана емес, Атырау руханиятының салтанатты сарайына айналғалы қашан… Өз тарихына, тұлғаларына құрметпен қарап, ардагерін ардақтап, жас үмітін үкілеп отыратын театр бұл жолы да өз биігінен көріне білді. Екі сеанстан тұратын бенефисте өнер ұжымының жас-кәрісі аралас барша өкілі атсалысып, әріптеске қошемет көрсетті. Театр фойесіндегі фотозона актердің әр жылдардағы сурет шежіресінен сыр шертіп тұрғандай.
Ержанның ғұмырдариясына арналған деректі фильмнен соң көпшілік А.Чеховтың «Бәс» пьесасынан үзінді тамашалады. Актер репертуарынан алынған көрініс Ержанның өз болмысынан да хабар беріп тұрғандай. Сондай елгезек… Сол аңғалдық пен тазалық… Ұлы классиктің туындысындағы шарасыз банкир ролін ол бар ынтызарымен суреттегені сондай, өз арамыздан оған ұқсас кейіпкерлерді еріксіз іздей бастадық.
Бенефис кейіпкері өзінің сүйікті театрымен бірге өсіп келеді. Махамбет театры соңғы жылдары алыс-жақын шетелдерге гастрольдік сапарлармен жиі шығып келеді. Мәскеуде қойылған Г.Пряхиннің «Тергеу» драмасындағы (режиссері Ж.Телтаев) Эстерлинг, Керчь қаласындағы халықаралық фестивальда қойылған «Медея» трагедиясындағы Креонт патша, Ата Түрік елінде сахналанған М.Отарбаевтың «Баянды бақ» драмасындағы орыс офицері, ақын-драматург Иран-Ғайыптың 70 жылдығына арналған «Мәңгілік елдің Алтын адамы» атты республикалық театрлар фестиваліндегі, ЕХРО–2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі жаңа премьера – Иран-Ғайыптың «Сүйінбай» эпостық драмасындағы Орман хан образдары актер мерейін тасытты.
Шын өнерге бас иіп келген көрермен алдында Шәмшінің монологын оқыған әртіс тағы да тәнті етті. Шәмші образын ашуда, оның қиын да күрделі жан әлеміне сүңгуде Ержанның арқалаған жауапкершілігін айтып жату артық шығар… Әйтеуір, ұлы өнерпаздың бейнесі түр ұқсастығымен де, трагедиясымен де көз алдымызға келе қалды.
Бенефистің қадірлі қонағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Бекжан Тұрыс әріптесін құттықтаған соң, Есенғұл Жақыпбековтың «Алдай-ау» әнін тарту етті.
Жиында сөз алған театр директоры Берік Жәменов өзі басшылық ететін талантты ұжымның тарихына тоқталып өтті. Ержанның актерлық қырына, адамгершілік бейнесіне шолу жасай отырып, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хатын табыс етті. Қонақтар мерейжас иесін арнайы ескерткіш сыйлықтармен марапаттады. Өз сөзін қорытындылаған ұжым басшысы өнер адамына көрсетілетін құрметтің толастамауын тіледі.
Бенефисті әсем әнмен әрлеген театр әртістері Асхат Мұса, Бақытжан Өтеғалиев, Мырзабек Макулов, Архат Мұхамажитов, Нұрбек Съезхандар өнердегі ағаға лайықты қошемет көрсетті. Ержан Жұматовтың бенефисі оның бала көңілді аңқылдақ мінезін, дара талантын, еңбекқорлығын айқындаған сәтті мереке болды.
Кеңес кезеңіндегі әйгілі актриса Фаина Раневскаяның өз естелігінде: «Бірде маған бейтаныс біреуден хат келді. Хатта: «Актер болуға көмектесіңізші» деп жазыпты. Мен: «Саған Құдай көмектессін» деп жауап бердім» дейді. Расы сол. Шын талантқа жаратушыдан басқа жәрдемші жоқ. Еңбексіз дарыныңның алауы ерте өшетіндігі тағы бар.
Ержан Жұматовтың ерекшелігі – ол өзінің арманы үшін күрескен жанкешті актер ғана емес, тұрмыс талқысы мен бақ бәсекесіне ластанбаған жаны таза адам. Оны білетіндер театрдағы тойдан осы бір баға жетпес ақиқатқа қанығып қайтты.
Әлия БЕКЕЖАНҚЫЗЫ