Атырауда Тəуелсіздік күніне орай «Нұрəлем» бөбекжай-балабақшасы ашылды (ФОТО)
Геолог ауылдық округіне қарасты «Мирас» ықшам ауданында 165 орындық «Нұрəлем» бөбекжай-балабақшасы пайдалануға берілді,-деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жаңа балабақша ғимаратының құрылысымен «Гамма S» ЖШС мердігер мекемесі айналысты. «Нұрəлем» бөбекжай- балабақшасы 165 тəрбиеленушіні мектепке дейінгі біліммен қамтиды, оларға арнайы жас ерекшелігіне сəйкес жеті топ ашылған.
Шараға қатынасқан қала әкімі Серік Шапкенов тұрғындарды көптен күткен қуанышты сәттерімен құттықтады:
«Облыс әкімінің атынан сіздерді бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтаймын! Бұл балабақшаның тәрбиеленушілері тәуелсіз Қазақстанның азаматтары, біздің болашағымыз. Ұрпағымыздың дамуы мен өркендеуі үшін барлық жағдайды жасаймыз. Бүгінгі шара соның дәлелі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанда демографиялық құлдырау болжамы болған. Алайда, Президентіміздің сындарлы саясатының арқасында халық саны артты, қазақстандықтардың басым көпшілігі-балалар. Қазіргі таңда біз балалар үшін жақсы тәрбие мен сапалы білім алулары үшін қолдан келгенді аянбаймыз»,- деп атап өтті.
Ашылу салтанатының қызыл лентасын Геолог ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрсынбай Бахтияров пен білім саласының ардагері Ағилаш Халидуллина қиды.
Атап өту керек, балабақша ғимараты 2 қабаттан тұрады. Жалпы ауданы 7 604 шаршы метр. Сонымен қатар, спорт залы мен музыкаға арналған кабинет қарастырылған.
Мереке қарсаңында ашылған аталған ғимарат жергілікті тұрғындарға үлкен қуаныш сыйлады.
Айқара Ғұмар