Атырауда Солтүстік-Каспий жобасының 25 жылдығы аталып өтуде
Бүгін Атырауда Солтүстік-Каспий жобасының 25 жылдығын мерекелеу іс-шаралары басталды, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мерекені атап өту аясында Атырауда «Қашаған- Қазақстанның болашағы үшін» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілді. NCOC басшылығы мен консорциум ұжымы, Қашаған кенорнын алғаш ашқан ардагерлердің алдында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйледі. Жобаның маңыздылығына тоқтала отырып, облыс әкімі Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқыды.
«Бұл жоба Қазақстанның мұнай-газ саласы үшін ең ірі және маңызды жобалардың біріне айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жас мемлекетіміз үшін Каспий қайраңындағы ірі Қашаған кенорнын игеру айырықша оқиға болды. Жобаны іске асыру Қазақстанға шетелдік инвестицияларды, жаңа технологияларды, күрделі теңіз кенорындарын игерудегі әлемдік тәжірибені тартуға мүмкіндік берді. Бұл осы жобаға барлық қатысушылардың үлкен еңбегі. Бұл жұмыс алға қарай да еліміздің экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігі үшін пайда әкеледі деп сенемін», — делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауында.
Облыс әкімі Солтүстік Каспий жобасы бүгінгі күні еліміздің экономикасына айтарлықтай ықпалын тигізіп отырған Қашаған жобасы ғана емес екенін атап өтті.
— Мен бүгінгі ұжымның алдарына қойған міндеттерді толық орындайтынына сенемін. Аз жұмыс атқарылған жоқ, алайда алда әлі де атқарылатын жұмыстар көп. «Нөлдік цикл», қоршаған ортаға ұқыппен қарау, қауіпсіздік техникасының мәселелері – бұл жобаның басында тұрған өзекті міндеттер және күні бүгінге дейін өмірлік маңызды мәселелер. Оларды шешу үшін әлемдік мұнай саласының барлық тәжірибесі мен әлеуетін пайдалану қажет, — деп атап көрсетті Нұрлан Ноғаев.
Қашаған жобасын іске асыру Атырау және Маңғыстау облыстарының аумағында жүргізілуде. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың айтуынша, консорциумның ірі әлеуметтік жобаларды іске асырудағы үлесі айтарлықтай.
— Бұл президентіміздің жобасы, еліміздің, тәуелсіз Қазақстанның дамуына қуатты серпін беретін ірі жоба. Мен жақында Ақтау қаласында өткен Каспий маңы мемлекеттері басшыларының қатысуымен өткен ірі саммитке белсене қатысқаны үшін консорциум басшылығына алғыс білдіргім келеді. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі нақты белгіленіп, қол қойылды. Бұл тарихи оқиға. Саммитті өткізуге сіздің консорциумның қосқан үлесі мол, — деді Ералы Тоғжанов.
NCOC консорциумының басқарушы директоры Бруно Жардэн Каспийдегі кенорындарын іске асыру жөніндегі болашақтағы жобалар туралы айтып берді. Жобаның экономикалық маңыздылығын айтарлықтай арттыратын перспективалық кенорындар бар. Жобаның тарихы мен бүгінгі жетістіктері туралы Қазақстандық мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықов, NCOC консорциумының басқарушы директоры Жақып Марабаев және басқалары әңгімеледі.
Сонымен бірге, конференцияда сөз сөйлеген ҚР Энергетика вице-министрі Мағзом Марзығалиев Каспий қайраңындағы одан әрі ынтымақтастықтың перспективаларын атап өтті. Жаңа кенорындарын ашу инвестициялар салуды, жаңа технологиялар тартуды және жаңа жұмыс орындарын ашуды талап етеді. Бүгінгі күні консорциум шамамен 16 млн тонна мұнай мен конденсат, 5 млрд текше метрден астам газ өндірді, 700 мың тоннадан астам күкірт экспорттады. Бұл Қазақстанның теңіз жобаларын дамытудың бастамасы ғана.
Конференцияның соңында консорциумның бірқатар басшылары, жауапты қызметкерлері, жоба ардагерлері «Қазақстанның мұнайгаз саласының еңбегі сіңген қызметкері» төсбелгісімен, «Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытқаны үшін» медалімен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кетейік, 29 тамыз күні Солтүстік-Каспий жобасының 25 жылдығын тойлау «Қашаған дауысы» вокалды орындаушылардың музыкалық конкурсымен жалғасады. Іс-шара Н.Жантөрин атындағы филармонияда өтеді. Сол күні кешке Сұлтан Бейбарыс атындағы алаңда Атырау тұрғындары мен қонақтары үшін ойын-сауық бағдарламасы басталады. Көрермендердің назарына сурет салудан шеберлік кластары, көше би топтарының өнерлері ұсынылады. Сонымен қатар «Бешикташ» ФК футбол шеберлігі бойынша шеберлік кластары өтеді.