Атырауда шекара бөлімшесін басып алмақ болған ауыл тұрғындары сотталуы мүмкін (ФОТО/ВИДЕО)
Атырау облысының Исатай ауданына қарасты Жанбай селосының тұрғындары 18 қыркүйек күні шекарашыларға шабуыл жасады. Олар шекара қызметкері ескерту ретінде аспанға атылған оққа қарамастан шекара бөлімшесін басып алмақ болған.
Әскери бөлім бастығының орынбасары бір топ сарбаздарымен күнделікті нормативті жүгіріспен заставаға қайтып келе жатқан. Сол кезде әскерилерді «Toyota Land Cruiser» көлігі қасақана қағып өтпек болады. Салдарынан, бір сарбаз жеңіл дене жарақатын алған.
Кейін көліктегілер мен командирдің орынбасары арасында кикілжің басталады. Сарбаздарды қайтарып жіберген әскери командир жергілікті тұрғындармен мәселені шешпек болғанымен, жағдай одан әрі күрделенген. Ақырында, жанбайлықтардан әрең қашып құтылған ол бөлімге жетісімен автоматты алып, ескерту ретінде бірнеше мәрте аспанға оқ атқан. Көп ұзамай әскери бөлім маңына ауыл адамдары жиналыпты.
Бұл ақпараратты Батыс аймағының әскери прокуроры Жанболат Аекенов те растап отыр. Оның айтуынша, оқиға орнына әскери-тергеу бөлімінің қызметкерлері, полиция және аудан прокуроры мен ауыл әкімі жеткен.
– Әскерилердің айтуынша, кейбір ауыл адамдары мас болған. Ал ауыл адамдары оқ атқан әскеридің масаң болғанын айтады. Сол себепті ауыл әкіміне заставадағы әскерилерді дәрігерлік тексеруден өткізуді тапсырдым. Нәтижесінде ешкімнің арақ ішпегені анықталды. Ал кикілжіңге қатысы бар тұрғындардың ішімдік ішкен-ішпегені тексерілген жоқ. Қазіргі кезде осы мәселемен Исатай аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері айналысып жатыр. Қару қолдануға байланысты қызметтік тексеру басталды. Менің ойымша, офицердің оқ атуында негіз бар. Өйткені заставаға шабуыл жасалды, – дейді Жанболат Аекенов.
Әскери прокурор Жанболат Аекеновтің айтуынша, шекарашылардың өз өмірлерін сақтау үшін олардың бұлай әрекет етуінде еш заңсыздық жоқ.
– Қазіргі кезде біз бұл деректі тіркегенімді жоғарыда айттым. Қызметтік тексеріс те жүргізіліп жатыр. Егер шекарашылар оқ атып, ескерту жасамағанда, олар өз қызметтерін орындамаған болар еді, – дейді Батыс аймағының әскери прокуроры .
Жанбайлықтардың хабарлауынша, ашуға берілген ауыл тұрғындары түнгі сағат екіде тараған.
Айта кетейік, Жанбай ауылы Каспийдің жағасында орналасқан. Ал мұндағы заңсыз балық аулаушылар мен шекарашылар арасында осындай қақтығыс жиі болып тұратын көрінеді.
Бүгінде жанжал шығарып, әскерилерді ашық айқасқа итермелеген Жанбай ауылының тұрғындары Қылмыстық Кодекстің «бұзақылық» бабы бойынша жауапқа тартылып жатыр екен.
Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ