Атырауда салафиттік идеологияны ұстанған 28 адам дәстүрлі дінге қайтарылды
Атырау облысы әкімдігінің мәжіліс залында әкімдік жанындағы облыстық терроризмге қарсы комиссиясы аппаратының бейнеселекторлық отырысы өтті. Отырысты облыс әкімінің орынбасары, аталған комиссия аппаратының төрағасы Әлібек Нәутиев ашып, жүргізіп отырды.
Қазіргі күнде облысымызда барлығы – 41, соның ішінде 29 исламдық, үш православтық, екі католиктік, жеті протестанттық діни бірлестіктер тіркелген. Бұларға қоса облыс көлемінде 38 ғибадат үйі жұмыс жасайды. Мұның да 29-ы – исламдық, екеуі – православтық, тағы осыншасы – католиктік, бесеуі – протестанттық. Облыста 57 имам, 18 протестанттық, 6 католиктік, 4 православтық дін қызметшілері жұмыс жасауда.
Үстіміздегі жылы Дін істері басқармасына алты миссионер (біреуі – православ, бесеуі – католик) тіркеліп отыр. Сонымен қатар, облыста діни әдебиет немесе діни заттар сататын 12 сауда орыны жұмыс жасайды. Облыстағы үш намазхананың біреуі – «Дина» базарында, екеуі «Байзар» сауда үйінде орналасқан. Облыстағы ақпараттық-түсіндіру топтары мен «Ақпараттық-талдау орталығы», «Шапағат» қоғамдық қоры теологтары мен психологтарының бұл тұрғыда атқарып отырған қызметтері айтарлықтай.
– Жыл сайын мыңға жуық адамға теологиялық, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіліп, түрмелерде «терроризм» баптарымен жазасын өтеп жатқан адамдармен оңалту жұмысы жүргізіледі, – дейді өз сөзінде облыстық Дін істері басқармасы басшысы Қайролла Көшқалиев. – Мамандарымыздың үздіксіз жүргізген оңалту жұмыстарының арқасында салафиттік идеологияны ұстанып келген 28 кісі дәстүрлі діни көзқарасқа қайтарылды. Бұған қоса, 2015 жылы осындай теріс ағымды басшылыққа алып, шетел асып оқып жүрген 27 тұлға елге қайтарылса, 2016 жылы 17-сі оралды. Ал биылғы бірінші тоқсанда екі студент елге қайтты. Үш жылда 46 адам ортамызға оралып отыр.
Баяндамашының сөзінен білгеніміздей, күмәнді оқу орындарында әлі отыз студент білім алуда. Қазір тағы бір отбасы баласын кері қайтаруға ниет білдіріп, оларға қаржылай көмек көрсету жолдары қарастырылуда екен. Баспа және электронды БАҚ, интернет-ресурстарға сараптама жасау жұмысы тұрақты жүргізілетіндіктен, осы жылдың бірінші жартыжылдығында он сайт, 160-тан астам әлеуметтік желі аккаунттары анықталып, құқық қорғау органдарына олардың сайттарын жабу жөнінде ұсыныстар берілген.
Аталған отырыста облыстық прокуратураның аға прокуроры Ерлан Бахытов, облыстық Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасы басшысы Ғибрат Сүлейменовтар да осы тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндама жасады.
Облыстағы жеті аудан әкімдіктерімен бейнеселекторлық отырыс түрінде өткен басқосуды облыс әкімінің орынбасары, терроризмге қарсы комиссия аппаратының басшысы Әлібек Ибатоллаұлы қорытындылады. «Бізде бәрі жақсы, тыныш деп, қол қусырып отыра беруге болмайды. Терроризм күтпеген жерден, ойда жоқта лап ететін өрт секілді. Әрі ол тек бірлі-жарым мекеменің атқаратын жұмысы емес, бұл іспен көп болып күресуіміз қажет. Байқауымша, аудандарда бұл іс ойдағыдай емес, олар тек баспасөзге мақала берумен ғана шектелуде. Сондықтан алдағы үш айға, кем дегенде, екі шарадан – алты шара жоспарлап, өз ұсыныстарыңызды жолдаңыздар» деген тапсырма берді.
Лиза СЕЙТІМОВА