«Рождество» мерекесі қарттар үйінде аталып өтті
«Сарқыт» қайырымдылық акциясы аясында «Рождество» мерекесіне орай Қарттар үйінде қайырымдылық концерті өтті.
Мұнда орыс, славян, казак қауымдастығының облыстық филиалы және «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің шығармашылық топтары өз өнерлерін көрсетіп, қарттарға қуаныш сыйлады. Шара соңында мерекелік сыйлықтар табысталды. Одан әрі Ресейдің Қазақстандағы Бас консулдығының қолдауымен «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында мерекелік шара жалғасын тапты. Рождестволық мерекені сүйікті ертегілер және мультипликациялық кейіпкерлердің қатысуымен Аяз Ата мен Ақшақар ашты.
Іс-шара барысында орыс халық театры актерлерінің орындауында «Как-то раз под Рождество» спектакль-ертегісінен қойылым көрсетті. «Камелия» би, «Фантазия» вокалдық студиясы және Құдай ана шіркеуі жанындағы жексенбілік мектептің шығармашылық ұжымдары көпшілікке музыкалық бағдарлама ұсынды. Храмның настоятелі, протоиерей Александр атыраулықтар мен қала қонақтарын Рождество мерекесімен құттықтады. Бұл күні «Светоч» славян этномәдени бірлестігі «Тамаша» сауда орталығында мерекеге арналған концерттік бағдарлама ұсынып, балаларға жаңа жылдық сыйлықтарын тарту етті.
Бақытжан ХАМИТҰЛЫ