Жарнама
БілімЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

Атырауда республикалық Жұмекен оқулары өтті (ФОТО)

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында ҚР Мемлекеттік Әнұранының авторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өтті.

ANU_3252

Шараның шымылдығы Атырау облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Әсия Қыстаубаеваның сөзімен ашылды.

ANU_2944

Содан соң, сахна төріне Жұмекен Нәжімеденовтың ұлы, қазылар алқасының мүшесі Мағжан Нәжімеденов көтерілді: «Қымбатты Атырау жұрты! Мен бұл шараға анамның тапсырмасымен келіп отырмын. Өзі сырқаттанып қалғандықтан, дұғай-дұғай сәлемін жолдады. Ұйымдастырып отырған Атырау облысы әкімдігіне, уақыттарын бөліп, осы байқауға төрелік жасаушы әділқазылар алқасына, қатысушы үміткерлерге алғыс айтып, сәттілік тілеймін. Тек бұл ғана емес, қазақ әдебиетінің басқа да көрнекті өкілдеріне арналған шаралар көбейе берсін! Баршаңызға мың алғыс»,-деп тебірене сөйледі.

ANU_2907

Әділ қазылар алқасының төрағасы Мереке Құлкенов екі күнге созылған республикалық байқаудың соңғы, шешуші айналымына қосылатын үміткерлерді атады: «Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы дүниеге келді. Осы мақала аясында бүкіл Қазақстан өз өнеріне, өз әдебиетіне, өзінің бүкіл болмысына қайта қарап, жаңғыртып жатыр. Біз Жұмекен Нәжімеденовті қазақ қашан таниды деп күттік. Міне, танып жатыр. Академик Зейнолла Қабдолов: «Жұмекен — болашақтың ақыны» деп еді. Ол кісі көреген екен. Біз күн сайын, сағат сайын Жұмекенге жақындап келеміз. Амангелді Кеңшілікұлы айтқандай «Жұмекен — Абайдан кейінгі ұлы ақын». Сексенінші жылдары үш романын жазды. Біз қазір ұлықтап жатқан ағаларымыздың біразы сол романдарды лақтырып тастаған, түсінбеген кездер де өтті. «Сюжеттері пышыраған, Мен де жаздым үш роман» деп Жұмекен өзі жазғандай, сонау Қошалақта туған Жұмекен қазаққа үш бірдей роман берді, өлеңдерін былай қойғанда қаншама дастан жазды?! Оларды да қазір ғана танып, біліп жатыр.

ANU_3099

Жұмекен оқулары былтыр бірінші рет өткізіліп еді. Биыл екінші рет өтіп дәстүрге айналып отыр. Жұмекен өлеңдерінің екі жолын жаттап, түсінген адам — үлкен жүректі азамат деуге болады. Қазақстанның әр облысынан келіп, байқауға қатысып отырған жастардың бәрі де Жұмекеннің романдарын оқып, өлеңдерін жаттағанына қуандық Солардың ішінен жеті баланы финалға шығарып отырмыз. Олар — Ақтөбе облысынан Нұрсұлтан Әбжан, Жамбылдық Жұлдыз Молдағалиева, Қызылордадан келген Еламан Әмірғазы, қарағандылық Тұрарбек Бекмұрзаев, Оңтүстік Қазақстан облысынан Ақерке Оспан, Шығыс Қазақстаннан Абылай Мақсұтбек және Атыраулық Сейітжан Құжырбаев»,-деді жазушы Мереке Құлкенов.

ANU_3170

Сайысқа қатысушылар Жұмекен Нәжімеденовтің бір прозалық шығармасынан үзіндіні және бір өлеңін нақышына келтіре орындады.

ANU_3232

Қазылар алқасының шешімімен Ақтөбе облысынан келген Нұрсұлтан Әбжан Гран-Приді жеңіп алды. Бірінші орын — Оңтүстік Қазақстандық Ақерке Оспанның қанжығасында кетті. Екінші орынды Шығыс Қазақстан облысынан келген Абылай Мақсұтбек пен Атыраулық Сейітжан Құжырбаев бөлісті. Үшінші орынға қарағандылық Тұрарбек Бекмұрзаев, қызылордалық Еламан Әмірғазы, жамбылдық Жұлдыз Молдағалиева ие болды.

ANU_2873

ANU_3018

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button